06 Желтоқсан, 2013

Ұрпақтан артық қандай байлық бар?

420 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Бірақ сол ұрпақтың шырылына қарамай, 10 мыңға жуығын шетелге беріп, шерменде болып отырмыз

«Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында Отан жастарына: «Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда. Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзентісіңдер», деп еді. Өткен қазан айында болған «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезінде жас­тар ісіне салғырт қарағандарды: «Бір жыл бұрын «Жас Отанның» екінші съезінде мен жастармен жұмысты күшейтудің кешенді бағдарламасын ұсындым. Бірақ, ашығын айтайын, менің тапсырмамның орындалуы жартыкеш жүруде», деп сын тезіне алды.

Бірақ сол ұрпақтың шырылына қарамай, 10 мыңға жуығын шетелге беріп, шерменде болып отырмыз

«Мемлекетіміздің діңгегі – қазақ халқы. Ел де, жер де – қазақтікі. Ел болудың ұяты да біздің жұрттың мойнында», деген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стра­тегиясында Отан жастарына: «Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда. Сендер тәуелсіз Қазақ елінің перзентісіңдер», деп еді. Өткен қазан айында болған «Нұр Отан» партиясының кезектен тыс ХV съезінде жас­тар ісіне салғырт қарағандарды: «Бір жыл бұрын «Жас Отанның» екінші съезінде мен жастармен жұмысты күшейтудің кешенді бағдарламасын ұсындым. Бірақ, ашығын айтайын, менің тапсырмамның орындалуы жартыкеш жүруде», деп сын тезіне алды. 

Шынында, жоғары биліктегі жайбасарлық, немқұрайдылық, өзгеге сілтей салатын сылқым жүріс, көп жағдайда атқарған істен бітіретін жұмыстың көп екенін көрсетіп отыр. Біз оны Мемлекет басшысының ағымдағы жылдың 11 қазанындағы Үкімет отырысында берген тапсырмаларынан, араға уақыт салып барып, ол туралы не бітірдіңдер, қорытындысы қайсы деп нәтижесін қатаң талап етуінен көріп отырмыз. Бұрын мұндай алқалы жиындарда айтылған Елбасы тапсырмасына кейде салғырттық танытып, тіпті, ұмыттырып жіберіп, ескі әуенге басатын кезіміз аз болмайтын. Бұл жолғы талап талай шенді мен шенеуніктің есін кіргізіп, жинақы жұмыс істеуге жұмылдыра бастады. Еркіндік еркелік емес екенін тамшылаған маңдай тер арқылы дәлелдеу керек болып тұр.

Ел болғаннан кейінгі санаулы уақыттан соң айтылып келе жат­қан бір күрмеуі қиын мәселе бар. Қа­рапайым жұртшылықтан бас­тап, қа­ламгерлер мен журналистер, депутаттар жа­ры­са жазып, жамырай тілге тиек етіп жүр­ген ол түйткіл – шетелдерге бала беру мәсе­лесі.

Мәселен, 2001 жылы шетке кетіп жатқан бейкүнә балалардың санын ешкім нақты білмеді. Бір деректе 1999 жылы 758 жеткіншек сыртқа кеткен делінсе, ол туралы Әділет министрлігі – 937, Сыртқы істер министрлігі 158 деген мәліметті алға тартты. «Бұл қалай, мал емес бала санына жетпеу не масқаралық?» деп сол кездегі Мәжіліс депутаты Уәлихан Қалижан Бас прокуратураға сұрау жолдап: «Мына деректің қайсысы ақиқат, қайсысы жалған?» деп шыр-пыр болды. Бірақ сұрақ жауапсыз қалды. Билік басын бүркеп, үйдей дауды естімеген сыңай танытты. Олар үшін бала тағдыры көк тиындай көрінді. Өз отбасы аман, өзгені қайтеді. Біз жетімдер жайын, депутат сауалын «Егемен Қазақстан» газетіне бердік. Одан да пайда болмады. Ақыры «Балам дейтін жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын» (А.Байтұрсынұлы) деп «із кесушілер» қатарында айласыздық таныттық.

