Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Өнім шығару өсіп келеді
Ұлттық экономика министрі Р.Дәленовтің айтуынша, соңғы үш жылда дайын, өңделген өнім өндірісінің едәуір өсуі байқалады. Атап айтқанда, «Қарапайым заттар экономикасы» салаларында өнім шығару көлемі 2018 жылғы 8,9 трлн теңгеден 2019 жылы 10,1 трлн теңгеге дейін өскен. Биыл да 10 айда нақты көлем индексі 104%-ды құрады. Дайын, өңделген өнімді шығару озық өсім көрсетіп отыр. «Дайын, өңделген тауарлар шығарылымының өсуіне байланысты импорт үлесі төмендеуде. Тұтынуда қазақстандық тауарлар өндірісінің үлесі өсуде. Осылайша, 2020 жылы отандық өнім өндірісінің үлесі 2,5 пайыздық тармаққа өсті. Азық-түлік, құрылыс материалдары, жеңіл өнеркәсіп өнімдері, жиһаз, машиналар мен жабдықтар өндірісі өсті. Соңғы 2 жылда өнімнің бірқатар түрі бойынша өсім екі мәнді көрсеткіштерге, ал жекелеген түрлері бойынша 1,5-2 есеге жетті. Биыл өндірістің өсу қарқыны жалғасты», деді
Р.Дәленов.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын іске асыру дайын, өңделген өнімнің өсуіне ықпал етеді. Осы жылы бағдарламаны жетілдіру бойынша бірқатар шара қабылданды.
Бірінші. Кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша берілетін мемлекеттік кепілдік мөлшері ұлғайтылды, кепілдік беру мерзімі 2 есе қысқартылды және агроөнеркәсіптік кешен өндірісі жобалары үшін кепілдік көзделді.
Екінші. Бағдарлама мерзімін 2021 жылдың соңына дейін ұзарта отырып, кредиттеудің жалпы көлемі 1 трлн теңгеге ұлғайтылды. Кредиттеуді ұлғайту үшін екінші деңгейдегі банктер лимиті арттырылды.
Үшінші. Кредиттеуді ұлғайту мақсатында экономикалық қызмет түрлері кеңейтілді, сондай-ақ «Қазақстан даму банкі» АҚ арқылы өңдеуші өндірістерді қаржыландыру ұлғайтылды. «Даму» қоры 509 жобаны субсидиялады. «Ең көп қаржыландырылған жобалар азық-түлік өнімдері, құрылыс материалдары мен металл бұйымдары, пластмасса, жиһаз және киім өндіру салаларында. Бағдарлама бойынша «Даму» қоры арқылы субсидияланған жобалардың кредиттік портфелі 338,6 млрд теңгені құрайды. Кредиттік портфельдің негізгі үлесі өңдеу өнеркәсібіне тиесілі. Қолдаумен қамтылған кәсіпорындарды мониторингілеу нәтижесі оң динамиканы көрсетеді. Осы жылы бұл кәсіпорындар табысты және төленген салық көлемін сақтап қана қоймай, сәйкесінше арттырды», деді бұл жайында Ұлттық экономика министрі.
Биыл кредиттеудің барлық бағдарламасы бойынша қаржылық қолдау көлемі айтарлықтай артты. Осылайша, қолдау көрсетілген кредиттік портфелінің сомасы 2 трлн теңгеге жетті және ол 34 мыңнан астам жобаны қамтиды. Жалпы, кредиттеу бағдарламалары дайын отандық тауарларды өндіруді ынталандырып, макроэкономикалық оң ықпалын тигізді.
Қаржы бірінші вице-министрі Берік Шолпанқұловтың айтуынша, министрлік мүдделі мемлекеттік органдармен (ИИДМ, СИМ, ҰЭМ) және «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп тұрақты негізде жергілікті қамтуды қолдау бойынша жұмыс жүргізеді. Отандық өндірушілерді қолдау мақсатында төмендегідей шаралар қабылданды:
Біріншіден, ұлттық режімнен алып тастауды белгілеу бойынша Үкіметтің 2 қаулысы қабылданды. Олар: 1) авто, трансформаторлар және кабельдер; 2) жеңіл өнеркәсіп тауарлары, жиһаз және цемент.
Екіншіден, көрсетілген позициялар алдын ала біліктілік іріктеу (АБІ) арқылы конкурс тәсілімен ғана сатып алынатын тауарлар тізбесіне енгізілді. Алдын ала біліктілік іріктеуінен өтудің негізгі критерийі – индустриялық сертификаттың болуы.
Үшіншіден, «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңда тапсырыс берушілердің техникалық ерекшеліктерде ұлттық стандарттарды көрсету міндеті белгіленді.
