Әлем • 14 Желтоқсан, 2020

БҰҰ: Төрткүл дүниеде төтенше жағдай жариялансын

8610 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гуттериш мемлекеттерге төтенше жағдай жариялауды ұсынып отыр. Саясаткердің айтуынша, қазір елдерде климатқа қатысты төтенше жағдай жариялау арқылы жаһандық жылынудан құтқаруға болады.

БҰҰ: Төрткүл дүниеде төтенше жағдай жариялансын

Бас хатшы бұл мәлімде­месін өткен сенбіде Климат сам­митінде баяндады. 2015 жылы қол қойылған Париж келісімінің бесжылдығына арналған жиында планетамыздың бүгінгі күйі, жаһандық жылыну мен оның алдын алу шаралары талқыланды. Бір күндік саммитке 70 елдің көшбасшылары қатысып, пікір айтып, климатты жақсартуға қатысты ұсы­ныстарын білдірді.

Осыдан бес жыл бұрын Па­риж­дегі саммитте жаһандық тем­пе­ратура 1,5 градус цельсий­ге жоғарылағаны мәлім болған-ды. Бас хатшының айтуынша, сол жиыннан кейін бұл жағ­дай­ға назар аударылмай, көш­бас­шылар тарапынан салғырт­тық танытылған. Сонымен бірге көп­шілік бұған жіті назар аударма­йынша, жаһан­дық апаттың жа­қын­дай беретіні анық. Өйткені ғалым­дар жоғарыда айтылған көрсет­кіштің 3 градус цельсийге де жететінін болжап отыр.

«Адамдардың әлі де плане­та­мызға төнген қауіпті жоққа шығаратыны таң қалды­рады. Дәл қазір апаттық жағдай­дамыз. Сондықтан да бүгін мемлекет басшы­ларынан төтенше жағдай жариялап, көп­шіліктің назарын аударуды сұрап отыр­мын», деді өз баяндамасында А.Гуттериш.

Оның жоспары бойынша, төтенше жағдай ауадағы карбон деңгейін түсіруі керек. Яғни зиянды газдардың бөліну дең­гейін төмендету арқылы карбон көрсеткішін азайтамыз деген сенім бар. Бұған әсіресе  G20 қатарындағы елдерді жауапты деп санайтынын да жасырмады. Өйт­кені бұл елдерде карбонның ауаға бөліну үлесі тым жоғары.

«Біз бұл жағдайды шешуге ұмтылуы­мыз керек. Келер ұрпаққа планетамызды осындай халде табыстай алмаймыз. Бұл саяси тұрғыдан да қате», деді Антониу Гутерриш карбон деңгейін түсіруді ұлт жоспарына әуелден қосып қойған мемлекет басшыларына.

Осы орайда БҰҰ Бас хатшысы барлық елдің 2050 жылға дейін улы газдардың бөлі­нуін азайтуға қатысты жоспар­ды енгізу қажеттілігін ескерт­ті. «Барлық ел, қала, ұйым, бір­лес­тік пен компаниялар плане­та­мызға кесірін келтіретін еш­қандай әрекетке бармауы керек. Барлығы алдымен осыны ескеретін қысқа мерзімді жоспар ұсынсын», деді ол.

Осы орайда ешқандай құры­лымға түсіністік танытылмайты­нын ескертті. Осылайша, авиа­ция, теңіз қатынасы сияқ­ты улы газ бөліну бойынша көш­бас­­­шы салалар да жаңа жоспар мен бұл тапсырманы қарас­тыр­ған жаңа карта ұсынуға мін­дет­телді.  «Бұл жоспар жаңа кәсіп, мық­ты ден­саулық, саламатты инфра­құ­ры­лымға негіз болмақ», деп түйін­деді сөзін  БҰҰ Бас хатшысы.

Аталған саммитті БҰҰ, Бри­тания, Франция, Чили мен Италия бірлесіп ұйымдастырды. Қытай басшысы Си Цзиньпинь да шақыртылған қонақтар қатары­нан табылды. «Қазіргі унилатерализм ортақ тағдыр тұрғанда жақсы­лыққа алып келмейді. Мульти­латерализмге бастау, серіктестікке басымдық беру мен бірлік қана адамзатты құтқарып, планетамызды сақтауға көмектеседі», деп қысқа қайырды Си Цзиньпинь.

Оның айтуынша, Қытай карбон диоксидінің бөлінуін 2030 жылға қарай 65 пайызға дейін азайтпақ. Алайда бұл жиында бұған дейінгілерге қарағанда ешқандай ортақ шешім мен жоспар келісілмеді. Мемлекет басшылары осыған қатысты ойымен бөлісті. Жиыннан кейін Британия бұдан былай улы газ бөлінуі ықтимал жобаларды қол­дамайтынын мәлімдеді. Үкі­мет ендігі кезекте жобаның пай­да­сымен қоса климатқа зиян бол­мауы да ескерілетінін хабарлады.

Сонымен бірге Британия ғалым­дары карбон бөлінуін азайтудың 2050 жылға арналған жоспарын таныстырды. Жоспар тек болжамдар емес, аналитика мен нақты ғылыми пайыммен да­йын­далған. Оған қоса олар ұсы­нып отырған жоспар қар­­жы­­лық жағынан да тиімді. «Бұл жос­­пар әлемді таза сақтап қалу ар­зан екенін көрс­етеді», дей­ді олар. Ғ­алым­дар бұл арқы­­лы жа­с­ыл эко­но­микаға өту бәрі ой­­ла­­ған­дай қым­бат емесін көр­сет­­пек болған. Жаңа жоспар­да пандемия салдары да ескерілген.

Осы орайда айтып өтетін жайт, күні кеше өткен Рефор­ма­лар ке­ңесі отырысында Қазақ­стан Пре­­зи­­денті Қасым-Жомарт Тоқаев та эконо­мика­лық реформалар ең ал­ды­мен адамның өмір са­пасын артты­рып, экологияға қауіп­сіз болуы керегін баса айтты.