Анардың туған жері – Шығыс Қазақстан облысы, Катонқарағай ауданы. Әкесі Төлеген Рахымжанов көп жыл мектеп директоры міндетін атқарған өлкеге өте танымал педагог. Мамандығы әдебиетші. Кезінде КазГУ-де білім алған. Төкеңнің диплом жұмысына академик Мұхтар Әуезов жетекшілік еткен һәм жоғары баға берген. 2010 жылы дүниеден өткен қаламгердің артында «Туған жер, сені жырлаймын», «Буырқанған Бұқтырма», «Асыл дарын» атты жыр жинақтары және «Өлеңмен өрілген өмір» атты естелігі қалды.
Әдебиетші-қаламгер отбасында туып, қазақы тәрбиеге қанығып өскен Анар қарындасымыз да әке жолын қуып әдебиетші болмаққа ниет еткенімен жолы бола қоймапты. Содан 1985 жылы Алматы қаласына келіп құрылыста несібесін айырып жүрген. Желтоқсан дауылы көтерілген 17-сі күні Анар қыз қасында сыныптасы Гүлшат бар, жастармен бірге алаңға ентелеп жетіп бармай ма. Халық көп.
– Түс ауып қалған кез еді, – деп еске алады қарындасымыз: – Жастар мен милицияның қақтығысы басталып кетті. Апыр-топырда құрбым Гүлшаттан көз жазып қалдым. Қолдарында сойылдары бар топ жасақ жастарды кері тықсырған кезде, мен мұзға тайып ұшып түстім. Дереу үш милиция мені жұлқып тұрғызып, сүйреп ала жөнелді. «Өзім жүремін» деп айқай салғаным есімде... Арада жылдар өтті. 2010 жылдың бір күні Жаңақорған ауданында тұрып жатқан құрбым Гүлшат хабарласты. Ол «газеттерде жарияланып жүрген суретіңді көрдің бе?» деді. «Жоқ, ол қандай газет?» Дереу газетті тауып алып қарасам, бір топ милицияның қоршауында айдалып бара жатқан дәл өзім. Үстімде шақпақ пальто. Шашым қиылған, бұйра. Өйткені екі күн бұрын шашымды қиып, химия салдырғанмын. Мені ұстап алып кетіп бара жатқан кезде алаңда суретке түсіріп алыпты. Бұл суреттің тарихы осы, – деді Анар Рақымжанова.
Анар Төлегенқызы қазір Алматыда тұрады, шағын сауда нүктесі бар. Жолдасы Марат Байекенов екеуі бала-шағасын өсіріп, аман-есен жүріп жатыр.