2006 жылы америкалық «әке» Альберт Сайнс дегеннің 10 жасар қазақ қызына жасаған айуандық әрекетін айтып, біраз шуылдастық. Мұхтар Әуезовтің: «Қазақ теріс мінезін өзі істеген ісінің қатесі шоқпардай болып, өз басына тисе түзеледі», деген сөзін мысалға келтіріп, енді бір жауап болатын шығар дегенбіз. Жазған құлда жазық жоқ деп ұлт ұрпағы үшін жанын шүберекке түйген Уәлихан Қалижан тағы да Бас прокуратураға сауал жолдады. Мәжіліс депутаты Қайрат Шалабаев жетімдердің әрқайсысы 20-25 мың АҚШ долларына тауар ретінде сатылып жатқанын ашына айтып, дабыл қақты. Сенатор Светлана Жалмағамбетова шетке кеткен же­тім­дердің ұзын саны – 5017, оның 4500-і АҚШ-тың еншісінде екенін на­зар­ға салды. Биліктегілер мұны да құ­лақтан асырып жіберді. «Арындап, адымдап қайда бармақсыңдар бастамашы, ағайындар» деген кейіп танытты. Бұдан кейін тағы бір дүрбелең бас­талып, Уәлихан Қалижан, Амалбек Т­шан бастаған халық қалаулылары әр жетім шетелге 50 мың АҚШ доллары көлемінде «белдеріне белбеу жарасып» кетіп жатқанын жұрт талқысына ұсынды. Олар байтақ жерге ие, отандастардың ұрпағын бұлай шашыратуға болмайтынын қанша айтқанмен, тиісті орындар тыңдай қоймады. Амалы таусылған жамағат айласы құрып, қала берді. Бұл қасіретті алғаш баспасөзде кө­тер­ген азаматтың бірі кезінде Мәжі­ліс депутаты болған Әкім Ысқақ екенін де еске сала кетсек дейміз.

«Бұл қалай сонда?» дейтін адам табылса оның тамыры тереңде еді. Астарында ел, ұлт мүддесі емес, жеке бастардың, оның ішінде тіс бата қоймайтындардың «интересі» болды-ау шамасы. Бұған жоғарыдағы мүйізі қарағайдай депутаттардың, сенатордың айтқанының айдалада да қалуы дәлел болса керек. Егер: «Жұрт ісіне жаны ашып, жұрт намысына қаны қызатын қазақта адамдар аз болады. Себебі, жұрт жұмысы деген қазақтың әдетінде болған емес. Өзге жұрттан оңаша жүріп, қазақ басқа халықтармен бәсекелесіп жарысқа түскен жоқ. Сондықтан, жұрт намысы, ұлт намысы деген сөз қазақтың көбіне түсініксіз нәрсе. Отбасына келерлік бәле болмаса, жұрт басындағы бәлені ойлап уайымдамайды. Қуанышы, қайғысы отбасынан аспайды. Ұлт намысы дегенді қазақтың көбі екі ауылдың, екі топтың я екі рудың намысы деп ұғады» деген Ахмет Бай­тұрсынұлының аталы сөзіне жүгінсе, ұл мен қызын шетелге қаң­ғытпас еді ғой. Көтерілген мәселеге, келтірілген деректерге тиісті мекемелер жауап беріп, бұл ақылға қонбайды екен деп ақиқат алдында ақталып, шынайы шешім шығарар еді.

