Әрине, бұл ауыл облыс орталығынан шалғайда жатыр. Оған бару үшін Жайықтан пароммен өтеді, кейде су тасып жатқанда, амал жоқ, сонау Орал айналып баруға тура келеді. Бұл ауылға газ тартылмаған, ал қасындағы қол созым жердегі Сырым ауданының халқы газдың қызығын көріп отыр. Қандай дәуір өтсе де, қандай заман келсе де жаңылмайтын тіршілік дағдысы – малдың қиын кептіріп қораға жинайды, одан үйге тасиды, отқа жанып күл болған соң оны сыртқа тасиды, қысқасы, өмір бойы өстіп келеді. Сөйтіп жүріп той жасайды, қонақ шақырады.
Әрине, бұл ауыл облыс орталығынан шалғайда жатыр. Оған бару үшін Жайықтан пароммен өтеді, кейде су тасып жатқанда, амал жоқ, сонау Орал айналып баруға тура келеді. Бұл ауылға газ тартылмаған, ал қасындағы қол созым жердегі Сырым ауданының халқы газдың қызығын көріп отыр. Қандай дәуір өтсе де, қандай заман келсе де жаңылмайтын тіршілік дағдысы – малдың қиын кептіріп қораға жинайды, одан үйге тасиды, отқа жанып күл болған соң оны сыртқа тасиды, қысқасы, өмір бойы өстіп келеді. Сөйтіп жүріп той жасайды, қонақ шақырады.
Бұл ауылдың әйелдері баланы жуындырған суға кір шайқап алады, ол суды да құр босқа ақтарып төге салмай, аулаға шашады. Аулаға себелеп шашылған су шаң көтермеуге жақсы. Өйтетін себебі – бұл ауылға тұщы судың зары әбден өткен. Жерін қазсаң су шығады, бірақ ащы су, басыңды жусаң киіз секілді тұтасып қалады, кір жусаң ашпайды, шайға пайдаланасаң, шайды қағады. Қазір бұрынғыдай емес, су мәселесі ептеп болса да шешілген, енді көрші ауылдан күніне екі мезгіл су таситын көлікпен су әкелінеді. Халық оны бір үйдің баласындай болып бөліп ішеді, яғни сатып алады, рас, арасында «сен көп алдың, мен аз алдым» деген әңгімелер де болып қалады, ел іші болған соң, дегенмен, соған да риза. Әйтеуір таза су ішіп отыр ғой.
Бұл ауыл деп отырғанымыз, Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданына қарасты Сайқұдық ауылы. Жалпы, республиканың жер-жерінде Сайқұдық деген атаумен кездесетін ауылдар баршылық, бірақ, бұл ауылдың ерекшелігі – азамат ақын Жұбан Молдағалиевтің туған жері. Ауылда ақынның немере ағайындары әлі күнге тұрады. Кезінде ауыл кітапханасында ақынға арнайы бөлінген жеке бөлмесі де болған, шығармашылық адамы осы жерде отырып уақытын өткізіп, жазумен айналысқан екен. Жұбан Молдағалиевтің қолымен: «Сайқұдық ауылының кітапханасына сыйға тартамын», деп автограф қойылған 300-ден астам кітап осы кітапхананың баға жетпес байлығына айналған. Мектеп те Жұбан Молдағалиев есімімен аталады. Ауылдың кез келген қара домалағы Жұбан аталарының өлеңін жатқа айтады. Қарап тұрып риза боласың.
Әсіресе, осыдан 3 жыл бұрын ұйымдастырылып-өткізілген Жұбан Молдағалиевтің 90 жылдығы өзімен-өзі бұйығыланып, томаға-тұйық жатқан шағын ауылдың өміріне үлкен серпіліс әкелгендей еді. Күзде өткізілген ақынның мерейтойына дейінгі аралықта ауылда жаңадан Мәдениет үйі мен кітапхана пайда болды. Бала-шаға мәз. Тура шағын ауылдан екінші Астана салынып жатқандай көңіл-күйде көрінген. Жақында екі қабатты мектеп үйі пайдалануға берілмек. Бүгінде шағын ауылды көлікпен бетке алған мезетте сән-салтанаты келіскен ақшаңқан Мәдениет үйі алдыңнан қарсы алады. Бұл Мәдениет үйі ауылды біраз көтеріп тастады. Ең алдымен құрылысты салуды өз мойындарына алған «Нұрғасыр» ЖШС жігіттері ауыл жігіттерінің еңбегін беріп, құлап жатқан ескі клубты бұздырып, оның орнына жаңа құрылыс салды. Жігіттерге рахмет. Бүкіл ауылдың кәрі-жасының ризашылығын алды. Бұрын жұмыс таппай сенделіп, арақ ішіп, не істерін білмей ерігіп жүретін кей жігіттердің еңбекақы табуға ынтасы оянып, жалпы еңбекке деген құлшынысы артты.
Міне, шағын ауылдың өміріне ерекше жаңалық болған жағдайлар осындай. Айтып-айтпай не керек, қазақтың маңдайына біткен небір асыл азаматтардың қай-қайсысы да ауылдан шыққан. Ауыл кітапханасынан кітап алып оқып, қиялына қанат бітірген. Шағын ауылдың сахнасынан шығып республикаға, күллі әлемге әйгілі болған. Ендеше, ауылдағы мәдениетке ерекше көңіл аударған дұрыс. Бұл – таланттарға жол ашатын шаңырақ.
Нұрсәуле ҒАЗИЗҚЫЗЫ.
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы.