Нұрлан Нығматулин Тәуелсіздік күнінің барлық қазақстандықтар үшін маңыздылығы, еліміздің осы жылдардағы жетістіктері туралы айта келіп: «Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кемел саясатының арқасында бүкіл әлемге жедел дамушы ел ретінде танымал болдық. Заманға сай білімді, рухты ұрпақтарымыз өсіп келеді», деді.
Сондай-ақ Палата Спикері Қазақстанымыз дүние жүзінің саясаткерлері, өркениетті ел басшылары, әлемдік қайраткерлер бас қосатын сыйлы шаңыраққа айналғанын, бүгінгі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев осы толағай табыстарымызды сақтап, стратегиялық даму бағытын одан әрі жалғастырып жатқанына назар аударды.
Нұрлан Нығматулин депутаттық корпустың елімізді одан әрі жаңғырту бойынша Елбасы мен Мемлекет басшысы қойған барлық міндеттердің орындалуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін қазіргі күрделі жағдайда жұмыстың жаңа нысандары мен механизмдерін енгізгенін атап өтті.
Мемлекеттік және қоғамдық қызметі үшін, еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы ынтымақтастық пен достықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін ІІІ дәрежелі «Барыс» ордені Мәжіліс депутаты Омархан Өксікбаевқа берілсе, «Парасат» ордені Жексенбай Дүйсебаевқа және Дания Еспаеваға табыс етілді. «Құрмет» орденіне Жамбыл Ахметбеков ие болды. Ал «Ерен еңбегі үшін» мемлекеттік медалі аппарат қызметкерлері Нариман Әлғожинге, Ботагөз Ботабаеваға және Клара Мәутенбаеваға берілді.
Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасы аппарат қызметкерлері Айтбек Әліпов, Айгерім Нұржанова және Татьяна Сыздықоваға табысталды.
Сонымен қатар Мәжіліс Төрағасы ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Достық» орденін Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжановқа, ТМД Парламентаралық Ассамблеясының «Парламентаралық ынтымақтастықты нығайту үшін» медалін Әділет министрі Марат Бекетаевқа және Мәжіліс депутаты Сергей Звольскийге табыстады. ТМД Парламентаралық Ассамблеясының Құрмет грамоталарын Әбдіманап Бектұрғанов пен Мұхтар Ерман алды.
Іс-шара барысында Палата Спикері Нұрлан Нығматулин заң жобаларымен тиімді жұмыс істеу және парламентаралық байланыстарды кеңейту үшін мемлекеттік органдар өкілдерінің депутаттық корпуспен өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті.