06 Желтоқсан, 2013

Ет экспортының түйіні қалай шешілмек?

290 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бұл мәселе Шығыс Қазақстанның шаруа қожалықтарын тұйыққа тіреп отыр

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ет экспортын 2016 жылға қарай 60 мың тоннаға дейін жеткізу міндетін қойды. Тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға қыруар қаржы – 120 миллиард теңге бөлінді. Ал осы қаржының қаншасы Шығыс Қазақстан облысына келіп түсті? Ет экспортын көрші мемлекеттерге шығаруда қандай шаруа тындырылды? Осы сауалдарға жауап беруге тырысайық.

Бұл мәселе Шығыс Қазақстанның шаруа қожалықтарын тұйыққа тіреп отыр

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы ет экспортын 2016 жылға қарай 60 мың тоннаға дейін жеткізу міндетін қойды.Тиісті бағдарламаны жүзеге асыруға қыруар қаржы – 120 миллиард теңге бөлінді. Ал осы қаржының қаншасы Шығыс Қазақстан облысына келіп түсті? Ет экспортын көрші мемлекеттерге шығаруда қандай шаруа тындырылды? Осы сауалдарға жауап беруге тырысайық.

Шығыс Қазақстан облысында ірі қара малының саны бір миллионнан асады. Алайда, Ресей немесе көрші мемлекеттердің еттің сапасы мен дәміне, бағасына назар аударатынын естен шығармаған жөн. Сондықтан Үкімет арнайы бағдарлама қабылдап, шетелдерден асыл тұқымды малдарды әкеле бастады. Ал олар кім көрінгеннің қолына тие бермейді. Арнайы бизнес-жоба жасап, оны қорғап шығуың керек. Кепілдемеге қоя­тын қымбат мүлік өз алдына бөлек әңгіме. Ақыры Шығыс Қазақ­станның бірнеше мықты шаруа қожалықтары шетелдерден асыл тұқымды мал алуға қол жеткізді. Шындығын айту керек, олар талай тар жол, тайғақ кешуден өтті.

Көкпекті ауданында «Елімай» атты жауапкершілігі шектеулі серіктестік бар. Олар аудан орталығында тұрмыстық қызмет көрсету орталығын, басқа да бірқатар нысандарды салып, тұрғындардың алғысына бөленді. Істің көзін тапқан Серік Уәлиев пен Болат Бекбергенов деген азаматтар өткен жылы шетелден 194, ал биыл 500 бас асыл тұқымды мал сатып алды. Әдетте мал болған соң оның жайлы қорасы, мал туғызатын жер болуы керек.

– Репродуктордың (сиыр туғызатын кешен) құрылысын салу оңай шаруа емес екен. «ҚазАгро» оның құрылысына 1 миллиард 200 миллион теңге бөлеміз, бірақ оның құрылысын басқа компанияға береміз деп шарт қойды. Сұрап отырғандары орасан зор қаржы болғандықтан, «жүз ойланып, мың толғанып» барып, кешенді өз күшімізбен салуға бел будық. Қазір 400 миллион теңгеге құрылысты аяқтап қалдық, – дейді «Елімай» ЖШС-нің директоры Б.Бекбергенов.

Дәл осындай бейқамдық пен жауапсыздыққа «ҚазАгроның» басшылары «Шығыс-сүт» серік­тестігімен 1000 басқа арналған бордақылау алаңы мен кешен құ­­рылысын салу кезінде жол берді.

Кенді Алтайдағы ең ірі серік­тес­тік ізденіс пен ілкімділік танытып ТМД елдерінде жоқ роботпен сүт сауатын кешенді Бобровка ауылында пайдалануға берді. Бұл күндері Украинка ауылында тауарлы-сүт фермасын салып жатыр. Аманшылық болса, ет пен сүтті экспорттау мәселесі шешіліп қалатын түрі бар.

