Қоғам • 20 Желтоқсан, 2020

Авторлық құқық: Жаңа заң жарылқай ма?

1317 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Елімізде ақын-жазушыларға берілетін қаламақы тәуелсіздік жылдарынан бері түйткілді мәселеге айналған-ды. Ұзақ уақытқа созылған күрмеулі тақырыптың түйіні – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында бекітілген «Қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алу, басып шығару және тарату қағидалары» арқылы тарқағандай болды. Алайда 2017 жылдан бастап іске асқан бұл бағдарлама автордың құқын 70 жылға шектейтін болғандықтан, қоғамда түрлі наразы пікірлер туындады. Осы себептен жуырда Мәдениет туралы заңға бірқатар өзгеріс енгізіліп, авторлық құқықты сатып алу мерзімі 70 жылдан 5 жылға қысқарды.

Авторлық құқық: Жаңа заң жарылқай ма?

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Мемлекет әдебиетті мемле­кет­тік кітап­ха­наларға өтеусіз негізде тарату үшін ғана сатып алады. Ал бұл автордың кітапты қайта шыға­руына немесе кітап дүкендеріне сатуына, яки бас­қа да жолдармен сатуға құқын шектейтін-ді. Жа­ңа заңда бұл шектеулер өзгеріске ұшырап, енді ав­тор­дан әдебиетті белгілі бір мерзімге ғана сатып алады.

Парламент отырысында атал­ған заң жо­басын таныстырған Мәде­ниет және спорт министрі А.Райымқұлованың ай­туын­ша, 2017 жылы енгізілген автор­лар­ға қо­ғамдық маңызы бар әдебиет үшін қала­ма­қы төлеу тәжірибесі іс жүзінде біраз қай­шылыққа соқтырған.

«Автордан әдебиеттерді сатып алу ав­тор­лық құқықтың барлық мер­зіміне мем­лекетке ав­тор­лық құқық беруді көз­дейді. Ол автор­дың өмір сүрген кезін­­дегі мерзім және одан кейінгі 70 жыл. Бұл тұрғыда мемлекет әдебиетті оны мем­ле­кеттік кітапханаларға өтеусіз негіз­де тара­ту үшін ғана сатып алатынын айта кет­кен жөн.

Өз кезегінде автордың қайта шығаруға немесе кітап дүкендеріне сатуға неме­се оны басқа жолдар арқылы сатуға құ­қы жоқ. Бұл жағ­дайда мемлекеттің ха­лық­­қа мә­дени өнімнің қолжетімділігін қам­­тамасыз ету жөніндегі міндеті орын­дал­майды, керісінше шекте­ліп отыр. Осыған орай жобада еліміздің кітап­ха­наларына әдебиетті басып шығару және тарату мақсатында автордан әдебиет­тер­ді белгілі бір мерзімге сатып алу қа­рас­тырылып отыр. Одан әрі автор оны ба­сып шығаруға және Қазақстан Ре­с­пуб­ли­касының заңдарымен тыйым са­лын­­баған кез келген басқа жолдармен тара­туға құқылы болады», деді ведомство бас­шысы.

 

Жаңа заң несімен қуантады?

Жаңа заң бойынша енді автордың құқы шектелмейді. Бас­тысы, автор бас­па­мен келісімге келуі керек. Демек, бас­­па белгілі бір уақытқа автордан кі­та­­бын сатып алып, шы­ғару құқына ие бо­лады. Ол мерзім біткен соң автордың қайта шығаруға құқы бар. Бұл ең алдымен бекітілген мерзімге бай­ланысты. Бұрынғы заң автордың құқын 70 жыл­ға дейін шектейтін еді. Дау­дың басы, міне, осы жетпіс жылдан шы­ғып отыр. Қаламақысы көбейгенімен, 70 жыл бойы өз кітабының құқығына ие бола ал­маса, одан авторға пайда бар ма? Қа­лам­гер­лер­ді осы мәселе толғандырған еді.

