Өнер • 16 Желтоқсан, 2020

Балеттегі Бейбарыс бейнесі

311 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақстанда алғаш рет «Бейбарыс сұлтан» балет тілінде сөйледі. Жақында «Астана Балет» театрында айтулы қойылымның премьерасы өтті. «Сұлтан Бейбарыс» тек хореографиялық тұрғыдан жаңашылдығымен ғана ерекшеленген жоқ, сондай-ақ спектакльмен қатар тікелей камера лентасына таспалануымен де дараланды. Сөйтіп, елімізде тұңғыш рет балет өнерінде атаулы қойылыммен аттас телебалет те өмірге келді.

Балеттегі Бейбарыс бейнесі

Қойылымда Мысыр мен Сирияның мәмлүк сұлтаны болған Бейбарыстың тағдыры көрсетіледі. Тағдырдың жазуымен бала туған үйінен жырақтап, жалдамалы жауынгер-мәмлүк болу үшін құл базарында сатылған. Әскери істе табысқа жеткен Бейбарыс уақыт өте келе әскерді ғана емес, бүкіл елді басқарады. Осылайша, құлдықтан қайраткерлікке көтерілген кемеңгер тұлға тарихта өзінің өшпейтін даңғыл ізін қалдырады.

Тарихи бағыттағы балет қою туралы «Балет пен ұлттық биді дамыту және қолдау» қорының идеясы «Самұрық-Қазына» акционерлік қоғамының қол­дауымен жүзеге асырылды. Айтулы балетті қоюға Қазақстанның талантты өнер қайраткерлері атсалысты. Атап айтсақ, либреттоны ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақыт Қайырбеков жазса, Хамит Шанғалиев пен Әлібек Әлпиев музыкамен әрледі. Ал Қазақстанның  еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Балет» театрының бас балетмейстері, қоюшы хореограф  Мукарам Авахри балеттің жалпы көркемдік құрылымына жауап берді. Сондай-ақ қойылымға халықаралық жобаларымен танымал, шетелдік білікті мамандар сценограф және қоюшы-суретші Леонид Басин пен костюмдер әрлеушісі Ася Соловьева да өз үлесін қосты.

Бізге таныс сюжетті жаңа формада қоя отырып, таңсық ойларға жетелеген би мамандары премьера алдында қойылым қою барысындағы кезіккен қиындықтарымен де бүкпесіз бөлісті. Сахна мамандарының айтуынша, «Бейбарыс сұлтан» балетінің дайындығы бір жыл бұрын басталған екен, бірақ коронавирус пандемиясына байланысты премьераны бірнеше рет кейінге қалдыруға тура келіпті.

– Алайда әлемде белең алған мұндай ауыр жағдайға қарамастан,  жүйелі іздені­сін жалғас­тырған театрымыздың талантты әртіст­ері өз арманына жетті. Бүгін ақ түйе­нің қарны жарылған күн болды десек те болады. Өйткені жаңашыл бағытта қойылған тың жоба балетсүйер қауымды бейжай қал­дырмасы анық, – дейді қоюшы хореограф Мукарам Авахри.

Спектакльде шымылдық ашылғаннан жабылғанға дейін Бейбарыс сұлтанның бүкіл өмірі музыка мен бейнелі би тілі арқылы жан-жақты баяндалады. Әйтсе де балеттің негізгі лейтмотиві сағынышқа құрылған. Ол – Бейбарыс сұлтанның еліне, туған жеріне, балалық шағы мен ата-анасына деген шексіз махаббат һәм ыстық сағынышымен етене астасады.

– «Бейбарыс сұлтанға» әуен жазар уақытта біз көп іздендік. Түрлі музыкаларды талғам мен сана елегінен өткізіп көрдік. Бірақ бәрібір сағыныш тақырыбына, кейіпкеріміздің сыртқы емес, ішкі көңіл толқыныстарына орала бердік. Әрине, Бейбарыс сұлтанның өмірі күрделі әрі сан қатпарлы. Ол мықты батыр, кемеңгер басшы және ең бастысы тағдырлы тұлға, қарапайым жүректі пенде. Сондықтан да біз қойылымда кейіпкеріміздің адами болмысы мен ішкі сезімдерінің сырын сараптауға күш салдық. Және оны айқындауға бізге сағыныш келді. Бейбарыс сұлтанның туған жеріне деген сағынышы – бұл балеттің басты тірегі, – дейді композитор Хамит Шанғалиев.

Иә, музыка авторы атап өткендей, қойы­лымда Бейбарыс сұлтанның ішкі жан дүниесіндегі толқыныстар мен туған жерге деген сағынышы айрықша терең һәм әсерлі суреттеледі. Қайраткер тұлғаның сан қатпарлы табиғатын беру үшін қойылым композиторлары әуен тілін дөп тауыпты. Жүрекке берік орныққан мағыналы музыка жаңашыл би үлгісімен қабысқанда театр ішінде көрерменін бейжай қалдырмайтын атмосфера орнайды. Сол сәтте бір ауық музыка әуезімен бірге Бей­барыс сұлтан заманына сапар шеккендей ерекше толқисыз. Сәнді костюм, мазмұнды музыка мен бейнелі би тілі дара тұлғаның күрделі болмысын ашуға сәтті қызмет еткен. Сонысымен де айтулы балет жүректерге берік орнықты. Көңілдерге қуаныш сыйлады. Балеттің басты табысы да – осы.