31 жастағы Польша боксшысы қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс болмаса да, қазақстандық боксшыларға есім-сойы 2010 жылдан бері белгілі. Сол жылы Польшада жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Феликс Штамм» турнирінің финалында Камил екі дүркін әлем чемпионы болып тұрған отандасымыз Серік Сәпиевтен айласын асырып, жарыс жеңімпазы атанған. Бұл – Шереметаның әуесқой бокстағы ең табысты жеңісі деп те айтуға болады. Бұдан бөлек ол 2008 жылы Польша чемпионатының қола жүлдегері атанған.
2012 жылдың соңында боксшы кəсіпқойлар арасында күш сынасуға бел буды. Осы күнге дейін 21 мəрте рингке көтеріліп, 21 рет жеңіске жетті. 5 қарсыласын мерзімінен бұрын жеңген. Былтыр қазан айында Шеремета Головкин мен украиналық Сергей Деревянченко арасында өткен бокс кешінде өнер көрсетіп, мексикалық Оскар Кортесті нокаутпен жеңген еді. Дәл осы жеңісінен кейін ол Головкиннің IBF белдігіне міндетті қарсылас атанды. Екі боксшының арасындағы жекпе-жек 2020 жылдың басында өтуі тиіс болатын, алайда түрлі себеппен айқас бірнеше рет кейінге шегеріле берді. Міне, боксшылар жыл аяғында кездесу өткізіп, жанкүйерлеріне тамаша тартыс сыйлады.
Hard Rock Holly казино-қонақүйіндегі айқаста мамандар әу бастан Головкиннің жеңісіне еш күмән келтірген жоқ. Әйгілі бокс сарапшылары бұл жекпе-жек қазақстандық боксшы үшін кезекті бір айқас алдындағы спарринг жаттығу болады деген пікірлерін де жасырып қалмады. Әрине, польшалық боксшы деңгей жағынан отандасымыздың бұған дейінгі қарсыластары – Деревянченко, Джейкобс, Альвареспен салыстыруға мүлде келмейді.
Десе де кешегі кешке Камил Шеремета тас-түйін даярлықпен келгені бірден байқалды. Ол атағы жер жарған Геннадий Головкиннен еш қаймықпай айқасты деуге де болатын шығар. Тіпті, алғашқы раундта бірінші нөмірмен жұдырықтасып, ашық айқасқа барған Шеремета раунд соңында Головкиннің ауыр соққысына тап болып, нокдаунға түсіп қалды. Жекпе-жекке дейін пікір білдірген польшалық боксшы Головкинге қарсы айқаста бір жыл бұрынғы Деревянченконың тактикасын қолданатынын, сол жекпе-жекте украиналықтың жеңіске жеткенін айтқан болатын. Сергейдің тактикасын ұстанамын деп шаршы алаңға шыққан Шеремета да Деревянченко сияқты алғашқы раундта-ақ нокдаунға ұшырады.
Алайда Шереметаның сағы сынған жоқ. Кейінгі раундтарда да ол Головкиннің соққыларына тойтарыс беріп, қарсы шабуылға иек артты. Бірақ екінші раундта да көп соққы өткізіп алған Камил тағы да есеңгіреп қалды. Тек үшінші раундқа келгенде польшалық боксшы Головкиннің ауыр соққыларынан сытылып шығып кете алды. Ал төртінші үш минуттықта Шеремета отандасымыздың сериялық соққыларынан кейін кездесудегі үшінші нокдаунына ұшырады. Бұндай соққылардан кейін Головкиннің қарсыластары әдетте жекпе-жекті жалғастырудан бас тартып жататын. Камил бұлай істеген жоқ. Бесінші және алтыншы раундта отандасымыздың қарқыны сәл саябырсығанын байқаған Шеремета енді өзі соққы жасауға тырысты. Бірақ оның соққылары Генаға еш қауіп тудырған жоқ. Былайша айтқанда, Головкин оның соққыларын шыбын шаққан құрлы көрмеді. Жекпе-жек бел ортасынан ауып, жетінші раундқа келгенде Шеремета тағы да рингтің бесінші бұрышын іздеп кетті. Бұл жолы Головкиннің джеб соққысы көздеген жерге дәл тиді.
Жетінші раундтан кейін кездесудің әрі қарай жалғаспайтыны белгілі болды. Раунд аралық үзілісте польшалық боксшының бапкерлері төрешіге жекпе-жектен бас тартатынын айтып, Камил Шеремета жеңілгенін ресми мойындады.
Осылайша, 38 жастағы жерлесіміз Геннадий Головкин IBF жəне IBО нұсқалары бойынша əлем чемпионы атағын сәтті қорғады. Бұл – оның кəсіпқой рингтегі 41-ші жеңісі. 36 бəсекені GGG нокаутпен аяқтады. Бір рет ұтылып, тағы бір жекпе-жекте тең есеп тіркелді. Сонымен қатар әлем чемпионы атағын қорғау жағынан рекорд жаңартып (21 мәрте), кәсіпқой бокс тарихына өз есімін тағы бір рет алтын әріптермен жаздырды. Бұған дейінгі рекорд Бернард Хопкинске тиесілі болатын. Ол өз атағын 20 рет қорғаған еді.
Compubox сайты ұсынған статистикалық мəліметке жүгінсек, осы айқас барысында Головкин 554 соққы жұмсап, соның 228-і қарсыласына дəл тиді. Бұл – 41 пайыздық көрсеткіш! Шеремета 317 рет жұдырығын дәл сілтеген екен. Соның 94-і нəтижелі болды. Бұл – 18 пайыздық көрсеткіш!
Жекпе-жектен кейін пікір білдірген Геннадий Головкин барша қазақстандықтарды Тәуелсіздік мерекесімен құттықтап, алдағы жоспарын ортаға салды. «Ең әуелі отандастарымызды Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Біз біргеміз – мықтымыз. Жекпе-жекке келер болсақ, бүгін жеңіске жеткеніме және шаршы алаңға қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Шеремета маған тосын сый болған жоқ, өйткені оның деңгейі әуелден-ақ белгілі еді. Мен рингте өзімді жайлы сезіндім. Камил Шеремета және оның командасына өз алғысымды білдіремін. Жекпе-жекті бастапқы раундтарда-ақ аяқтап тастауыма болар еді. Бірақ жекпе-жегімді тағатсыздана күткен жанкүйерлеріме керемет бокс шоуын ұсынғым келді.
Келесі жекпе-жегім кіммен өтуі мүмкін?! Мен кез келген қарсыластың ұсынысын қарастыруға дайынмын. Соның ішінде «Канело» мен Смит жекпе-жегінің жеңімпазымен де жолыққым келеді», деді Головкин.
Айта кетейік, осы бокс кешінде жұдырықтасқан тағы бір жерлесіміз Əли Ахмедов эквадорлық Карлос Гонгормен IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жұдырықтасып, нокаутпен жеңіліп қалды. 12 раундқа дейін жерлесіміз ұпай саны бойынша алда келе жатқан. Алайда соңғы раундта қарсыластың ауыр соққысын өткізіп алғаннан кейін жекпе-жекті жалғастыра алмады.