06 Желтоқсан, 2013

Үш парақор ұсталды

354 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деуші еді баяғының қариялары. Бүгінде Атырауда теңге көрсе, жемсауы бүлкілдеп тұратын парақор­лар қатары азая­р емес. Осы айтқанымызға облыс­тық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің төмендегі мәліметтері айқын дәлел болмақ.

«Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деуші еді баяғының қариялары. Бүгінде Атырауда теңге көрсе, жемсауы бүлкілдеп тұратын парақор­лар қатары азая­р емес. Осы айтқанымызға облыс­тық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің төмендегі мәліметтері айқын дәлел болмақ. Қаржы полицейлері тарапынан Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Н.ға және осы департаменттің технигі А.ға қатысты ҚР ҚК-нің пара алу және пара алуға жәрдемдесу дерегі бойынша 2 қылмыстық іс қозғалған. Өйткені, төтенше жағдайлар департаментінің атына кір келтірген қос қызметкер мемлекеттік қызметті атқаруға уәкілетті және теңестірілген лауазымды тұлға бола тұра, бір серіктестіктің автоматтандырылған өрт дабылдамасын пайдалануға қабылдау актісіне жылдамдатып және кедергісіз келісім беру үшін 30 000 теңге пара алған.

Пара алу фактісіне байланысты тағы бір дерекке тоқталар болсақ, Атырау қалалық салық басқармасының жеңілдетілген таратуды жүргізу бөлімінің жетекші маманы жеңіл табыс табудың жаңа бір түрін ойлап тауыпты. Сірә, жетекші маман «Адамнан қулық артылған ба» дегенді жадына мықтап түйген секілді. Нақтылай айтқанда, ол қызметтік өкілеттігіне кіретін пара берушінің пайдасына жасаған іс-әрекетіне, яғни, жеке кәсіпкерлікті тарату кезінде айыппұл мен өсімақыны есептемеу үшін 80 800 теңге параны өзінің «Қазақстан Халық Банкі» АҚ-тағы карталық шотына аударту арқылы алған.

Қазір пара алушыларға қатысты қозғалған қылмыстық істер сотқа жолданды.

Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,

«Егемен Қазақстан».

Атырау облысы.

Соңғы жаңалықтар