Қазақстан • 20 Желтоқсан, 2020

Алматыда «Бастау бизнес» жобасының 1300-ден астам түлегі жеке кәсіп бастаған

281 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Алматыда пандемияға қарамастан халықты жұмыспен қамту бойынша кешенді шаралар қабылдануда. Осы мақсатта Жұмыспен қамту орталығы белсенді жұмыс атқаруда, мемлекеттік және салалық бағдарламалар іске асырылуда, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматыда «Бастау бизнес» жобасының 1300-ден астам түлегі жеке кәсіп бастаған

Қалалық Кәсіпкерлер Палатасы желісі бойынша жеке жұмыс жүргізілуде, оның ішінде қала тұрғындарын бизнес жүргізу дағдыларына үйретуге бағытталған «Бастау Бизнес» жобасы да бар.

- 2020 жылы Алматы қаласына 1 705 грант бөлінді, оның ішінде 818 грантты 2019 жылғы «Бастау Бизнес» түлектері алды. 2020 жылы осы жоба бойынша 687 қатысушы грант алды, Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қысқа мерзімді кәсіптік оқудан өткен қатысушылар 200 грант алған. Ағымдағы жылдың наурыз-қыркүйек айлары аралығында «Бастау Бизнес» жобасы аясында Алматыда 2 600 адам оқуды аяқтады, 2 128 тыңдаушы оқуды аяқтау туралы сертификат алды, 472 тыңдаушы қатысқаны туралы сертификат алды, деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Сонымен бірге, ағымдағы жылы «Бастау Бизнес» жобасының 1 334 түлегі өз кәсіпкерліктерін іске қосқан.

Жеке кәсіпкер, «Бастау бизнес» жобасының түлегі Жиенғали Жұмағұлов мемлекеттік бағдарламалар аясында көрсетілетін қолдау шараларының арқасында екі айлық оқудан кейін қоғамдық тамақтану саласында өз ісін қалай ашқанын айтып берді.

«Мемлекет тарыпанан жастарға көрсетілетін көмек туралы интернеттен білдім. Оқыту барысында бизнес-тренерлер негізгі оқудан басқа, бізге жан-жақты көмек көрсетті. Олар бізге әр кезеңде, бизнесті ашқанға дейін қолдау көрсетіп жүрді. Қаржыландыруды алғаннан кейін, бірден іске кірістім, құрал-жабдықты сатып алып, жұмысты бастадым. Біздің дәмханамызда түрлі тағам түрлері бар, тапсырыспен жеткізіп те береміз. Бұл салада бәсекелестік жоғары, бірақ біздің бағаларымыз қолжетімді және тұрғындар арасында сұраныс та жоғары», - деді ол.

Кәсіпкер мемлекет тарапынан шағын бизнесті салықтан босату сияқты шаралар шағын бизнеске айтарлықтай қолдау көрсететінін атап өтті.

«Бастапқы ашылған кезде, әрине, қиын болды. Клиенттер біз туралы әлі білмейтін, онымен қоса, өзім екі жұмыста істеп жүрдім және түскен қаржыны өз бизнесіме салдым. Бүгін мен екінші нүктені ашып отырмын. Өз бизнесін бастағандардың бәріне айтарым, қорқудың қажеті жоқ. Сондай-ақ, көрсеткен қолдауы үшін мемлекетке алғысымды білдіргім келеді», деді Ж.Жұмағұлов.