Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2020

Ақмолада жылу беру маусымы басталғалы өрт жиіледі

228 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Ақмола облысында кейінгі үш ай ішінде 224 өрт оқиғасы тіркелді. Жылу беру маусымы басталған кезде жеке секторда өрт оқиғасы көбейген, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмолада жылу беру маусымы басталғалы өрт жиіледі

Өрттен келген материалдық шығын миллиондап саналады. Тұрғындардың салғырттығынан 149 өрт оқиғасы болған. Көп ретте пеш және басқа да жылыту құралдарын орнатқан кезде өрт қауіпсіздігі ережелері бұзылған, дейді мамандар. Мас күйінде төсекте жатып темекі шегудің салдарынан өрт шығатын жағдай да кездеседі. Былтыр жылу беру маусымында тілсіз жаудан 15 адам қаза тапқан.   

«2000 жылдан бері мемлекеттік өрт бақылау органдарына жекеменшік үйлерде тексеру жүргізуге тыйым салынған. Департамент мамандары жылу беру маусымы кезінде үгіт-насихат және өрттің алдын алуға қатысты жұмыстарды белсенді түрде жүргізіп отырады. 130 мыңнан астам үйді аралап шықтық», дейді облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Манарбек Шапағатов.

Айтуынша, бұл іске волонтерлер, өңірдің аудиторлық ұйымдары көп көмек көрсетіп жатыр. Үй-үйді аралау кезінде жылыту пештері мен газ баллондарын және электр жүйелерін дұрыс орнатпауға қатысты 20 мыңға жуық өртке қарсы талаптардың бұзылғандығы анықталған.

Сонымен қатар әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына арнайы дабылқаққыштар орнатуға қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Күні бүгінге дейін 2 мыңнан астам осындай құрылғы орнатылған. Жыл соңына дейін тағы да 1 552 дабылқаққыш орнату жоспарланып отыр.