Президент • 14 Желтоқсан, 2020

Экономикалық одақтың әлеуеті жоғары

208 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің бейнеконференция форматында өткен кезекті отырысына қатысты, деп хабарлады Президенттің баспасөз қызметі.

Экономикалық одақтың әлеуеті жоғары

Онлайн саммитке Қазақстан Президентінен бөлек Жоғары Еуразиялық кеңестің Құрметті төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев, Армения Республикасының Пре­мьер-министрі Никол Паши­нян, Беларусь Республи­касы­ның Президенті Александр Лука­шенко, Қырғыз Республикасы Пре­­зидентінің міндетін атқа­рушы Талант Мамытов, Ресей Федерациясының Пре­зи­денті Вла­димир Путин, Еу­ра­зия­ эко­номикалық одақ жа­нын­­дағы бақылаушы мем­ле­кет­­тің басшысы ретінде Мол­дова Рес­пуб­ликасының Прези­денті Игорь Додон, шақы­рыл­ған мем­ле­кеттердің басшы­лары есебінде Өзбекстан Рес­пуб­ликасының Пре­зиденті Шавкат Мирзиёев, Куба Респуб­ли­касының Президенті Мигель Диас-Канель, сондай-ақ Еура­зиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович қатысты.

Жиында Еуразиялық эконо­ми­калық одақты дамытудың өзек­ті мәселелері, атап айтқанда, Еура­зиялық экономикалық интегра­цияның 2025 жылға дейінгі стра­тегиялық даму бағыттарының пы­сық­талған жобасы, ұйым аясын­дағы ынтымақтастықтың басым бағыттары, тауар өндірушілердің мүдделерін қорғау үшін жалпы демпингтік, өтемақы төлеу және арнайы шаралар қолдану тетіктерін жетілдіру, сондай-ақ Өзбекстан мен Кубаға Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін беру мәселелері талқыланды.

Қазақстан Президенті өз сөзінде биылғы жылдың бар­лық ел үшін күрделі сынақ бол­ғанын, бірақ Одақ бірлік пен ынты­мақтастықтың үлгісін, ең бастысы, сын-қатерлерге қарсы тұруға қабілеттілігін көрсеткенін атап өтті. Халықтың денсаулығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған маңызды шешімдер жедел қабылданды.

Мемлекет басшысы COVID-19 індетінің тез таралуы, шикізат та­уарлары бағасының құлдырауы, бүкіл әлемде экономикалық белсен­діліктің бірден төмендеуі – осының бәрі одаққа мүше елдердің экономикасына кері әсер еткенін айтты. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының ресми есебіне сәйкес, 2020 жылдың қорытындысы бойынша, әлемдік ішкі жалпы өнім 4,5 пайызға қысқарады. Ал Дүниежүзілік банктің болжамы бо­йынша бұл көрсеткіш дамушы елдерде 2,5 пайызға құлдырайды. Биыл жан басына шаққандағы кіріс көлемінің 3,6 пайызға төмендеуі – ерекше назар аударатын мәселе.

– Сонымен қатар теріс тенденциялар Одақ аясындағы сауда-сат­тыққа әсер етті. Өзара сауда-саттық биылғы 9 айдың ішінде 13 пайызға төмендеп, 39 миллиард долларды құрады. Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен арадағы тауар айналымы одан да көп, яғни 19 пайызға төмендеп, 447 миллиард долларға жетті. Мұның бәрі тиімді іс-қимылдарды жедел рет­теу­ді, өсім резервтерін іздеуді және Ода­ғымыздың экономикалық әлеуетін көрсетуді қажет етеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Еуразиялық экономикалық одақ құрылғаннан бергі кезеңде Қазақ­станның серіктес елдермен өзара сауда айналымы 33 пайызға артты, соның ішінде, экспорт 25 пайызға өсті. Еуразиялық экономикалық одақ елдерінен тартылған инвестицияның жалпы көлемі 6 пайызға дейін артқан. Бірлескен кәсіпорындардың саны 2 есеге көбейіп, шамамен 13 мыңға жуықтады.

Көптеген ел Одақпен ынты­мақ­тастық орнатуға ұмтылуда. Өзбекстан мен Куба Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесін алды. 

– Біз бұл қадамның іс жүзінде өзара тиімді болатынына және жан-жақты экономикалық ынтымақтастықтың көкжиегін кеңейтетініне сенімдіміз. Мұны бірлестігіміздің бүкіл әлемдегі беделінің, тартымдылығының, та­ны­мал­дығының артып келе жат­қаны деп білеміз. Бауырлас Өзбек­стан­мен арадағы сауда-саттық­тың артып, іс-қимылдардың кеңе­юі­нен оның перспективасы зор бола­тынын байқаймыз. Өзбек­­стан­ның Еуразиялық жобаға қаты­суы біздің екіжақты байланыс­тарымызды, сондай-ақ Орталық Азия аймағын­дағы ынтымақтастықты толықтыра түседі деп санаймыз, – деді Мемлекет басшысы. 

