06 Желтоқсан, 2013

Тарихтың өзі таңдаған тұлға

885 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Тарихты тұлғалар жасайды. Ал мемлекет сол тұлғаларды құрметтеу, дәріптеу арқылы идеологиялық діңгегін бекемдейді. Қазақтың тарихында елі үшін туған ерлер көп. Ту түбінде тулап өткен батырларға, би-шешен, хан мен көсемге кенде емеспіз, шүкіршілік. Еліктеп өсер, өнеге алар тұлғаларымыз кеше де болған, қазір де бар. Әрине, тұлғаға тарихтың өзі таңдау жасайды. Олар ерлік көрсетіп, елге сыйын арттырайын деп ойламайды, тағдырдың жазуымен, ел қамы үшін ел тізгінін қолға алады. Осындай тұлғалардың бірі де бірегейі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Бәріне Елбасының өткерген тағылымға толы өмір жолы куә.

Тарихты тұлғалар жасайды. Ал мемлекет сол тұлғаларды құрметтеу, дәріптеу арқылы идеологиялық діңгегін бекемдейді. Қазақтың тарихында елі үшін туған ерлер көп. Ту түбінде тулап өткен батырларға, би-шешен, хан мен көсемге кенде емеспіз, шүкіршілік. Еліктеп өсер, өнеге алар тұлғаларымыз кеше де болған, қазір де бар. Әрине, тұлғаға тарихтың өзі таңдау жасайды. Олар ерлік көрсетіп, елге сыйын арттырайын деп ойламайды, тағдырдың жазуымен, ел қамы үшін ел тізгінін қолға алады. Осындай тұлғалардың бірі де бірегейі – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Бәріне Елбасының өткерген тағылымға толы өмір жолы куә.

Бүгінде өнердің әр саласы Елбасының ғибратты өмірін өзек етіп, жан-жақты зерделеп көрсетуге ұмтылуда. Бұл тақырыпты игеруде қазақ киносы да  бірқатар деректі-көркем туындыларды жұртшылық назарына ұсынды. Жақында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ ғұмырбаяндық деректілігімен, көркемдік мазмұны астасқан Елбасы жайындағы тағы бір кезекті фильмнің тұсауын кесті. Көптен күткен фильмнің жарыққа шығуы қазақ кино тарихындағы елеулі оқиға екені рас.

Елбасының шығармалары желісі­мен түсірілген «Елбасы жолы» кино­эпо­пеясының «Отты өзен», «Темір тау» атты екінші және үшінші фильмдері Мемлекет басшысының Теміртауда өткен жастық шағы мен алғашқы еңбек жолын бастаған өмір кезеңдерін суреттейді. «Елбасы жолы» атты ғұмырнамалық фильмдер циклы Президенттің балалық шағынан түсірілген «Балалық шағымның аспаны» фильмінен бастау алады. Өмірден алынып, шынайы оқиғалардан құралған бұл картинада тарихи тұлға ретінде қалыптасу барысындағы бас кейіпкердің бала арманы, алғашқы табыстары мен үміті туралы баян етіледі. Естеріңізге сала кетсек, бұл фильм 2011 жылы прокатқа шығып, көрерменнің ерекше ықыласына бөленген болатын.

Кезекті фильмнің бір ерекшелігі, ол бүгінде әрбір қазақстандық үшін етене таныс бола бастаған тарихи оқиғалардың тізбегінде жасалғанында. Әдетте, көркем фильмнің астарында авторлық ойдың шығармашылық образдарына қатысы көрініс беріп жатады. Ал мына картинада бәрі керісінше, ол өмірде болған нақтылы оқиғалардың негізінде өрілген. Осы тұрғыдан келгенде, фильмнің Елбасы шығармаларының желісінен шықпай, өмірдегі шындықты өнердегі кескінге айналдыра білгені анық байқалады. Содан да болар, ондағы кез келген оқиға мен эпизодтар көрерменді бейжай қалдырмайды. Жалпы, эпикалық құлашта түсірілген картинаны тебіренбей отырып көру әсте мүмкін емес. Картинадағы актерлердің шынайы ойынына, режиссер мен актер арасындағы тығыз байланыс нәтижесінде өрбіп отырған оқиға желісіне сенесің. Актерді экран арқылы оқи аласың, үлкен пландар арқылы режиссер өз ойын шебер жеткізе білген, пландардың ауысуы, ракурстар, жарық пен монтаж, дыбыстың өзіне тән драматургиялық шешуші сәттері фильмді тұтастандырып, кадраралық ритмді құрайды. Осы тұста картина режиссері Рүстем Әбдірашевтің өз ісін жоғары деңгейде атқарып шыққандығын және де кәсіби деңгейдегі маман екендігін дәлелдей түскендігін айта кетуіміз керек.

Фильмде кеңес өкіметі тұсындағы өмір сипатын, ұлттар достығын, қарапайым еңбек адамдарының өмірін, сол кездегі жастардың өмірге деген талпынысын, олардың күйініші мен сүйінішін, өмір үшін күресте қайсар да, жігерлі адамдардың қашанда жеңіп шығатынын режиссер көрерменіне дәйекті жеткізе білген.

Өмірден алынған оқиғасы өрбіген сайын ширығып, ұдайы динамикалық серпінмен дамып отыратын фильмнің мазмұны да барынша бай. Фильм кеңес өкіметі тұсындағы 1950-1960 жылдар кезеңіндегі оқиғаларды қамтиды. Бас кейіпкер Сұлтанның Теміртау қаласындағы металлургиялық зауытқа жұмысқа баруы, сол жерден Украинаға оқуға аттануы, Днепродзержинскідегі оқуын аяқтап, Теміртау қаласындағы зауытқа қайтып оралып, еңбек жолын бастауы фильм сюжетіне арқау болған.

Енді фильмнің басты кейіпкері Сұлтанның болмысына тоқталып өтсек. Жасынан алғыр, өжет, оқу-білімге жаны құмар Сұлтанның әке сөзін тыңдап, өзі бала жасынан армандаған ұшқыштың оқуына түсіп тұрып, бармай қалуы — Сұлтанның әзиз әке көңілін қалдырғысы келмегендігінен болған амалсыз шара еді. Әкесінің «Қай қаласында болса да, Қазақстанның бір жерінде туыңды тіккенің дұрыс болар еді» деген емеурінін айтқызбай ұққан Сұлтан әке тілегін екі етпей орындады. Өз еркімен Теміртау қаласына аттанып, ешбір қиындықтан тайсалмай, қайнаған қара жұмыстың бел ортасынан бір-ақ шығады. Мұның өзі де оның ұлағатты ұл ғана емес, бірден батыл шешім қабылдай алатын ерік-жігер иесі екендігін дәлелдей түседі. Біраз уақыттан кейін комсомолдық жолдамамен Украина қаласына аттанады. Бұл жерде де алғыр да зерек Сұлтан оқуда бірден ұстаздарының көзіне түсіп, үздік шәкірт атанады. Осылайша, көп ұзамай оқуын аяқтап, Теміртау қаласындағы еңбек жолын бастайды. Қандай қиын жұмыс болмасын алдыңғы қатардан көрінеді. Қашанда намысқа тырысып, алға ұмтылады. Бүкілодақтық жастар сьезіне делегат болып сайланып, Мәскеуге де барып қайтады.

Сара есімді қызға ғашық болу оқиғасы қызықты бейнеленген. Ғашық жігіт сүйгені үшін бәріне де дайын. Тіпті, ол үшін хорға жазылып, би де билейді. Мұнысы бекер де болған жоқ. Ұнатқан қызы өмірлік жарына айналады. Шаңырақ құрып, сәбилі болады.

Сұлтан достықты қадірлей білетін, жақындары үшін жанын да аямайтын ержүрек жігіт. Зауытта болған жарылыста Бикош есімді досын аман алып қалу үшін жанұшыра жігіріп, қалың өрттің ішіне еніп кетеді. Аурухана төсе­гіне таңылған досын көргенде жаны қиналады. Ал, жұмыскерлердің әлеумет­тік жағдайының жасалуы үшін батыл қадамдарға барып, басшылардың алдында жасқанбастан өз талаптарын қояды. Халықтың сөзін төменде отырып жеткізе алмайтындығына көзі жеткенде олардың құқын қорғау үшін парткомитеттің хатшысы болуға келісімін береді. Бұл жолда Сұлтанды саясат, мемлекет ісі, ел болашағы жолындағы атқарылатын қабырғалы істер күтіп тұрған еді.

Фильм қазіргі заманғы ең озық тех­никалық жабдық-жарақтармен түсірілген. Сондықтан лента өте сапалы шыққан. Бұл ретте қоюшы-операторлар Александр Плотников пен Сапар Койчумановтың жұмыстарының жоғары кәсіби деңгейден көрінгенін де айта кетуіміз керек.

Фильмнен түйгеніміз, біздің ұлан-байтақ елімізді бала жасынан жеті өнерді жанына серік етіп өсіп, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып жетілген ұлы тұлға басқарады. Осының бәрі, айналып келгенде, адамды айрықша мақтаныш сезіміне бөлейді. Өсіп келе жатқан бү­гін­гі ұрпаққа, ел болашағы жастарға Елбасының жүріп өткен жолы өмірлік бағыт-бағдар, үлгі-өнеге болуы тиіс.

Әдетте, тұшымды түсірілген фильмді жұрт бір көрумен шектеліп қалмайды. Қайталап тамашаласа, жалықтырмай жәмиғатты өзімен ілестіре әкететін осындай рухани құндылықтың құрамына тағы бір татымды туынды келіп қосылды. Бұл фильм кім-кімнің де есіне жалындаған жастық шағын түсірері хақ. Ендеше, жақсы дүниені көрмекке, көріп, жақсы баға бермекке асығайық, ағайын!

Смағұл Елубай,

жазушы. 

 

Соңғы жаңалықтар