
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан-2030» Стратегиясының орындалу қорытындыларын шығара отырып, алдымыздағы 40 жыл ішінде Қазақстанның даму көкжиектеріне бағдар берді. Президент: «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру» дей келе, «Қазақстан–2050» Стратегиясының негізгі 7 бағытын белгілеген болатын. Соның 4-уін «Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдары» деп атап, Елбасы бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек екендігін нақты көрсетті.
Қуатты Қазақстанды бірге құрамыз!

Білім берудің қазақстандық моделі
Ол қандай болуы керек?
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты" атты Қазақстан халқына Жолдауында «Қазақстан-2030» Стратегиясының орындалу қорытындыларын шығара отырып, алдымыздағы 40 жыл ішінде Қазақстанның даму көкжиектеріне бағдар берді. Президент: «Біздің басты мақсатымыз – 2050 жылға қарай әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру» дей келе, «Қазақстан–2050» Стратегиясының негізгі 7 бағытын белгілеген болатын. Соның 4-уін «Білім мен кәсіби машық – заманауи білім беру, кадрларды даярлау мен қайта даярлау жүйесінің негізгі бағдары» деп атап, Елбасы бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек екендігін нақты көрсетті.
Ол үшін Үкіметке білім беру саласындағы басымдықтардың негізгісі ретінде инженерлік білім беруді және заманауи техникалық мамандықтар жүйесін дамытуды қамтамасыз етуді тапсырды. Яғни, білім берудің барлық деңгейінің тиімді дамуын біз еліміздің кемел келешегінің кепілі және егемендігіміздің баянды болуының шарты деп түсінуіміз қажет.
Әлемде өз дамуы барысында білім саласында тиімді реформалар жүргізіп, солардың нақты жемісін көріп отырған мемлекеттер аз емес. Олардың ішінде Финляндия, Норвегия, Германия, Ұлыбритания, Малайзия, Сингапур мемлекеттері алдыңғы қатарда тұр және де олар тек өздеріне тән ұтымды білім жүйесін құра білуімен ерекшеленеді. Біз үшін осы мемлекеттерде тиімді жүргізілген реформалардан басты үйренетін нәрсе – олар әрбір өзгерістерді заман талабына, азаматтардың сұранысына, тарихи қалыптасқан ұлттық дәстүрге сәйкестендіруді мақсат тұтқан. Әрбір қадамын егжей-тегжейлі ойластыра отырып, түбінде әр оқушының талғамын қанағаттандыруға бағытталған оқыту бағдарламаларын жасаған.
Қазақстандық сарапшылар, білім саласының мамандары осы мемлекеттердегі білім моделін зерттеп, тиімді жақтарын біздің елімізде енгізуді ұсынып та жүр. Мысал ретінде, Норвегия мемлекетінің білім жүйесінен мәліметтер беріп, оны біздің жағдаймен салыстырған сараптаманы көпшілік назарына беруді жөн көрдім. Норвегияның мұнайлы қаласы – Ставангерде тәжірибе алмасу үшін 2006 жылдың желтоқсан айында өзім де іссапарда болғаным бар, сондықтан өзім көзіммен көрген үрдісті ой елегінен өткіздім.
Норвегия мемлекетінде келесі білім беру деңгейлері бар: бастапқы білім беру, орта білім және жоғары білім.
Бастапқы білім деңгейі 1-ден 7-сыныпқа дейін созылған, сол 7 жыл бойы балаларға 1 мұғалім сабақ береді. Балалар мектепке 6 жастан барады. Ондай ұзақ болудың себебі – оқу бағдарламаларының жеңілдігінде (бізбен салыстырғанда), оның баланың жалпы дамуы үшін ғана жасақталғанына байланысты. Мысалы, әріптерді үйреткенде олардың мән-мағынасын ерекше түсіндіріп, мысалдармен қанықтырып, әрбір әріпті үйренуге кемінде 1 апта уақыт жұмсалады. Осылайша 1 жыл бойы тек әріптерді үйренсе, ал 3-сыныпқа дейін арифметикадан тек алу мен қосу, ал көбейту мен бөлуді тек 3-4 сыныптарда өтеді (кеңестік дәуірде бізде де әліппені 1 жыл үйретуші еді, ал қазір 4 айда аяқтайды).