Еуразиялық экономикалық одақ­тың 2025 жылға дейінгі страте­гия­­сының бекітілуіне ерекше назар
аудару қажет. Биылғы мамырда Пре­зидент аталған құжаттың дау туғы­затын кейбір тұстары бар екенін ескере отырып, Стратегия жобасын әлі де жан-жақты пысықтау қажеттігі туралы ескерту айтқан болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл ұстанымына қолдау көрсеткені үшін барлық әріптестеріне, мемлекеттер басшыларына ризашылығын білдірді.

– Үкіметтер мен Комиссия Стра­тегияны пысықтау үшін мазмұнды, конструктивті жұмыс жүргізді. Атап айтқанда, бірқатар салада мүше мемле­кеттердің заңнамаларын үйлес­тіруді және біріздендіруді қамти­тын іс-шаралар түзетілді. Үшінші ел­мен екіжақты келіссөз жүргізу кезін­де Комиссияның міндетті түрде қаты­суы туралы бөлім қайта қаралды. Енді Комиссия мүше мемлекеттің өз ұсы­нысы бойынша ғана  келіссөздерге қа­тыса алады. Бұл дұрыс әрі қолайлы әдіс деп ойлаймын. Білім беру және ден­­саулық сақтау салаларындағы ын­ты­­мақтастық пен тұжырымдардың ба­­ғы­­ты да пысықталды. Бұл ретте, атал­ған салалардағы бесжақты ын­ты­­мақ­тастық тек экономикалық бағыт­­та ғана қарастырылды, – деді Прези­­дент.

Сонымен қатар жиын барысында Комиссияның кадрлық құрамын жа­сақтау жөніндегі Қазақстанның ұсы­нысы да талқыланды. Бұл жерде әңгіме комиссия құрамын мүше мем­лекеттердің қаржыландыру  үлесіне қарай бекітуден бас тарту жайында болып отыр. Іс жүзінде барлық бес мем­лекеттің Комиссиядағы азамат­тарының өкілетті жұмыстары олар­дың кәсіби тұрғыдан өсуіне мүмкіндік береді, әсіресе еуразиялық интеграция саласындағы мамандарды даярлауға септігін тигізеді. 

Мемлекет басшысы барлық «нәзік мәселелер» бойынша келісімге қол жеткізілгенін ерекше атап өтті. Бұл елдердің бір-бірінің ұстанымдарын ескеруге және ортақ тіл табуға деген ұмтылыстарын көрсетеді.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыруға, шағын және орта кәсіпорындарды интеграциялық өн­дірістік үдеріске тартуға, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасы мүшелерінің бизнес өкілдерімен бетпе-бет кездесулер өткізуіне бағыт­талған бірқатар ұсыныс айтты.

Президент сөйлеген сөзінде Еура­зиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің экономикалық ин­те­грацияға қосқан нақты үле­сінің, қосымша құнының шынайы көрсет­кішінің бағалау моделін әзірлеу маңызды екенін айтты. 

Қазақстан Президенті мемлекет­тер басшыларының назарын Шы­ғысты біртіндеп әлемдік экономи­калық тартылыс орталығына айналдыратын Қытай мен Азияның өсіп-өркендеп келе жатқанына аударды.

– Азия, шын мәнінде, ХХІ ғасыр­дың аймағы болады. Қазірдің өзінде әлемдік ішкі жалпы өнімнің 28 пайызы осында шоғырланған. Бұл көрсеткіш әлі де өседі. Қазір «шығысқа бет бұ­ру» тренді көлік-логистикалық коопе­рацияға жаңа мүм­кін­діктер ұсы­нады. Біз, яғни Еура­зия елдері өз транзиттік әлеуеті­мізді толық жүзеге асыруымыз керек. Күре жолдардың транс­шека­ралық учаскелерін жаңғырту ісін же­дел­детуді, соның ішінде, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының Ресей Федерациясы аумағындағы бөлігінің құрылысын аяқтап, жаңғыртуды ұсынамын. Бұдан бөлек тауарлардың ішкі айналымының еркіндігін, сондай-ақ үшінші елге жасалатын транзитті қамтамасыз ету мақсатында барлық автомобиль дәліздерін цифр­ландыру үдерісін бастау қажет, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

2021 жылдан бастап Еуразиялық экономикалық одақтың жарғылық орган­дарына төрағалық ету міндеті Бе­ла­русьтен Қазақстанға өтеді. Мемле­кеттер басшылары еліміздің төраға­лығының негізгі басымдықтарын атады. Бұл  – Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты толыққанды іске асыру, кедергілерді реттеу, өзара тиімді іс-қимылдарды және халық­аралық ынтымақтастықты дамыту, Комиссияның кадрлық құ­ра­­мын жасақтау жөніндегі рә­сім­дерді жетілдіру және оның функционалдығы мен жауап­кер­шілігін күшейту.

Қазақстан Президенті сөзінің соңында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара күш біріктіре отырып, алға қойған мақсатқа қол жеткізетініне және еуразиялық интеграцияның мүлде жаңа деңгейге көтерілетініне сенім білдіріп, Президенттерді келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.