Не керек, содан бері өмір ағысы жал­ға­сумен келеді. Елдік іс ілгері баса келе мұн­дай қасірет айылын жияр, ұлт ұрпағы өз жұр­тын­да қанаттанар, сөйтіп, түйілген қабақ жазы­лар, жабырқау көңіл сергір дегенбіз. Бірақ осы уақытқа дейін: «Бұл не өзі, рас сөз бе, әлде жалған ба?» деп тиісті адамдар тіл қата қоймады. Жалпы, шетелге бала жіберу «науқаны» тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ бел алған. Біз ел болдық деп дүркіреп жүргенде, жылан бауырлап келген жылмақайлар жер байлығымызға қоса, өздерінде демігіп қалған демография­сын оңалту, халық сапасын арттыру үшін қараусыз қалған сәбилерді, жетімдерді суық қолдар арқылы әкете бастағаны белгілі. Тіпті бұл іспен айналысқан фирмалардың саны ондап саналғанынан да хабардармыз. Осы қиын түйін мәселе 1998 жылы «Неке және отбасы туралы» Заң қабылданып, 1999 жылы іске қосылған соң ғана айтыла да жазыла бастады. Оның алдындағы аласапыранда қанша бала сыртқа кетті екен? Олар қазір сұраусыз. Бір жылдары ғайыптан пайда болып: «Мен де қазақ едім. Егіндеріңе түскендей, ойланбай қаңғыртып жіберіпсіңдер ғой. Мұндай қатыгездік қандарыңа қай­дан дарыған. Сендерге ел қорғайтын ұрпақ емес, қалтаңды томпайтатын тиын-тебен қымбат болған-ау!» десе үнсіз қаламыз ба, әлде арды аттай салып, «Уақыт солай болды ғой!» деп жалт береміз бе.

Есепке алғаннан бері шетке кет­кен бала саны он мыңға таяп қа­лыпты. Қайталап айтамыз, қанша уәж келтіріп, ақталсақ та бұл жан шошытар мәселе. Мұны біраз жылдан бері қозғау үстіндеміз. Кезінде «Шырылдаған сәбиің жатқа кетті», (2000 жыл), «Жетімдерді жерге қараттық», (2001 жыл), «Шетке кеткен жетімнің обалын кімнен сұраймыз?» (2002 жыл), т.б. деп мәселе көтердік. Құдайға «қараған» фирма өкілдері: «Бұл шырылың негізсіз, азат елдің жетімдеріне, жарлы-жақыбайларына қол созып, ауру-сырқауларына, кем-кетіктеріне жақсылық жасап жатырмыз, 18 жасқа толғанша бағып-қағамыз, одан кейін кіндік қаны тамған елінде, болмаса қанатын қатайтқан мемлекетте тұру жетімдердің өз қалауларында, еш қысым болмайды», деген өз уәждерін алға тартты. Бірақ жеріміз байтақ болғанымен халқымыздың аздығын, байлығымыздың молдығын айтып қоймаған соң, 2001 жылы мұхит асқан балалардың «гүлденген» тыныс-тіршілігімен таныстыру ниетімен олар АҚШ-қа сапар ұйым­дастырды. Бардық, көрдік. Бес қол­дың саласындай жат жұртта жүрген ұл мен қыздың мұңды жанары, қан тартқанда қолыңнан ұстап, жат тіл­де көтер деп емеурін танытқан соң, көтерсең мойныңнан құшақтап, бетіңе бетін тигізгенін көріп, көңі­ліміз бұзылып, көп жүре алмай, «Бұл не сұмдық?» деп қабырға қайысып, екі айлық сапарды екі аптада амалсыз аяқтап елге қайтқанбыз. Олардың жүрек түбінде көк бөрінің ұлыған үні барын іштей сездік. «Кеселді» деген баланы кездестіре алмадық. Кез келген хирург емдейтін қоянжырық бір баланы көзіміз шалды.

Келгеннен кейін, «Шетке кет­кен­нің бәрі Бейбарыс емес, күні ертең «Осындай дар­қан елде, байтақ жерде тұрып, бізді неге мұхит асыр­дыңдар, көз жасымыздан қалай қо­­рық­падыңдар, ұлтсыздықпен уланған жат сана үшін сендер жауап бересіңдер!» деп жүрмей ме?» деген ойды арқау етіп мақалалар топтамасын жаздық. Соның бірі «Шеңгел де өз жерінде дүрілдейді» деген ат­пен жарық көрген. Артынан «Ар таза­лығы бар тазалықтан биік қой, ар тазалығына жүгінейік», деп 2004 жылы «Ар алдында...» атты кітап та шығардық.

Бір ғажабы сол, АҚШ-қа барған сапарда бала асырап алғандар біздің Отанымыздың белгілі әйелдері мен еркектерінің амандығын тілеп отырғанына куә болғанымыз бар.