Төртіншіден, отандық тауар өндірушілер тізіліміне енгізілген құрылыс материалдарын пайдалануды көздейтін құрылыс саласындағы жұмыстарды мемлекеттік сатып алу туралы үлгілік шарттар бекітілді.
«Жергілікті қамтуды одан әрі дамыту барысында Парламенттегі мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасында мынадай түзетулер анықталуда: Біріншіден, мемлекеттік сатып алуларда тауарларды кепілді сатып алуды, оффтейк-келісімшарттарды пайдалану. Екіншіден, ұлттық стандарттарға, Индустриялық сертификаттарға және СТ-КЗ сертификаттарына байланыстыру арқылы реттелетін сатып алудың барлық түрлері үшін бірыңғай кодификацияны пайдалана отырып, Тауарлардың электронды каталогын енгізу. Үшіншіден, мемлекеттік сатып алуларды толық орталықтандыруға көшу. Бұл жергілікті қамтуды арттыру мәселелерін орталықтан реттеуге мүмкіндік береді» деді Б.Шолпанқұлов.
Бұл ретте аталған шаралардың ішінен отандық өндірушілерді қолдаудың ең тиімді механизмі ұлттық режімнен алып тастауды белгілеу екенін атап өткен жөн. Сондықтан бейінді министрліктерге (ИИДМ, АШМ, СИМ) осы құралды неғұрлым белсенді пайдалану ұсынылады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, бүгінде елімізде 994 жер қойнауын пайдаланушы тіркелді. 2019 жылдың қорытындысында жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың сатып алу көлемі 7,7 трлн теңге болды. Жергілікті қамту үлесі 45%-ды құрады. «Биылғы 9 айда қатты пайдалы қазбаларды қоспағанда, бұл көрсеткіш 3,8 трлн теңгені құрады. Жергілікті қамту үлесі 46,6% болды. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымына кіру шарттары бойынша 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап кәсіпорындарға көрсетілетін преференцияларды кезең-кезеңмен алып тастау көзделген. Жер қойнауын пайдалану саласында тауарлардағы жергілікті қамту жөніндегі талаптар алып тасталады», деді Б.Атамқұлов.
Бұл ретте жұмыстар мен қызметтер бойынша жер қойнауын пайдалануға арналған келісімдердегі жергілікті қамту үлесі 50%-дан аспайтын болып белгіленеді. Дүниежүзілік сауда ұйымы алдындағы міндеттемелерді ескере отырып, ішкі нарықты одан әрі дамыту мақсатында отандық өндірісті қолдау жалғастырылады: 2020 жылдың соңына дейін мемлекеттік сатып алуда тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алудың арнайы тәртібі, нормасы қолданылады. Оған 3400-ге жуық отандық кәсіпорын аккредиттелген; осы жылдың 30 қарашасында Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика министрліктері мен ірі мұнай-газ операторлары арасында Мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығын құру ниеті туралы келісімге қол қойылды. ұлттық режімнен алып тасталатын атаулар тізбесін кеңейту жұмыстары жүзеге асырылуда. 2021 жылы мемлекеттік органдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен жер қойнауын пайдаланушылардың қатысуымен Қазақстан Республикасында кәсіпкерлікті ынталандыруға арналған үшжақты келісімдер жасау механизмі енгізіледі.
Уәкілетті органдар (ИИДМ, ҰЭМ), «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы және жер қойнауын пайдаланушылар арасында Кәсіпкерлікті ынталандыру туралы енгізілетін үшжақты келісімдер ерікті негізде іске асырылады. Келісімде тауарлардағы жергілікті қамту бойынша міндеттемелер көрсетіледі. Жер қойнауын пайдаланушылар соның аясында тауарларды сатып алудың реттелетін тәртібі нормаларын қолданбай тауарлар сатып ала алады. Бұл шара тауарларды сатып алу мерзімін қысқартуға, сондай-ақ өнім берушіні таңдау кезінде шектеулерді алып тастауға мүмкіндік береді. Аталған ұсыныстарды іске асыру үшін мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша заң жобасы шеңберінде «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» кодекске тиісті түзетулер енгізіледі. Қабылданып жатқан шаралар болашақта отандық өндірісті ынталандыру үшін жер қойнауын пайдаланушылармен келісімдер жасауға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ қазіргі уақытта «Өнеркәсіптік саясат туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы шеңберінде отандық тауар өндірушілерді қолдаудың жаңа шаралары әзірленіп жатыр.
