Экономика • 19 Желтоқсан, 2020

2020 жыл сақтандыру нарығы үшін қолайлы болды ма?

529 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ойда-жоқта өмірімізге енген коронавирус пандемиясы әр саладағы сан мен сапаның ауытқуына елеулі әсерін тигізді. Қай жағдайды да біржақты бағалауға келмейді. Таяқтың екі ұшы қашаннан да бар. Мәселен, 2020 жыл – сақтандыру нарығы үшін біршама берекелі болған сияқты.

2020 жыл сақтандыру нарығы үшін қолайлы болды ма?

Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы 2020 жылдың он айына сарап жасаған. Қауымдастық дерегі бойынша, биыл 10 айда сақтандыру компанияларының активтері 21 пайызға көбейген. Соның ішінде өмірді сақтандырушы компаниялардың үлесі 31 пайызға артыпты. Активтерді өсіру бойынша CK Nomad Life көш бастайды екен. Аталған компанияның 10 айдағы табысы 54 пайызға немесе 71,8 млрд теңгеге өскен. Сектордың 10 айдағы таза табысы – 105,7 млрд теңге. Бұл 2019 жылдың дәл осы кезеңімен салыстырғанда 52 пайызға көп. Жалпы табыстың 40 пайызы «Евразия» СҚ-ға тиесілі болып шыққан.

«2020 жылдың 10 айында сақтандыру компаниялары 459,7 млрд теңгеге сақтандыру сыйақыларын жинады. Бұл былтырмен салыстырғанда 10,5 пайызға көп. Сақтандыру сыйақысындағы өмірді сақтандырушы компаниялар үлесі 39,0 пайызға дейін өсті (былтыр 37,7 пайыз болған).

Сақтандыру төлемдері 125,9 млрд теңге болды (былтыр 123,7 млрд теңге болған). Алайда таза сақтандыру сыйақысының сомасы 81,6 млрд-тан 78,5 млрд теңгеге дейін қысқарды. Цифрлардағы бұл айырмашылық тәуекелдерді қайта сақтандырумен байланысты.

Сектордың қаңтар-қазан аралығындағы таза табысы – 105,7 млрд теңге. Былтырғы жалпы табыс 78,4 млрд теңге болған. Биыл табыстың еселеп артуы – инвестициялық бастамалардан мол табыс түсуімен байланысты. 2020 жылы сектордың сақтандырудан тапқан табысы – 42 млрд теңге болса, инвестициядан тапқан табысы 46,2 млрд теңге болып отыр» делінген қауымдастық мәлімдемесінде.

Бұл ретте сектор активтерінің орташа кірістілігі биыл 7,9 пайызға жақсарған. Былтыр бұл көрсеткіш 6,3 пайызды көрсетіп еді. Ал капиталдың орташа кірістілігі (RoAE) 13,8 пайыздан 17,5 пайызға дейін ұлғайған. Қауымдастық зерттеуінше, нарықтағы 28 компанияның 27-сі оң рентабельділікке (тиімділік) ие екен.