Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2020

Елбасы қоры түркістандық балаларға орталық тарту етті

249 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев сауықтыру орталығының тұсауын кесіп, Елбасының еліміздің дарынды жастарын анықтау және қолдау бойынша «Ел үміті» бастамасының жеңімпаздарын марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz. 

Елбасы қоры түркістандық балаларға орталық тарту етті

Нұрсұлтан Назарбаев қорының «Қамқорлық» оңалту орталығы Түркістан облыстық балалар ауруханасының тұсынан ашылды. АҚШ, Италия, Германия, Австрия және Ресей мемлекеттерінен әкелінген 100-ге жуық жаңа құрал-жабдықтармен қамтылған орталық Түркістан облысы мен Шымкент қаласының балаларын қабылдайды. Сауықтыру орталығында «Тіркеуге арналған аудиометриялық модуль» орнатылған. Өңірдегі алғашқы құрылғы жаңа туылған нәрестелерден бастап, гиперкинетикалық сал ауруы және аутизммен ауыратын науқастарды зерттеуге мүмкіндік береді.

ии

Сондай-ақ, бейне-электроэнцефалография кабинеті жұмыс істейтін болады. Бұл ерекше қамқорлықты қажет ететін балалар үшін таптырмайтын мүмкіндік.

Жалпы 500 шаршы метрді қамтитын орталықта  механотерапияға арналған жабдықтар, иппотерапияға арналған s-rider Sky тренажері, «Атлант» нейро-ортопедиялық пневмокостюмі, «Мультистенедер Дженкс», жүруге және аяқ-қолдарға арналған, позициялық жүйелер, монтессори дамытушы тренажерлар жиынтығы мен қолдың ұсақ моторикасын дамытуға арналған ойын терапиясы жиынтықтарымен жасақталған.  

Орталықта білікті мамандар соңғы емдік әдістерді пайдалана отырып нейро-ортопедиялық бұзылулары бар балалар мен жасөспірімдерге кешенді медициналық-әлеуметтік және психологиялық-педагогикалық көмек көрсетіп, сауықтыру шараларын жүргізеді. Мамандардың барлығы арнайы даярлықтан өткен. Оңалту курсы – 21 күн. Мұнда жылына 360 баланы сауықтыру жоспарлануда. Ерте даму орталығындағы кешенді емі мүмкіндігі шектеулі балалардың әлеуметтік және ақыл, дене жағынан дамып жетілуін қалыптастыруға септігін тигізеді. Атап айтқанда, қозғалыс пен сөйлеудегі көрсеткіштерін қалпына келтіруге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ орталықтық ашылуы іс-шарасы барысында облыс әкімі «Елбасы медалі» бойынша бес бағытта көш бастаған оқушыларға марапаттарын табыс етті. Сарыағаш ауданының оқушысы Марғұлан Әділбек, «Мың бала» ұлттық олимпиадасының жүлдегері, Жетісай ауданының  «Дарын» мектеп-интернатының оқушысы Өтелбай Дәуірхан, Шымкент қаласындағы ер балаларға арналған лицей-интернатының оқушысы Шерхан Жамбеков арнайы медальға ие болды.