06 Желтоқсан, 2013

Инновация – болашақтың күш-қуаты

485 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыс орталығында «Инновация – болашақтың күш-қуаты» атты халықаралық инновациялық форум болып өтті. Форумда отандық және шетелдік компания өкілдері,  ғалымдар мен өнертапқыштар  басқосты. Қатысушылар қазіргі жаһандық мәселелер «жасыл экономикаға» көшу мен жаңғыртылмалы энергетиканы дамыту жайларын талқылады. Еліміздің облыстарынан, Ресейдің Алтай, Омбы, Том, Новосібір өңірлерінен, Башқұртстаннан делегациялар қатысты.

Облыс орталығында «Инновация – болашақтың күш-қуаты» атты халықаралық инновациялық форум болып өтті. Форумда отандық және шетелдік компания өкілдері,  ғалымдар мен өнертапқыштар  басқосты. Қатысушылар қазіргі жаһандық мәселелер «жасыл экономикаға» көшу мен жаңғыртылмалы энергетиканы дамыту жайларын талқылады. Еліміздің облыстарынан, Ресейдің Алтай, Омбы, Том, Новосібір өңірлерінен, Башқұртстаннан делегациялар қатысты.

Форумның басты мақсаты – өндірісті облысқа инвестиция тарту. Сондықтан да осы ауқымды шараның бағдарламасында көрмелер, облыстағы кәсіпорындарды аралау, мәдени-демалыс іс-шаралары ұйымдастырылды. Өңірдің инновациялық жобалары көрмесінде энергетика, фармацевтика, мұнай-химия, агроөнеркәсіптік кешен, тау-кен өндірісі салалары бойынша үздік жобалар таңдалынып, форумға қатысушылар назарына ұсынылды. Шара аясында халықаралық энергетикалық форуммен бірге «Болашақтың қуаты – жаңа энергия көздерінде» және «Энергетика – бүгін және ертең» деп аталатын секциялар жұмыс жасады. Облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Николай Дычконың айтуынша, инновациялық көрмеге қатысудағы басты талап – үздік жобалардың инновациялық жаңалығы және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етуі қажет. Көрмеде отандық және шетелдік компаниялардың өнімдері, инновациялық жаңалықтар көрініс тапты. Ондаған инновациялық жобалар келушілердің назарына ұсынылды. Қатысушылардың қатарында еліміздің, Ресей мен Еуропа елдерінің белді компаниялары бар. Отандық өнімдеріміздің көрмеден көбірек орын алуы – еліміздің инновациялық тыныс-тіршілігінің қазіргі дамуын көрсетіп тұрды. Мәселен, Астанадан келген «Astana Solar» компаниясы күннен қуат алатын панельдерді құрастырумен айналысады. Елбасының өзі ашқан бұл зауытта өз жеріміздің кремнийі арқылы күн батареялары жасалынады. Компания директорының орынбасары Жәнібек Жанғазиевтің айтуынша, қазір зауыт екі түрлі күн панельдерін шығарады. Олар 60 және 70 ұяшықты батареялар. Бір артықшылығы, бұл панельдер қазақстандық кремнийден жасалынады. Сапасы жағынан шетелдік панельдерден еш кем емес.

Әрине, форум тақырыбының ауқымы кең. Бұл – болашақта балама қуат көздерін ашу үшін жаңа технологияларды өмірге әкелу, жаңа балама қуат көздерін игеруге халықаралық қоғамдастықтың назарын аудару деген сөз. Жаһандану уақытында азық-түлік, энергетика тапшылығы атты әлемдік қауіптер бой көрсетуде. Форумда бас қосқан энергетикалық, экономикалық сарапшылар, ғалымдар, кәсіпкерлер, компаниялар өкілдері адамзат үшін ауадай қажет «Болашақ энергиясы» атты өзекті мәселені жан-жақты талқылады.

Форумға шетелдік ғалымдар да қатысты. Мәселен, Швед университетінің профессоры Линда Оловсонның ойынша, оның ғылыми жаңалығы біздің елдің ғалымдарын қызықтыруы мүмкін. Олар ойлап тапқан қондырғы өзен-көлдердің суын тексеруге арналған. Ол арқылы судың қай мөлшерде уланғанын, құрамында қандай зиянды заттар бар екенін анықтайды. Біздің облыста да таза суға деген тапшылық бар екенін білген екен. Ал келешекте энергия көздері сарқылады деген пікірлер жоққа шығуда. Қуат көзін өндірудің түрлі жолдары табылды. Еуропа елдері мен АҚШ-та желден, күннің көзінен және судан энергия өндірілуде. Көмір отыны мен мұнайды қуат көзіне пайдалануды көптеген елдер азайтуда. Еліміз болашақта жел қуатын пайдаланбақ. Жалпы, БҰҰ-ның Жел энергетикасы бойынша даму бағдарламасы аясында жүргізілген зерттеулер еліміздің бірқатар өңірлерінде желдің жылдамдығы 6 м/с-тан асатынын көрсеткен. Аңызақ желі үздіксіз соғып тұратын өңірлерімізге енді жел генераторлары орнатылмақ.

Көрмеден кейін барлық қатысушылар пленарлық жиында бас қосты. Оған облыс әкімі Ерлан Арын қатысты. Жалпы, облыс орталығында өткен инновациялық форум іскерлік байланыс кеңістігіне айналды.

Фарида БЫҚАЙ,

«Егемен Қазақстан».

Павлодар облысы.

Соңғы жаңалықтар