Білім • 15 Желтоқсан, 2020

Көкшетаулық оқушы өнертапқыштар байқауында топ жарды

172 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Көкшетауда Назарбаев зияткерлік мектебінің 4-сынып оқушысы Әлидар Ескендіров республикалық «Голдберг машинасы» желілік отбасылық байқауында бірінші орынға ие болды, деп хабарлайды Egemen.kz.

Көкшетаулық оқушы өнертапқыштар байқауында топ жарды

Байқауға қатысу үшін Ескендіровтер отбасына «Қолды дезинфекциялау – денсаулық кепілі» атты тақырып ұсынылған болатын. Олар антисептик дозаторының батырмасын басатын машинаның жобасын құрастырып шықты.

«Назарбаев зияткерлік мектебінің мұғалімдері хабарласып, байқауға қатысуға ұсыныс жасады. Біз бірден келісім бердік. Байқау инженерлік-техникалық салаға қатысты болғандығына қызықтық. Шеберхана цехына қалқанға тапсырыс бердік. Металл шарларды тауып алдық. Қалғаны –  қолда бар құралдар», дейді жеңімпаз оқушының әкесі Жасұлан Ескендіров.

Жас өнертапқыштың айтуынша, олардың командасы «Күн күркіреу, гүріл және найзағай» деп аталды. Іске қосу кезінде жобаның негізгі бөлшегі саналатын шар қозғалады. Содан соң айналып, найзағайдың күркірегеніндей дауыс шығады. Әлидар мен әкесінің айтуынша, бұл жобаны дайындауға бірнеше күн кеткен.

«Біз олардың бейнероликтерін көрдік. Өзімізге кейбір идеяларды алдық. Өзгерту енгіздік. Идеяны ойлап тапқан – мен, жүзеге асырған – әкем», дейді байқау жеңімпазы Әлидар Ескендіров.

Айта кетейік, робототехникаға қызығушылығы ерте оянған Әлидар болашақта инженер, өнертапқыш болуды армандайды.