Бастапқы деңгейде балалардың қандай да бір құқықтарын шектеуге жол бермеу өте қатаң қадағаланады. Мысалы, үй тапсырмасы тым аз беріледі, оқушы тақта алдына шығып сабақ айтпайды, тақпақтар жаттау мүлдем берілмейді десе болады. Сонымен қатар, химия, физика, дүниежүзілік тарих, көркем әдебиет және т.с.с. пәндер тек 8-сыныптан оқытылады.
Қазақстандық білім деңгейлерінің ішінде Норвегияда жоқ мектепалды даярлық деген саты бар. Егер осы солтүстік елінің тәжірибесінің жақсы жақтарын алуға талпынсақ, 1-3 сыныпқа дейінгі оқу бағдарламасын жеңілдету қажет, сонда мектепалды даярлықтың еш қажеті болмайды. Шын мәнінде, күніне 3-4 сағат жоспарланған мектепалды даярлықтағы дәрістермен барлық балалар қамтылмаған, оқулықтар мен сабақтардың мазмұны 1-сыныптың бағдарламасын қайталайды, тіпті балалардың барлығына кітаптар мен арнайы дәптерлері жетіспейді, олардың көбін ата-ана өзі сатып алуы тиіс және т.б. кемшіліктері жетіп артылады. Сайып келгенде, мұнда бюджет қаражаты тиімсіз жұмсалып жатыр-ау деген ой туады.
Кәсіби бағдарын таңдау жұмыстары мектептерде 9-10 сыныпта басталады, сол кезде оқушылар жалпы білім беретін бағыт, театр, спорт және дене тәрбиесі, медицина және әлеуметтік жұмыс, өнер, дизайн және қолөнер, ауыл шаруашылығы, балық аулау, орманшылық, қонақүй қызметі, қоғамдық тамақтану, құрылыс, өндірістік құрылыс, электротехника, металл өңдеу және слесарьлық іс, полимерлерді өңдеу, ағаш өңдеу және столярлық іс, БАҚ және телекоммуникациялар, сауда менеджменті сынды базалық курстардың ішінен біреуін таңдайды. Осы базалық курстарды үздік аяқтағандар мамандығы бойынша тереңдетілген курстарға жіберіледі.
Осылайша, 9-10 сыныптарда оқушы алғашқы кәсіби шыңдалудан өтеді + 1 жыл өндірісте тәжірибеден өтеді (стипендия алады), сөйтіп, мамандық иесі болып шығады. Ал егер орташа жалақы төлейтін тәжірибені таңдаса – онда 2 жыл өндірісте болады. Сонымен қатар, кез келген оқушы қысқартылған курстарда да мамандық алуға мүмкіндігі бар.
Осындай оқу тәжірибелеріне қатысып, өздерінің өндірістік базасын пайдалануға берген мекемелерге мемлекеттен арнайы дотациялар төленеді.
Барлық тәжірибеден өткен оқушылар арнайы емтихан-тест тапсырып, мамандығы бойынша біліктілік сертификатын алады және ол сертификат Норвегия мемлекеті аумағында жұмысқа тұруға мүмкіндік береді.
Осы жоғарыда аталған әрбір сатыдағы оқу толығымен мемлекет есебінен жүреді, яғни ақысыз. Міне, білім берудің норвегтік моделі осындай. Ал біздің еліміздің кәсіптік білім беру жүйесі Норвегиямен салыстырғанда, әлдеқайда артта деуге болады.
Біріншіден, өндірістік тәжірибеден (практика) өту тетіктері заңдастырылмаған, жұмыс берушілерді бұл үрдіске қызықтыру қаралмаған. Яғни, ең басты мәселені – практикаға оқушыларды қабылдауға мекемелердің құлқын (мотивация) арттыруды шеше алмай отырмыз.
Екіншіден, колледж студенттері үшін қандай да бір практиканы ұйымдастыру толығымен оқу орны басшылығына жүктелген. Жеке өзінің немесе басқаның беделін салып, мекемелердің есігін жағалап, практиканың келісімшарттарын жинақтау – әр оқу жылындағы директордың бас ауруы. Ал солай жинақталған келісімшарттар бойынша өткізілетін практиканың сапасы туралы айтпаса да түсінікті.
