Аймақтар • 15 Желтоқсан, 2020

Ақмоладағы құс фабрикасында жылына 56 мың тонна өнім өндіріледі

141 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2018 жылы «Макинск құс фабрикасына» Еуропаның қайта құру және даму банкі, «Бәйтерек» xолдингінің еншілес ұйымдары 35 миллиард теңге инвестиция құйған болатын. Құс фабрикасы жылына 25 мың тонна құс етін өндірсе, енді өнім көлемін екі есеге ұлғайтпақ, деп хабарлайды Egemen.kz.

Ақмоладағы құс фабрикасында жылына 56 мың тонна өнім өндіріледі

Құс фабрикасы дамуының үш кезеңі межеленді. Нысан «Айтас.кз» холдингінің құрамына енеді. Холдинг Ақмола облысымен қатар, Шығыс Қазақстанда да құс өсіреді. Алматы облысында бройлер жұмыртқасын өндіру жоспарланған. Осылайша, отандық кәсіпорын құс еті өндірісінің толық цикліне қол жеткізуді көздеп отыр.

«Зауытты дамытудың екінші кезеңі жүзеге асырылды. Бұл өнім көлемін 25 мың тоннадан, 56 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Екінші кезеңі аясында 4 бройлер өсіру кешені салынды. Оның әрқайсысында 12 корпус бар. Әр корпустың аумағы 2 мың шаршы метр», дейді Макинск құс фабрикасының директоры Евгений Проскурин.

Кәсіпорын қуатының еселенуіне орай құс азығын әзірлеу цехы, құс етін өңдеу орны қайта жабдықталды. 570 жаңа жұмыс орны ашылды. Осылайша, жұмысшылардың жалпы саны мың жарымға жетті. Құс фабрикасының екінші кезеңін іске асыруға 13,7 млрд теңге инвестиция жұмсалған. Оның 11 млрд теңгесі «Қазақстанның даму банкі» ұсынған несие.

Орталық Азиядағы ең ірі құс фабрикасы үшінші кезеңінде өнім көлемін 100 мың тоннаға жеткізуді жоспарланған. Қазір еліміздегі кәсіпорындар құс етімен ішкі нарықтың жартысын қамтамасыз етіп отыр. Ал қалғаны сырттан келеді. Макинск құс фабрикасы толық қуаттылығына жеткенде, нарықтағы отандық өнімнің үлесі 80 процентке өспек.