«Түзу қалам қисайған, өткір қалам мүжілген» (Ә.Бөкейханов) күйде жүретін едік. Биыл жазда АҚШ-тың Уитинсвилль қаласындағы тағы бір тағылық оқыс оқиға дүрбелең туғызды. Бұл сұмдық осыдан 4 жыл­ға таяу уақыт бұрын, яғни 2009 жылы іске алынып қатыгез «әке-шешенің» айуандық әрекеті тексе­ріліп, тергеліп, зорлықшыл ерлі-зайыптылар түрмеге тоғытылыпты. Мәселе былай екен, 2004 жылы Джозеф Мэйотт пен оның әйелі Қазақ­станнан 8 жасар қызды, 13 жа­сар ұлды «асырап» алған. Бірақ имансыздар қызды «әке», ұлды «шеше» жат қылыққа жетелеген. Арам пиғылдарын жүзеге асырған. Алжасқан «ана» «ұлдан» ұл тапқан. Осыны округтік прокурор көмекшісі 5 жылдан бері тергеп-тексеріп келген. Ал «мал иесі» біз хабарсызбыз. Ол жақтағы елшілік азаматтары да үнсіз. Сұраусыз қалған ұрпақ осындай сұмдықты өздеріне өздері келіп, ес жиғанда ғана заң орындарына хабарлапты. Осы жерде мына бір оқиға ойға оралады. «Болашақ» бағдарламасы бойынша оқуға жіберетін талапкерлерді іріктеу жөніндегі республикалық комиссия отырысы үстінде шетелдерге оқуға барған жас­тарды, асырауға алған балаларды елшіліктің бір қызметкері қадағалап, тіпті, анда-санда жағдайын біліп отырса, «Олар менің де іздеушім бара екен ғой» дер еді, ертең біздің де жүзіміз шарық емес, жарық болады» деген мәселені қазақтың аяулы қызы Ш.Беркімбаева (ол кезде сенатор болатын) көтеріп, «Осыған қаржы қарастырсақ» деген ойды қаржы тұтқасын шыркөбелек айналдырып отырған Н.Коржованың алдына тартқанда, ол аузын қу шөппен сүртіп, ат-тонын ала қашты. Дау-дамай өрістеді. «Ел келешегі саналатын жас­тардан қаржы аяу не сұмдық. Мұның соңы неге апарып соғатынын білесіз бе?» деген еді сенатор. Қаржыгер де өз уәжінен таймады. Сөйтіп, екі азаматша біраз жерге барды. Енді, міне, сол әңгіменің «нәтижесі» қалай болғанын көріп отырмыз. Қорғансыз қалып, шетке кеткен ұл мен қыз қабырғасы қатайғанда өздерін қорғауға көшкені айдай әлемге белгілі болды.

Бұл қасіретті жаз бойы гуілдеттік. Алғашқы кездегі журналистердің ащы айқайы, депутаттардың сілкі­нісі, сұрау салуы қазір сирексіді. Әйт­се де таяуда теледидарда болған бір әң­гімеде Мәжіліс депутаты шетке кеткен ұл-қыздың бағасы 25-тен 75 мың долларға көтерілгенін жайып салды.

Қарап отырсақ, әр төрт-бес жылда осылайша айқай-сүрең салу бізге «дәстүр» болып кеткендей. Биылғы «көтерілісте» шетке кеткен асырандылар саны ауызекі әңгімеде, алда меңзегеніміздей, 10 мыңға таяу делінеді. Ал ресми деректерде – 8806. Мұның 6 мыңы – АҚШ-қа «аттаныпты». 721-і – Испанияда, 426-сы Бельгияда жүрген көрінеді.

Ұрпақ үшін сор болған осы бір қасіретті әңгіме қашанға дейін жалғасатынын білетін адам дәл қазір табылатын емес. Өзіміз көп қарайлайтын, жүз мыңнан аса баладан көз жазып қалған Ресей өткен жылы «Дима Яковлев» заңын қабылдады. Ақталу жолында, бұл саясат үшін дейтіндер табылар. Қалай десек те, АҚШ-қа бала беруді көршіміз пышақ кескендей тоқтатты. Қазір РФ Президенті жанындағы балалар құқықтары жөніндегі уәкіл П.Астахов өз жетімдерін түгендеп жүр. Соңғы он жылда АҚШ-та 20 ресейлік жетім көз жұмғанын айт­қан­да, 1997 жылы туған 2 қазақстан­дықтың сол елдің «Балалар ранчо­сында» тәрбиеленіп жат­қанын біздің елге жеткізген де сол. Ал біз болсақ, 6 жылға таяу уақыттан бері қазақ елі­нен барып, зорланған, қорланған, ары тап­талған ұлттық рухын жасытқан Мэйоттик­тер­дің иттігін «қу кетті, іс бітті» деп хабарсыз отыра беріппіз.

Біздің мемлекетіміздің Білім және ғылым министрлігінде де Балалар құқығын қорғау жөніндегі комитет жұмыс істейді. Оны біраз жылдан бері, кезінде Мәжіліс депутаты болған Р.Шер басқарып келеді. Дегенмен, аталмыш мекеме ел шуылдап жатса да бір нақты уәжін алға тартпай, «көш жүре түзеледі» деген сыдыртпа жауап берумен келеді. Осыдан біраз уа­қыт бұрын 6 мың «баламызды» бағып отырған АҚШ-тан Сьюзен Джей­кобстің келіп кеткені мәлім. Ол осы сапарында жоғарыдағы министрліктің аталған комитетінде, Сыртқы істер министрлігі мен Адам құқықтары жөніндегі бюрода кездесулер өткізген. Ол Қазақстан мен АҚШ бала асырап алу жөнінде ортақ жұмыс тобын құратынын мәлімдеп, алдағы жүздесу Вашингтонда өте­тінін тілге тиек еткен АҚШ-та қа­ра­ша ұлттың бала асырап алу айы болып белгіленгенін де еске сала кетке­ні бар. Ол жүздесулерден кейін қазақстандық балаларды АҚШ аза­мат­тарының асырап алуы жан­данады деген үмітін де үкіледі. С.Джейкобс алдағы уақыт­та балалардың құқығы жіті қорғала­ты­нын, өкінішті жағдайларға орын бермейтінін, арнайы жұмыс тобы жұмыс істейтінін, тіпті, заң, болма­са бар заңға толықтырулар енгі­зу мәселесін талқылайтынын да жет­кіз­ген-ді. Осыған қарағанда, біздің шетелге кететін балалар туралы айқай-сүреңіміз оқтын-оқтын жаңғырып, таяу жылдары тыйыла қоймас.

Иә, соңғы байлам, ұрпақтан артық қандай байлық бар еді бізде? Бұл Ата Заңда да тайға таңба басқандай айқын жазылған. Сол ұрпақтың тағдырына селқостық таныту – екі жасты жоғарыдағыдай тағдыр тәлкегіне салды. Біз көбіне себебімен емес, салдарымен күресеміз. Кейде «Дүниеде түпкі мақсатың өз пайдаңа болса, өзің шамалы адамсың», деген Абай сөзіне бағынып, «Осы қалай деген?» сын айтылса, ол жаладай көрінетіні бар. Шындығына келгенде, ондай сын ел болудың қамы, ұрпақ тағдырын тәлкекке салмау жайы. Бұл аз десеңіз, айтылған сынға «бұрысы мынау, дұрысы анау» деп жауап бермейтін әдетті «қалыптастырып» алғанымыз да анық. Бірақ, біздің бұл дәрменсіз кейпімізді кейінгі ұрпақ қалай бағалайды, тарих бетіне қандай таңбамен жазады? Ең өкініштісі, бәрін пікір ашықтығына, еркіндігіне, демократияға тели салатын әдетке бой алдырдық. Демократияның туын тіккен елдердегі демократияның да қол «иініне» қалай икемделетінін көзі бар көрсе, сезімі ояу сезсе керек. Теріс басқан қадамды демо­кра­тияға итере салып ақталам деу, түбі опын­дырмай қоймайтыны ақиқат. Әсіресе, ұлт пен ұрпаққа қатысты мәселе көп жағдайда демократияның тар шеңберіне сыймайтыны белгілі.