Тіл саясаты комитетінің басшысы Әділбек Қаба «Мәдениет туралы» заңға бір­­қатар өзгеріс енгізілгенін тіл­ге тиек етіп: «Атап айтсақ, сатып алы­натын әдебиеттердің авторлық құқы­ғын ми­нис­тр­лікке беру мерзімін қыс­қар­ту, бас­па ісін қолдау жөніндегі іс-шараларды ұйым­дастыру және өткізу бөлігінде толық­тырулар енгізіліп, заң 2020 жылдың 16 қарашасында күшіне енді. Осыған байланысты, қоғамдық маңызы бар әдебиетті басып шығару және тарату бағытында 2021 жылдан бас­тап басылымға өтінімдерді қа­был­дау министрліктің құрылымдық мекемесі болып табылатын Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасы арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ қоғамдық маңызы бар туындыны пайдаланудың айрықша мүлік­тік құқықтары белгілі бір мерзімге беру деп өзгертілді, яғни 3 немесе 5 жыл­ға авторлық құқығы сатып алынатын бо­ла­ды­», деді. Яғни, нақты мерзім 3 жыл ма, әлде 5 жыл ма – әлі анықталған жоқ. Ми­нистр­ліктің айтуынша, алдағы уа­қыт­та тағы да өзгерістер енгізілмек.

Сондай-ақ бұдан былай «қо­ғам­дық маңызы бар әдебиеттер­ді» іріктеу құқы­ғы Кітап палатасына берілген. Ендігі жылдан бастап мемлекеттік тапсырыс­пен жарық көретін еңбектер тізімін Кітап палатасы іріктеп, қорытындысын Са­рап­тамалық комиссияның қа­ра­уына ұсы­на­ды. Әдебиет са­ла­сындағы үдерістерді үз­діксіз бақылап отырған мекемеге атал­ған функцияның жүктелуі орынды іс бо­лғанын айтқан Ұлттық мемлекеттік Кі­тап палатасының директоры Әділ Қойтанов: «Қаламгерлердің бір тобы бұл бағ­дарламаны өздерінің күнкөрісі үшін тиімділігін айтса, екінші бір бөлігі тұтас әдебиеттің қадірі қашқанын айтып, безек қағады. Қалай десек те, жазушының, не ақынның жүрегін жарып шыққан, төзімін сарқып, денсаулығын сарп етіп жазған дүниесінің авторлық меншігін бел­гілі бір мөлшердегі сыйақы беру ар­қы­лы ұзақ жылға иемдену мәселесі оңы­нан шешілу керек секілді», дейді.

Айта кетейік, қоғамдық маңызы бар әдебиетті сатып алудың бір-ақ талабы бар: ұсынылған шығарма бұрын басылып шықпаған бол­уы керек. Сондай-ақ әр жылдың 1 ақпан мен 1 мамыр айлары аралығында тоғыз жанр негізінде, атап айтсақ: энциклопедиялық және анықтамалық әдебиет; балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиет; мә­дениет және өнер туралы әдебиет, оның ішінде ноталық әдебиет (ноталық шы­­ғ­армаларда ноталар шығарманың жал­пы көлемінің 50%-ын құрайды); көр­кем әдебиет; танымдық әде­биет; қо­ғамдық-саяси әдебиет; ғылыми-көп­ші­лік әдебиет; аудар­ма әде­биет; мерей­той­­лар мен атаулы күндерге ар­налған әдебиет түрлері бо­йынша жүргізіледі. Іріктеуге келіп түскен жеке және заңды тұлғалардың өтінімдері шығарманың құндылығы, маңыз­ды­лығы мен сатып алу қажеттігін қарастыратын ми­нис­трлік жанынан құрылған Сарап­тама комиссиясы мүшелеріне оқу­ға беріледі. Комиссия мүшелері бел­гі­ленген критерийлерге сәйкес сарап­та­ма жасай отырып, қорытынды береді. Қорытындылар Үкімет жанынан құ­рыл­ған Ведомствоаралық комиссия қара­уы­на ұсынылып, нәтижесінде сатып алынатын кітаптар тізімі анықталады. Атал­ған іріктеулерден мүдірмей өткен шы­ғармалар 2 жылдан кейін мемлекет қаражаты есебінен басып шығарылып, республика, облыстық кітапханаларға қайта­рым­сыз тегін таратылады.

Автор шығармаларын сатып алған алғашқы 2017 жылы іріктеуге 90 өтінім келіп түсіп, оның – 52-сі, 2018 жылы 121 өтінімнің – 67-сі, 2019 жылы 108 өтінімнің – 62-сі және биыл 61 – барлығы 242 кітап сатып алыныпты. Бұл шығармалар тізімі әр жыл сайын министрліктің сайтында жарияланып отырады. Сондай-ақ биыл­дан бастап мемлекеттік тапсырыс­пен шығарылатын кітаптың таралымы – 3 мың дана. Баспа мен автор арасында келісімшарт алдын ала жасалады. Ми­нис­трліктің айтуынша, биыл 313 кітап жарық көріпті. Атаулы күндер көп бол­ған­дықтан, мерейтойлық жинақтар да көп шыққан. Мемлекеттік тапсырыс­пен кітап шығаратын 33 баспа өтінім берген екен.