Үшіншіден, колледждердің оқу-материалдық базасы тым жұтаң және өндірістен артта қалып қойған. Ең жаңа, тың идея мен инновациялар негізінде жасақталған қондырғылардың тек интерактивті баламасын, яғни компьютерлік версиясын ғана көруге болады. Сонымен қатар, өңірлерде колледжердің саны әлі аз. Мысалы, Норвегияның 150 мың тұрғыны бар Ставангер қаласында 32 колледж бар, ал мұнайлы өлке – Маңғыстау облысында барлығы 21 колледж болған, соңғы кезде кәсіптік лицейлерді колледжге ауыстырғаннан кейін барлық саны 24-ке жетті.
Төртіншіден, колледждерге сабақ беру үшін өндірістен мамандар тартудың тиімді тетіктері жоқ. Норвегияда оқу орындарына дәріс беруге өндірістен ең мықты және білікті мамандар ғана шақырылады, олардың бұрынғы жалақысы сақталады.
Бесіншіден, шетелдердегі озық тәжірибелермен танысу қарқыны жағынан (шетелге іссапарларға мемлекет қаражаты есебінен еліміздегі мемлекеттік колледждердің барлығының басшылары барды деуге негіз бар) алдымызға жан салмасақ та, оларды өзіміздің оқу орындарына енгізу мәселесі кенже қалуда. Тіпті, жаңадан ашылған бірлескен жобаларды өз деңгейінде қолдап, олардың әлеуетін толыққанды пайдалана алмай отырмыз. Мысалы, 2009 жылы Ақтау қаласында «Ақтау тренингтік орталығы» (АТО) біріккен Қазақстандық-норвегиялық халықаралық оқу орталығы ретінде ашылды. Негізінен халықаралық дәрежедегі дипломы бар «Электрмен-газбен дәнекерлеушілерді» және «Металл құрылғыларын құрастырушыларды» дайындайды. АТО 2012 жылдың ақпанында Халықаралық дәнекерлеу институты (IIW) мен KazWeld ассоциациясының аудитінен өтіп, «Халықаралық дәнекерлеуші» (IW) деген дипломды беру құқығына ие болған. Ал осындай білікті жұмысшы мамандарды дайындайтын оқу орталығына мемлекеттік тапсырыс берудің тетіктері қаралмаған, сондықтан орталық өз күнін өзі көруде. Сайып келгенде, бұл орталықты кеңейтіп, аймақтық деңгейге дейін көтеріп, осылайша, еңбек ұжымдарында жүрген шетел жұмысшыларын білікті қазақстандықтармен біртіндеп алмастыруға болар еді. Өкінішке қарай, жауапты меморгандар мәселені тыңғылықты шешу үшін нақты және пәрменді қадамдарға бармай отыр.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев Білім және ғылым министрлігіне теориялық оқу мен практиканы ұштастыратын тиімді жүйе ретінде дуалды оқыту жүйесін ендіруді қолға алуды тапсырған болатын. Алайда, қазір оның элементтері ғана көрінуде, және де ол негізінен «Қазақмыс», «Қазмырыш», «Арселор-Миттал» сияқты алпауыт компаниялардың өздеріне бағынысты ішкі оқу орталықтарында жүзеге асуда. Ал дуалды оқытудың тиімділігін біз жоғарыда талқылаған Норвегия мемлекетінің білім жүйесі дәлелдеп отыр.
Сонымен, не себептен дуалды оқыту жүйесін біздің кәсіптік және техникалық білімге енгізу үрдісі мүлдем баяу жүріп жатыр?
Оның басты себебі, жауапты мемлекеттік органдардың мәселені зерттеуге, зерделеуге құлық танытпай отырғандығында.
Осы орайда, мынадай ұсыныс берер едім.
Әрбір өңірде еңбек нарығындағы ең үлкен сұранысқа ие 5 мамандық бойынша дуалды оқыту жүйесін қанатқақты жоба ретінде ендіруді бастау қажет. Яғни, студенттер аптаның 2 күнінде колледжде, ал 3 күнінде жұмыс беруші мекемеде практикадан өтеді (2+3). Аталған мамандықтар міндетті түрде ірі өндіріс орындары үшін болуы шарт емес (шетелдерде бұл іске 5-10 адам істейтін мекемелер де тартылған). Айталық, шаштараз, токарь, дәнекерлеуші, сантехник, аспазшы және т.с.с.