Қазір сол шетелге кеткен балалар туралы шуылдап жатырмыз. Олар қалай кетті, себепкер адамдар кім, қызметте отырғандар не тындыруда, не болмаса, бұрын іс басында, қазір демалып жатқандардың да «қосқан» үлесі болып па еді, түрлі жолмен «шығарып салғандар» тәубесіне келіп, кеш те болса сұраққа жауап іздеп, ақиқатты анықтап, кінәлі кім, күнәні кім арқалауы тиіс дей ме екен? Әлде «баяғы жартас – бір жартас» жауапсыз қалдырсақ, жар салушылар жалығып жақтары қарысадыға ден қойып, ісін ілгері жылжытып жүр ме? Тіпті, ондайлар өздерін мықты санап, ұйымдастырушы менеджермін деп біле ме? Оны айтасыз, олар келешекте «Дегдар адам үш нәрседен қаймығады: көктің құдіретінен, ұлылардың болмысынан, даналардың сөзінен» деген Конфуций қағидасын аттап өтіп, біз зиялылар қатарынан орын алуымыз керек деуі мүмкін ғой. Осы үш қағидаға адал болмағандықтан, ісіміз бен сөзіміз алшақ кетіп, байлықтың басы саналатын ұл мен қыздың тағдырын саудаға салып, жанашырсыз қалып, діңкесі құрығанда өзін-өзі қорғайтын күйге жеткізіп отырмыз. Тағдыр тәлкегіне түскен екі жастың жасыған көңіліне демеу жасай алмай, немқұрайдылық танытудамыз. «Біз, зиялылар тышқан аулаған арыстанға ұқсап барамыз» деп кеткен мінезді қаламгер Сәкен Жүнісовтің сөзі енді намысқа тисе, әлі де кеш болмас еді. Ұлттық рухтың жыршысы Мағжан Жұмабаев: «Арыстандай айбатты, Жолбарыстай қайратты, Қырандай күшті қанатты, Мен жастарға сенемін!» деген жастарымызды сұраусыз қалдыра беру арға сын болып тұр. Бұған бір тыйым жасалмаса, шетке кеткен ұл мен қыз іздеусіз, нағыз тұлдыр күй кешсе, олардың Қазақ еліне деген өкпесі қара қазандай болмасына кім кепіл болар екен? Себебі, шетелдіктер асырап алған балаларға киелі тегі туралы бүкпесіз айтып отырады. Ондай жағдайда балалардың кейбіреулері «ол қандай киелі ел» деп шыққан мемлекетіне күмәнмен қарамайды деп айта аламыз ба? Жоқ.

Жоғарыда айтқан біраз мәселенің түйіні қалай шешіледі деген сұрақ көкейде тұр. Жаңа бағдарламалар жасауға ниеттеніп отырған министр Аслан Сәрінжіпов бұл бір келелі іс екен деп түйін қояр деген үміттеміз. Елбасы талабын ескеріп, қадам барысында қазақ жетімін жылатпаған деп осыған дейінгі көтерілген мәселелерге терең сараптама жасап, ақ-қарасын анықтап, қажет деп тапса жоғарыдағыдай жанды күйзелтетін оқиғалардың түп-тамырын түгендеп, кінәлі адамдарды атап жатса, кейінгіге сабақ болар еді. «Шын жыласа соқыр көзден жас шыққандай» конвенция, құқық, т.б. ел мүддесі үшін «атты өлтіріп, арбаны сындырмайтын» сауаттылықпен ысырылса, панасыз қалған делінетіндерге өз Отанымыздан да пана табылар еді. Мұндай игілікті іс шетел азаматтарының астарлы желеуіне тосқауыл болар еді. Өз еліміздегі бала асырап аламыз дегендерге тиімді жол қарастырып, әр балаға, әр қаракөзге Отан-Анасында, өз отбасында басқалармен қатар өмір сүруге құқылы десе, бұған қаны бар, жаны тірі бар қазақ ұйысып, өзгеге ұйытқы болса, яғни жұрт болып жұмылса ұрпақ алдындағы, Алла алдындағы сауапты істі саналы атқарып, парыз-қарызымызды мінсіз өтер едік.

Сүлеймен МӘМЕТ,

«Егемен Қазақстан».

Соңғы жаңалықтар