Премьер-Министрдің орынбасары Роман Склярдың айтуынша, Жобалау кеңсесі бір жарым жылдан бері кәсіпкерлік мәселелері бойынша «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасын үнемі қадағалап, жетілдіріп келеді. Бағдарламаның инвестициялық бағытын ескере отырып, 2 254 жоба қолданыстағы өндірістік қуаттарды жаңарту және кеңейтуді, ал 332 жоба жаңа өндіріс орындарын құруды көздейді. «Барлық жобалар ең алдымен тұтынушылық тауарлардың импортын алмастыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Жобалау кеңсесі өндірістік кәсіпорындарды қайта жүктеу, отандық өнімді тұтынуды арттыру мақсатында сатып алулардағы жергілікті қамту үлесінің артуына бақылау орнатқан. Осы жылдың 11 айындағы мәлімет бойынша әкімдіктердің көпшілігі осы жылға бекітілген KPI көрсеткіштеріне қол жеткізді», деді Р.Скляр. Оның айтуынша, келесі жылы жергілікті қамту үлесін 20%-ға ұлғайту жоспарлануда. Жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуы бойынша жұмыс күшейтіледі.
«Қарапайым заттар экономикасы» тиімділігін көрсетті
Мәселені қорытындылаған Үкімет басшысы Асқар Мамин: «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы отандық өндірісті дамытудың инвестициялық құралы ретінде өзінің тиімділігін дәлелдеді. Осыған байланысты, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Бағдарламаны қаржыландырудың жалпы көлемі 1 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды» деді.
Оның айтуынша, коронавирус пандемиясына байланысты шектеу шараларын енгізуге қарамастан, «Қарапайым заттар экономикасы» аясындағы жобалар саны биылғы 10 қаңтардан 10 желтоқсанға дейін 2,5 еседен астам – 900-ден 2600-ге дейін ұлғайды, ал олардың сомасы 3,5 есе – 216 млрд теңгеден 700 млрд теңгеге дейін өсті. Аталған жобаларды іске асырудан жұмыс орындары санының болжамды өсуі шамамен 20 мыңды құрайды.
Бағдарлама аясында несиелендіруге арналған тауарлар мен қызметтер тізімі анықталды, қарыз алушы үшін соңғы мөлшерлеме 8%-дан 6%-ға дейін төмендетілді, 2 жылға дейінгі пайыздық мөлшерлеме және негізгі қарыз бойынша жеңілдікті кезең енгізілді. Өткен жылмен салыстырғанда реттелетін сатып алудағы жергілікті қамту үлесі 2 есеге өсті, бұл 1,5 мыңнан астам отандық кәсіпорынды қолдауға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді.
Жергілікті қамтудың жоғары өсу қарқыны жеңіл өнеркәсіп өнімдерін 38%-дан 68%-ға дейін, жиһаз өнеркәсібі өнімдерін 39%-дан 71%-ға дейін, азық-түлік өнеркәсібі өнімдерін 41%-дан 74%-ға дейін, құрылыс материалдарын 34%-дан 71%-ға дейін сатып алуда байқалады.
Өңірлер бөлінісінде Қостанай, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы және Түркістан облыстары көш бастап тұр (үлесінің орташа көрсеткіші 67%-дан 76%-ға дейін). Төмен көрсеткіштер Маңғыстау, Атырау, Жамбыл, Батыс Қазақстан облыстарында байқалады, оларда кейбір салалар бойынша жергілікті қамту үлесі 24%-дан 43%-ға дейін өзгеріп отырады.
Үкімет басшысы бір ай мерзімде жаңа ынталандыруды, соның ішінде мемлекет тарапынан кепілдік мөлшерін ұлғайтуды көздейтін «Қарапайым заттар экономикасы» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасына түзетулердің жетінші топтамасын әзірлеуді тапсырды. Премьер-Министр бағдарламаның барлық мақұлданған жобаларын уақтылы іске қосуды қамтамасыз ету қажет екенін атап өтті. Жақсы мысал ретінде Алматы қаласы, Жамбыл және Қостанай облыстары келтірілді. Сонымен қатар Қызылорда және Атырау облыстарында мақұлданған көптеген жоба әлі күнге дейін субсидияланбаған, жобалардың сомасы мен саны бойынша ең аз өсім байқалады.
Өңірлердің әкімдіктеріне экономика салаларындағы жергілікті қамту үлесінің нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізу ғана емес, сондай-ақ олардың белсенді өсуін қамтамасыз ету тапсырылды. Ол үшін жергілікті қамтуды бақылау жөніндегі өңірлік комиссиялардың алаңын тиімді іске қосып, өңірлік бизнес пен негізгі тапсырыс берушілерді тарту керек. Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Энергетика министрліктеріне жер қойнауын пайдаланушылардың жергілікті қамту бойынша ерікті міндеттемелер қабылдауын көздейтін заңнамалық түзетулерді әзірлеу міндеттелді. Осының негізінде жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алулары жыл сайын 7 трлн теңгеге жетуі ықтимал.