Парламент • 14 Желтоқсан, 2020

Құқықтық база жетілдіріледі

255 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті Палата төрағасының орынбасары Асқар Шәкіровтің төрағалық етуімен «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы: халықаралық-құқықтық базаны имплементациялау» тақырыбына арналған дөңгелек үстел өткізді, деп хабарлады Сенаттың баспасөз қызметі.

Құқықтық база жетілдіріледі

Кездесуде халықаралық мін­деттемелерді іске асыру және жалпыға бірдей мойындалған ере­желер мен стандарттарды Қазақстанның құқықтық жүйесіне енгізу мәселелері қаралды.

Халықаралық міндеттемелерді заң шығару процесімен және құ­қық қолдану практикасымен үй­лестіру жөнінде жүйелі шаралар қабылдау қажеттігі атап өтілді.

«Адам құқықтары мен бос­тан­дықтарын қорғау қазіргі заманғы халықаралық қатынас­тарға тығыз байланысты болған­-
дықтын биылғы наурыз айында қабылданған Қазақстан Рес­пуб­­ликасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжы­­рым­дамасы аясында халық­аралық-құқықтық нормаларды им­плементациялаудың маңызы арта түсіп отыр. Тұжырымдама мақса­тының бірі – Қазақстан аза­мат­тарының іс жүзіндегі мүдде­лерін мемлекеттің сыртқы саяса­тының алдыңғы шебіне кө­те­ру болып табылады, ал сырт­қы саясатты дамы­тудың құжат­та көрсетілген маз­­мұны «адам құ­қықтары мен бос­тандық­тарын қорғау саласындағы сын­­дарлы және тең құ­қықты ынты­мақ­тас­тықты нығай­туды» қамтиды», деді Асқар Шәкіров.

Адамзат тап болып отырған қазіргі заманғы қауіп-қатерлер мен осыған байланысты халықаралық-құқықтық тетіктерді жетілдіру қажеттігі талқылау нысанасына айналды. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект – XXI ғасырдың басты технологиясы» халықаралық онлайн-конференциясы барысында болашақта жасанды интеллект технологияларын адам мен оның құқықтарына зиян келтірмеу туралы меморандум жасау мүмкіндігін жоққа шығармады. Мемлекет басшысы атап өткендей, жаңа дәуір­дің табысты болуы біз жаңа тех­нологияға енгізетін адамгершілік деңгейіне байланысты болады.

Төраға орынбасары бұл тұр­ғыда азаматтардың өз құқық­тары туралы білімін және олардың жал­пы­адамзаттық құнды­лық­тар­ды сақтау мәдениетін арттыру ерек­ше маңызға ие болатынын атап өтті.

Сыртқы істер министрі Мұх­тар Тілеуберді кездесудің күн тәр­тібіне сәйкес атқарылған іс­тер­дің ағымдағы жай-күйі туралы ха­бар­дар етті. Мәселен, халық­аралық шарттардың мемлекеттік тізілі­мінде 4093 халықаралық шарт тіркелген болса, олардың 3000-ға жуығы қолданыста болып отыр. Қазіргі уақытта оларды орындалуы жөнінде жүйелі түрде мониторинг жұмыстары жүргізіліп келеді.

Отырыс қорытындысы бо­йынша Үкімет атына ұсынымдар қабылданды.