 

Қаламақы қалай есептеледі?

Аталған бағдарламамен кіта­бын шы­ғар­ған авторлар проза мен поэзияның бір­дей есептелмейтінін айтып шағым­да­натын-ды. Қала­ма­қы­ның есептелу жүйесін білмекке жауапты органға сұрау салып көрдік. Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Бас­па ісі басқармасының басшысы Әлия Бек­ба­тырованың айтуын­ша, Проза жан­ры бо­­йынша бір баспа табақ 40 000 белгі (сөздер арасындағы бір бос орын да есептеледі), ал поэзия бойынша 700 жол болып саналады. Әр бас­па табаққа 6 ең төменгі жалақы мөлшері (1 ЕТЖ – 42 500) төленеді. Яғни, бір баспа табаққа 255 000 теңге қаламақы қойылған.

«Біз 2017-2018 жылдардағы сатып алынған кітаптарды шығардық. Ал 2019-2020 жылдағылар енді басып шығарылады. Биыл 61 кітапты сатып алдық, ол енді 2022 жылы жарияланады. Осы жылдан бастап кітаптар комиссия өкілдеріне авторлары белгісіз күйде жіберілді. Өйткені танымал және бейтаныс авторлардың құқы тең бол­уы керек деп шештік. Ал Сараптамалық комиссияның құрамын ашық айта алмаймыз. Оларға әр тараптан қысым жасалуы мүмкін», деді Әлия Мұхтарқызы.

Авторларға қаламақы төлей алмайтын тек баспалар ғана емес, сондай-ақ тәуел­сіз газеттер мен журналдар да көп екеніне бүгінде көзіміз жетті. Өйт­­кені көптеген басылымның қа­лам­ақы төлеуде қалыптасқан тәртібі мен табан тірейтін құжаты жоқ. Мәсе­лен, «Нарықтық экономикаға өткенге дейін баспалар мемлекеттік меншік нысанында болды және кітапты басып шығару республикалық бюджеттен қаржыландырылып, авторлық қала­ма­қы­ның көлемі тиісті мемлекеттік органдармен бекітілді. Ал қазіргі таңда автор­лық қаламақы мәселесі «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар тура­лы» Қазақстан Республикасы за­ңы­­ның нормаларына сәйкес, автор мен баспа арасында жасалған авторлық келісімшарттың талаптарымен реттелуі ке­рек», дейді заңгерлер. Қоғамда қалам­ақының төленбейтініне еті үйре­ніп, тіпті сұраусыз қалып бара жат­қаны, бәлки авторларда қаржылық сауаттың һәм менеджерлік талаптың жоқтығынан болар немесе қаламақысыз бір жол мақала бергізбейтін Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның Қаламақы туралы заңын жеке, өз алдына бөлек қабылдау керек шығар.

Ал Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Серік Ақсұңқарұлы бұл бағдарлама автордың жекемен­ші­гіне қол сұғу екенін айтады. «Мемлекеттік сатып алу дегенді өз басым ешқандай өркениетті елдердің тәжірибесінен көрген жоқпын. Капитализм деген – ең қасиетті сөз. Адамның жеке­мен­шігін тартып алуға болмайды. Сондықтан авторлық құ­қық­ты 70 жылға, мейлі 5 жылға, тіпті 3 жылға да сатып алуды қолда­маймын. Қаламақысы күнкөрі­сі­нен артылмайтын қазақ ақын-жазушыларының құқына тиіспеу керек. Сонымен қатар бұл заң­ды қайта қарап, авторлық құқықтың мер­зімін мүлдем алып тастау қажет», дейді ақын.

 

Баспаға бұйырмаған қаржы

Парламент отырысында сенатор Мұрат Бақтиярұлы «2021-2023 жыл­дар­ға арналған республикалық бюджетке» қатысты маңызды бірқатар мәселені атап, оның ішінде «Баспа ісі» бойынша бөлінген қаржының да жұпыны екенін жеткізді. Оның сөзінше, бюджеттің «Баспа ісі» бағдарламасы бойынша 2021 жылға 1 487 830 мың теңгеге өті­нім берілген қаржының орнына 587 751 мың теңге, яғни 2,5 есе аз беріліп отыр. Мемлекеттік сатып алумен айналысатын жауапты комитеттің айтуын­­­ша, алдағы уақытта реттелмесе, бұл бюджетпен бір жылдық шығынды жабу мүм­кін емес. Оның үстіне тәуелсіздіктің 30 жыл­ды­ғына орай шығарылатын мере­ке­лік кітаптар өз алдына.

Ал «Қазығұрт» баспасының директо­ры Темірғали Көпбаев осыдан екі жыл бұрын қаламгерге баспа табағына 150 мыңға дейін қаламақы төлене баста­ға­нын айта келе: «10 баспа табақ кітап шық­са, автор 1,5 млн теңге қаламақы ала­ды. Бұл – ақын-жазушы үшін үлкен көрсеткіш. Бұған бәріміз қатты қуанған едік. Бірақ олар шарттарын күр­делендіріп жіберіпті. Мәселен, 150 мың теңге төлейтін тәртіп бойынша ақынның кітабы шығатын болса, оның 70 жылға дейін авторлық құқығын шектеп жібереді», дейді. Ал бұл «ақын-жазушының құқығын шектеумен бірдей. Ал мәдениет мәсе­ле­лері бо­йынша өзге­ріс­тер мен толықтырулар енгізілген жаңа заң бойынша 70 жыл деген шарт­ты қысқартыпты. Мәселен, 5 жыл деп алсақ, сол бес жыл бойы кітапты қайта шығаруға болмайды. Тіпті шықпай қалуы да мүмкін. Сондықтан баспалар авторлармен келісім жасап, шығарып отырған кітаптарымызға бөлінген қар­жы­ның 10 пайызын беріп отырмыз», деді. Демек, кітапқа 4 млн теңге жұм­сал­са, автор 400 мың теңге қаламақы ала­ды деген сөз.

 

Сонымен...

Ақиқатында, қазіргі қазақ қоғамы – кітап оқымайтын қоғам. Көңі­ліңізге тисе, «аз оқитын қоғам» дейік. Бұл жүрек сыздатар «дәстүрге» бүгінде етіміз үйренді. Қазақ авторларының отандық кітап сау­дасындағы рөлі тағы анық. Қазақ­ша кітаптардың маркетингі төмен бол­ған­дықтан, еліміздің үлкен кітап дү­кен­­дерінде әлі күнге дейін өткен ғасыр жау­һарлары сатылып тұр. Және оны жапа-тармағай алып жатқан ешкім жоқ. Жұрттың кітап оқымайтыны тағы бар һәм жақсы шығармалардың көптеп жазылмай жүргенін де жасыра алмаймыз. Алайда жазушы­лық­тың ұлтымызға әсіре жақын өнер екенін ескере отырып, шынталанты бар, кемталанты бар – бүгінде кітап шығарушылардың көптігін де мо­йындаймыз. Демек, көп жазушының аздаған оқырманы бар.

Рухани тоқырауға ұшыраған осындай қоғамда авторлық құ­қық­ты аз жыл­ға қысқартып, кіт­абына тәуір қалама­қы бе­ріп жат­қан мемлекеттік бағ­дар­ла­ма­ның игілігі мол көрінеді. Баспа ісін­де­гі менеджерлік дамымай отыр­ған­дықтан, кітап шығаруға мемле­кет­тік қолдау тіпті қажет. Яғни, бұл бізде жоқ кітап бизнесін қолдан оталдыру сияқты.

Ал талғамның жайы бір бөлек. Осы бір кірпияз һәм әділ көз­қарастың азды­ғынан болар, баспа­лардан белгілі-белгі­сіз автор­лардың кітаптары ба­сы­лып шығуда. Әрине оның бар­лы­ғы көркем­дік талап­тар­ға сай емес. Бірақ әйтеуір, өз қара­жа­тына, бол­маса мем­лекеттік бағдар­ла­мамен жария­лан­ған.

Мемлекетке құқығын «сатқан» авторлар жыл сайын бір кітап шығарып, өнімді еңбек етіп жат­қа­нын көзіміз шалып қалды. Жылда қаламақыға ілініп, бұрқыратып жазып жүрген ол ав­тор­ларды Са­раптамалық комиссия өкіл­де­рі де тоқтата алмай отыр екен. Бұл да әдеби шығармаға деген талғам­ның жоқтығынан. Сондықтан ақын-жазу­шылардың құқы­ғын сатып алып, кітап­та­рының жария­­­­ла­нып һәм әдебиет жа­сауына мүм­кіндік беріп отырған Бас­па ісі басқармасы, Сарап­­тамалық ко­миссия мүшелері «ардың ісі­­не» аса бір жауапкершілікпен қарайды деген үміт­теміз.