Осы қанатқақты жоба 1 жыл жұмыс жасағаннан кейін нәтижелері қорытындыланып, оны әрі қарай жүргізуге қажетті шешімдер қабылдануы тиіс. Міне, сол кезде сараптама жасауға, дуалды оқыту жүйесінің қазақстандық моделін жасақтаудың оң-теріс жақтарын бағдарлауға мүмкіндік болар еді.
Қаныбек ЖҰМАШЕВ,
Қазақстан Республикасы
Білім беру ісінің үздігі.
Маңғыстау облысы.
Жарқын болашағымыз жастарға байланысты
Мен – орыс ұлтының өкілімін. Қазақстанда тудым, осында атжалын тартып мініп, ел қатарына қосылдым, білім алдым, бүкіл саналы өмірімді өткіздім. Адам қай жердің ауасын жұтып, суын ішсе, сол жер Отаны болады. Мен оны өз басымнан жақсы білемін. Мен – Қазақстанның патриотымын. Қарап отырсам, Қазақстанның байлығын былай қойғанда, жерінің сұлулығының өзі өзгені таңғалдырғандай. Еліміздің төрт шалғайының табиғаты төрт түрлі. Мұнда қалың орман да, тау да, сулы-нулы қара топырақты аймақ та, сахара шөл де, шалқыған өзен-көл де бар. Табиғатының мұндай алуан түрлілігі жер бетіндегі елдердің барлығына бірдей бұйыра бермеген несібе.
Қазақстанның тағы бір артықшылығы – осы жерде тұрып жатқан түрлі ұлт өкілдерінің барлығы да бірнеше мәдениеттен, дәстүр-салттан хабардар. Қазақ тілінен – мемлекеттік тілден өзімнің де бірқағарым бар, ал жастар жағы оны меңгеріп кетеді деп білемін. Қазақ халқының мәдениеті мен дәстүрін осында тұрып жатқан ұлттардың барлығы да біледі. Оған бұл халықтың бай дәстүрі мен қонақжай, мейірімді, кеңқолтық мінезі тікелей себепкер деп білемін. Елбасы көтерген үш тұғырлы тіл, яғни жас ұрпақтың үш тілді білуі елдің жарқын болашағының бір кепілі болмақ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауы – елдің ертеңін жаһандық тұрғыдан ойлаған маңызды құжат. Біз елдің бірлігін уыстан шығармасақ, осы құжатта айтылған мәселелердің барлығы да уақытымен жүзеге асатын болады. Ол үшін не істеу керек? Мен – ғұмыр бойы жоғары оқу орнында жастарға білім берумен қатар, олардың тәрбиесімен айналысып келе жатқан ұстазбын. Біз патриоттық сезімді жастардың жүрегіне еге білуіміз қажет.
Аға ұрпақ өкілдері балалық шақта, жас кезімізде аштықты, жоқшылықты көп көрдік. Аталарымыз бен әкелеріміз азап шеккен қуғын-сүргінді, соғыс тауқыметін де сезініп өстік. «Әр заманның өз сұрқылтайы бар», сондай-ақ, адамдарға артар өз қиындығы болады. Қазіргі жастар қиындық көрмей отыр деп кім айтады? Рас, олар біз сияқты аш-жалаңаш емес. Бірақ жаһандану үдерісіне байланысты олар психологиялық қиындықты бастан кешіріп отыр. Олардың түрлі секталарға кіріп, жолдан адасуы, интернет арқылы түрлі азғындыққа ұрынуы, қылмыстың қатыгезденіп кетуі жастарымыздың иығына түсіп отырған аз жүк емес. Осы арада атап көрсететін бір жайт – түп бастауымыздан, халықтық педагогика мен мінезімізден, дәстүр-салтымыздан ажырап қалмасақ, жастар тәрбиесі де жақсы болады. Сондықтан «қызың өссе қызы жақсымен ауылдас бол, ұлың өссе ұлы жақсымен ауылдас бол» деп қазақтар айтатындай, жастарға мойыны озық елдердің білімін алайық, ғылымын алайық. Бірақ олардағының барлығын көшіруден жастарды сақтандырсақ екен. Бұл орайда елде жұмыс жүріп те жатыр, мен соған шүкіршілік етемін. Мен әр адамды жұлдызға теңеймін, айналамдағы адамдардан, оның ішінде өзімнің студенттерімнен тек жақсылық күтемін. Осы үміт мені алға жетелейді.
