Іс-шараға бір топ белгілі мәдениет, ғылым, білім, денсаулық сақтау салаларының қайраткерлері, өндірістік сала өкілдері қатысып, оларға Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары, сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ғылым мен техника саласындағы мемлекеттік сыйлық, дипломдар мен төсбелгілер салтанатты жағдайда тапсырылды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында Мемлекет басшысы Қазақстанның дамуы мен өркендеуіне ерекше үлес қосқан қазақстандықтарды мемлекеттік наградалармен және сыйлықтармен марапаттауы игілікті дәстүрге айналған.
«Мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар – бұл сіздердің елімізді әлемдегі дәулетті, парасатты әрі бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдырудағы жасампаз еңбектеріңізге, білімдеріңізге, қажыр-қайраттарыңызға және айрықша құлшыныстарыңызға берілген жоғары баға», деді Қырымбек Көшербаев.
Мемлекеттік хатшы марапат иелерін жоғары мемлекеттік наградаларымен және сыйлықтарымен құттықтап, жаңа табыстар мен жетістіктер тіледі, деп хабарлады Akorda.kz.