06 Желтоқсан, 2013

Жас кәсіпкерлер форумы

1364 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әлемдік экономикалық дамуда шағын және орта бизнестің үлесі мол. Сондықтан да ілгерілеуге бағыт ұстаған елдер кәсіпкерлікті мейлінше дамытуға тырысады. Дамыған отыз елдің қатарына енуге қадам басқан Қазақстан да кәсіпкерлікті дамытудың соны соқпақтарына із салуда десек артық айтқандық бола қоймас. Мұны шағын және орта бизнес нысандарының саны артып, экономикалық әлеуетіміздің жыл өткен сайын нығайып келе жатқаны да дәлелдейді.

Әлемдік экономикалық дамуда шағын және орта бизнестің үлесі мол. Сондықтан да ілгерілеуге бағыт ұстаған елдер кәсіпкерлікті мейлінше дамытуға тырысады. Дамыған отыз елдің қатарына енуге қадам басқан Қазақстан да кәсіпкерлікті дамытудың соны соқпақтарына із салуда десек артық айтқандық бола қоймас. Мұны шағын және орта бизнес нысандарының саны артып, экономикалық әлеуетіміздің жыл өткен сайын нығайып келе жатқаны да дәлелдейді. Бұл бағытта жастарға мол сенім артылатыны да жасырын емес. Алғыр ойлы, істің тетігін білетін жастар елдің ертеңі екені сөзсіз. Әрине, бұл бағытта олардың өзара тәжірибе алмасып, ортақ ойласуының да маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде Ақтөбе қаласында өткен «Іскер жастар» атты жас кәсіпкерлердің бірінші шекарааралық бизнес форумы нәтижелі болды. Оны облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы бойынша «Контакт» зерттеулер мен жобалар орталығы» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңес аясында ұйымдастырды. Форумға Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан және Ресейдің көршілес Орынбор облысынан жас кәсіпкерлер қатысты. Форумның мақсаты аяғынан нық тұрып кеткен бизнесмендермен жас кәсіпкерлерді жолықтырып, өзара пікір алмасуына жағдай жасап, жас буын мен орта буын арасында тәжірибе алмасуға мұрындық болу, жастар кәсіпкерлігінің басты бағыттарын айқындау, олардың кәсіпкерлікке деген құлшынысын ояту және жастар арасында кәсіпкерліктің даму қарқынын арттыру болып табылады. Жас кәсіпкерлер бас қосқан алқалы жиынды облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова ашып, форум жұмысына сәттілік тіледі. Ол сондай-ақ, жастардың кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгеруі үшін барлық жағдай жасалып отырғанын жеткізе келіп, оларға жаңаша ойлау қажеттігін, білімді және ізденімпаз болу керектігін алға тарта сөйледі. Жаңа технологияларды игеруге талпыну, бизнесті тиімді ұйымдастыра білу ғана табысқа жеткізетінін тілге тиек етті.

Жас кәсіпкерлердің жиыны барысында Израиль мемлекетінің дипломатиялық ве­домство басшысының орынбасары Хези Кейнанмен бейне-линк ұйымдастырылды. Өз бизнес жобасын жүзеге асыруға мемлекеттік грант алған Ресейдің жас бизнесмені А.Порошина, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Ақтөбе филиалының директоры Жеделбек Мырзағалиев, ақтөбелік жас миллионер Марат Әбиев және басқалары шығып сөйлеп, кәсіпкерлік туралы ойларын ортаға салды. Шара барысында «Сыбайлас қылмыс – шағын және орта бизнеске кедергі» атты плакаттар байқауының қорытындысы шығарылып, жеңімпаздар марапатталды.

 Сатыбалды СӘУІРБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Ақтөбе облысы.

Соңғы жаңалықтар