Владимир ГЕРШУН,
А.Байтұрсынов атындағы Қостанай
мемлекеттік университетінің профессоры.
ҚОСТАНАЙ.
ЭКСПО-дағы әлем таңдауы
Жақын күндері қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағытын айқындаған «Қазақстан-2050» Стратегиясы халқымызға паш етілуінің бір жылдығы және Тәуелсіздік күні қарсаңында мен қадірменді Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Біздің басты жетістігіміз – біздің Тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз», деген сөздеріне қайта-қайта ойша ораламын. Иә, шын мәнісінде де, ел Президенті айтса айтқандай, біз өз шекараларымызды заңды түрде рәсімдедік. Жаңа елордамыз – Астана бой көтерді. Біз өз еліміздің мүмкіндіктерін әлемге таныту үшін Астананың әлеуетін барынша пайдалана алдық. Нақ сол себептен де халықаралық қоғамдастық Қазақстанды ЭКСПО-2017 бүкіл дүниежүзілік көрмесі өткізілетін орын ретінде таңдап алды. Әлемдік таңдау біздің елімізге, Қазақстанға түскені үшін мақтаныш сезіміне бөлендік. Төрт жылдан кейін Астанада халықаралық көрменің өткізілуі дамуымызды қосымша ынталандырып қана қоймай, Қазақстанның әлемдік қоғамдастықтағы, сонымен бірге, бүкіл Орталық Азиядағы және жаңадан жаңғырып жатқан Ұлы Жібек жолы бойындағы қарқынды дамыған жас мемлекет ретіндегі абыройын арттырып, жақсы атын танытары кәміл.
Жоғарыда айтқан алғышарттар тұрғысынан алғанда, ЭКСПО-2017-де Қазақстан облыстарының өңірлік ерекшеліктері, қазақ халқының бай дәстүр-салттары мен әдет-ғұрыптары және елдің барлық этностық қауымдастықтарының алуан түрлі мәдениеті көрсетілетіні түсінікті. Менің ойымша, Орталық Азия мен Жібек жолы өңірінің географиялық және интеграциялық-экономикалық орталығын бейнелейтін экспозиция алаңында күллі өңір елдерінде тұратын халықтардың Бірінші фестивалін орайластыра өткізуге болар еді. Мұның өзі «Қазақстан-2050» Стратегиясының ұлы мұраттарына әбден сай келеді. Он сан ұлттың ұлағатты ұлысы, бақыт ордасы болып отырған еліміздің абырой-беделі бүкіл әлем алдында осылайша тағы асқақтай түсеріне әлден-ақ көзім жетеді, көңілім сенеді. Бұл да Назарбаев стратегиясының әлемдік деңгейде салтанат құруы, оның біздің өміріміздегі айшықты көрінісі болмақ.
Гүлнара АННАКУЛИЕВА,
ҚХА Кеңесінің мүшесі,
түркімен этномәдени
бірлестігінің төрайымы.
Алматы.
Бұл – орындалатын арман
Ұлт тарихында желтоқсан айының ерекше орны бар. Алаш алыптары 96 жыл бұрын Тәуелсіз ел болу идеясын алғаш ұсынды. 1986 жылы кеңестік жүйеге жалынды жастар қарсы бас көтерді. Араға төрт жыл салып, халқымыз өзінің Тұңғыш Президентін сайлады. 1991 жылғы 16 желтоқсанда Тәуелсіз ел атанды. Былтыр 1 желтоқсан Тұңғыш Президент күні болып тарихқа енді.
Міне, Елбасымыз өзінің дәстүрлі халыққа Жолдауын да былтыр осы желтоқсан айында, қасиетті де ұлы мереке – Тәуелсіздік күні қарсаңында жариялады. Бұл – тарихи сабақтастық. «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасы – сабақтастықтың жаңа белгісі.