Ет экспортын жолға қою үшін ең алдымен ірі қараның асыл тұқымды түрлерін көбейту қажет екені белгілі. Елбасы Үкімет отырысында атап көрсеткен 120 миллиард теңгенің 10 миллион 200 мың АҚШ доллары облысқа келіп түскен. Бұл 1,5 миллиард теңгеден сәл ғана артық. Осы қаржыны 14 облысқа бөлсек, өңірге қаржының аз келіп түскені тайға таңба басқандай белгілі. Алайда, мәселе санда емес, сапада. 2012 жылы мемлекеттен мал сатып алуға 2,53 миллион АҚШ доллары келіп түссе, биыл 7,67 миллион АҚШ доллары келген. Бұл қаржыға Үржар ауданындағы Мәулетбек Қалиев басқаратын «Алғабас» шаруа қожалығы айшылық алыстағы Австралиядан «Ангус» тұқымды 476 ірі қараны сатып алған. Оған 288 миллион теңге қаржы жұмсалған. Біз бір ай бұрын «Алғабас» шаруа қожалығының төрағасы Мәулетбек Қалиевпен жолығып, әңгімелескенде біраз шындыққа көз жеткіздік.

– Мұның алдында Франциядан 224 бас «Шараоле» тұқымды сиы­рын алдық. Будандастырылған «Әулиекөл» малы да жақсы өсіп-өніп келе жатқан. Амал бар ма, бұдан екі жыл бұрын көрші Қы­тай­дан аусыл ауруы келіп, 400 бас сиыр­ды өртеген кезде өзегімді от шал­ды, өкіндім. Қазір «Ангус» мал­дары карантинде тұр. Ерекше сақ болмаса, малдың түрлі ауру­ла­ры құртатын түрі бар, – деді М.Қалиев.

– Малдар егілмеген бе, бұған қалай жол берілді,– деген сауалға шаруа қожалығының басшысы:

– Вакциналар сапасыз болып шықты, – деп жауап қатты.

– Ет экспортын қашан жолға қоясыздар?

– Шындықты айтайын ба, – деп қожалық төрағасы сығырая қарады. Көрші Ресей біздің қымбат етті не қылсын. Онда бір келі ет­тің көтерме бағасы небәрі 600 тең­ге. Ал біздікі 800 теңге. Көрші Бе­ла­русь­те де ет арзан. Сондықтан ет пен шұжықты тонналап тасып жат­­­қа­нымызды мойындаған жөн. Ең ал­дымен, көрші мемлекеттер­­де ет пен сүт­ке субсидия көп бөлі­неді. Сон­­дық­тан азық-түліктің ба­ға­сы төмен. Демек, Үкіметті бас­қа­­рып отырған азаматтар Ауыл шаруа­­­­шылығы министрлігінің жұмы­­сы­на бақылау жасап, шаруа қо­жа­­­лықтарына жағдай жасаса оң бо­лар еді.

Мұхит Тұмабаев басқаратын «Прииртыш» қожалығы 670 миллион теңгеге 1005 бас «Ангус» сиырларын алыпты. Аманшылық болса, жақын арада экспортқа ет жөнелтеміз деп отыр. Шетел­дерден мал алған басқа қожалық иелері де мал кешендері мен ту­ғызатын қораларды салған кез­де мемлекеттен бөлінетін субсидия көлемі ұлғайса дегенді айтады.

Ет экспортын шығаруда «Се­мей ет комбинаты» серіктестігі биыл Ресейге 100 тонна консерві жі­берген екен. Жақында ғана пай­далануға берілген «Айтас» серік­тестігі құс етін тереңдетіп өнді­ре­тін зауыт Ресейге биыл 2 мың тонна ет жөнелтпек. Десек те, ауыл шаруашылығы саласындағы маман­дар мен басшылар Елбасы тап­сыр­­­­масын орындауда ізде­ніс­­тер танытатын мерзім жет­ті. Себебі, уақыт ырғалып-жырғал­ғанды көтермейді.

Оңдасын ЕЛУБАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Шығыс Қазақстан облысы.

Соңғы жаңалықтар