Жолдауда атап өтілген мемлекеттік тіл мәселесі әбден толғағы жеткен, ел тағдырының жаңа бастауы болары айқын. Өткен жылы Елбасы Астананы түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде әлемге танытты. «Елімді иесіз деймісің? Жерімді киесіз деймісің?» дейтін бабалар аманатына да былтыр осы Жолдаудан жауап тапқандай болдым.
Жер иесі қазақтың ежелден-ақ пейілі кең, жүрегі жомарт. Достыққа адал. Сондықтан, бұл Жолдауда межеленген мақсаттар – орындалатын мақсаттар! Иә, сәт! «ХХІ ғасыр – қазақтың алтын ғасыры» боларына сенім мол.
Ақан БОДЫҚОВА,
М.Х.Дулати атындағы
Тараз мемлекеттік университетінің
аға оқытушысы.
Жамбыл облысы.
Отан деген – осы!
Әркім үшін де ең қымбат қазына – өмір. Ал сол өмірі өрілген, әрбір кешті уайым-қайғысыз батырып, әрбір ақ таңды қуанышпен қарсы алған сүйікті Отанның қаншалықты қымбат болатындығын кез келген жан сезінеді деп ойлаймын.
Менің өмірім Қазақстанда, киелі Маңғыстау жерінде өрілуде. Тәуелсіздігін алып, өз даму жолын таңдаған Қазақстанның тыныс-тірлігі, тынымсыз дамуы жұрт қызығарлықтай. Мұның басында Елбасы Н.Назарбаевтың тың бастамалары, тегеурінді тапсырмалары, жақсылыққа ұйытқы бола алған көшбасшылығы және саясаткерлігі тұрғандығы анық. Әрбір жыл сайын халыққа жолданатын Жолдаудың жүгі ауыр. Ол, біріншіден, өткенді сараптау. Екіншіден, болашақты бағдарлау. Үшіншіден, осы екі кезеңді тоғыстыра отырып, қажетті шаралар негізінде тиісті орындарға, салаларға зор жауапкершіліктер жүктеп, маңызды тапсырмаларды міндеттеу. Саяси-экономикалық және әлеуметтік алуан мәселелерді арқау еткен Жолдаудан көпұлтты Қазақстандағы өзара татулық, ауызбіршілік мәселесі қалыс қалып көрген жоқ. Баршамызға белгілі, тәуелсіз Отанымызды әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енгізу үшін маңызды міндеттерді жүктеген өткен жылғы Жолдауда да халықтар достығына баса мән берілді. Елбасы қазақстандықтарды біріктіретін факторлар ретінде тұтас жерімізді, оны көркейткен ата-аналарымызды, ортақ тарихымызды және келешекте тағдыры бірге сабақтасатын балаларымызды атады. Сондықтан, Қазақстан жүріп өткен жол – біздің де өмір жолымыз, мемлекетіміздің келешектегі барар жолы, біздің ұрпақтарымыздың жүрер жолы. Демек, Елбасы жолдаған «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасы – біздің өміріміздің маңызы, бағдаршамы деуге толық негіз бар.
Маңғыстауда сан ұлт өкілі аралас-құралас тірлік кешуде. Украин халқының ұлы кобзарі Т.Шевченкоға Маңғыстаудың тарихи тұлғасы, төл перзентіндей көзқарас қалыптасқан. Оның мұражайы тарихи деректерге бай, Түпқараған ауданының қонақтарға қысылмай көрсететін құндылықтарының бірі. Өңірдегі 2000-ға тарта украиндықтар Мемлекет басшысы жүргізіп отырған саясатты қолдап, ұлтаралық татулыққа қылау түсірмей, үнемі жақсы істердің ұйытқысы болып келеді. Тіпті, бұл тұрғыда өте белсенді деуге болады. Мұның бәрі Елбасының «Қазақстан-2050» Стратегиялық бағдарламасына біздің қолдауымыз, ал бағдарламаның біздің өмірімізге берері – кемел келешек, бейбіт тірлік және ырыс-береке. Сондықтан, стратегиялық бағдарламада айтылған тапсырмалар мен міндеттерді жұмыла орындай отырып, нық Қазақстанды бірге құратын боламыз.
Татьяна ЛЕСНИЧЕНКО,
Т.Г. Шевченко атындағы украин этномәдени
бірлестігінің төрайымы.
АҚТАУ.
Бергенінен берері көп
Мамандығым дәрігер болғандықтан ба екен, Қазақстан Республикасының Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының медицина саласы қызметкерлері туралы жазылған бөлімін зейін қоя екі рет қайталап оқыдым. Бір менің ғана емес, әріптестерімнің де көкейіндегі көп дүниені дөп басқан құндылыққа тәнті болғаным да рас. Сондықтан «Стратегия-2050» біздің өмірімізден ерекше орын алғанын, көптеген жақсылыққа жол ашқанын баса айта отырып, әлі де ашатынына сенім артамыз.
Олай дейтінім, аталған құнды құжатта «Денсаулық сақтаудың ұлттық жүйесін ұзақ мерзімді жаңғырту аясында біз елдің барлық аумағында медициналық қызметтер сапасының бірыңғай стандарттарын енгізуге, сондай-ақ, медицина мекемелерінің материалдық-техникалық жабдықталуын бірыңғайландыруға тиіспіз», деп нақтыланған. Біле білген жанға бұл үлкен ой тастап қана қоймай, сала мамандарының еш алаңсыз жұмыс істеуіне туғызылатын бір мүмкіндік.
Осы жайтты біз қызмет орнымызда болсын, бейресми кездесулерде болсын, тіпті, дастарқан басында отырып та жиі талқылаймыз. Бірімізді екіншіміз толықтырып, «Стратегия-2050» біздің өмірімізге әкелуі ықтимал сан жақсылықты айтамыз. Әрине, сол әңгімемізді балалар да естіп, тосын сұрақтар қоятыны да жасырын емес. Сондай сәттерде де айтар жауабымыз осы құжаттан табылады. Бүгінгі күнімізге тәубе.
Түйіндеп айтқанда, бергенінен берері мол құнды құжатты қадірлей отырып, өзіміздің ғана емес, өзгелердің де сапалы жұмыс істеуіне үндей білу азаматтық парызымыз деп санаймын.
Игорь ВОЗЧИКОВ,
Алматы облыстық «АВИВ» еврей
этномәдени бірлестігінің төрағасы.
ТАЛДЫҚОРҒАН.
Жер – адамның асыраушысы
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық секторды дамытудың нақты жолдарын көрсетіп берді. Қазақстан мал және ауыл шаруашылығы қатар дамыған аграрлы мемлекет қатарына жатады. Жолдауда ет экспортын шығаруды дамыту, мал басын асылдандыру, астықтың сортын жақсарту арқылы өнімділігін жетілдіре түсу міндеті қойылған.
Шемонаиха ауданында мал және ауыл шаруашылығы қатар дамыған. Биыл аудан диқандары 146 мың гектарға егін егіп, гектарынан 22-24 центнерден дән бастырды. Біздің қожалық та күнбағыс, бидай, арпа егіп, гектарынан 25 центнерден астық жинады. Ірі қара малды асылдандырудың, мемлекетке ет, сүт тапсырудың жоспарын асыра орындадық.
Қожалықта 300-ге тарта адам еңбек етеді. Олар жалақысын ай сайын алып тұрады. Шаруа адамдарына жем-шөп тегін беріледі. Елбасы Жолдауында халықтың тұрмысын жақсарту, әлеуметтік жағдайына көңіл бөлу қажеттігі айтылған. Біз үздіктерге демалуға тегін жолдама береміз, жыл басынан бірнеше озатқа ақшалай сыйлық тапсырылды. Аудан әкімі Амангелді Тоқтаровтың қатысуымен ауыл шаруашылығы қызметкерлері күні еңбек озаттарына құрмет көрсетілді.
Жер ана адамдарды асырайды. Ол үшін жерді баптап, күтіп, агротехникалық жағынан барлық жағдайды жасап отыру керек. Алдағы уақытта да біз Елбасы Жолдауында атап көрсетілген міндеттерді абыроймен орындай береміз.
Александр БЕЛЬКИН,
Шемонаиха ауданындағы шаруа қожалығының төрағасы.
Шығыс Қазақстан облысы,
Шемонаиха ауданы.