06 Желтоқсан, 2013

Бағдары белгісіздің болашағы бұлыңғыр

346 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Украинада жағдай жақсы емес. Қазір халықаралық ақпарат құралдары өз хабарларын осы елден бастайды. Телеарналарда Киевтегі «майданға» шыққандардың өзара төбелес, арпалыстарын көрсетіп жатады. Саяси күштердің көсемдері де солардың арасында жүр. Ел екіге жарылған.

Дүбірге толы дүние

Украинада жағдай жақсы емес. Қазір халықаралық ақпарат құралдары өз хабарларын осы елден бастайды. Телеарналарда Киевтегі «майданға» шыққандардың өзара төбелес, арпалыстарын көрсетіп жатады. Саяси күштердің көсемдері де солардың арасында жүр. Ел екіге жарылған.

Осының барлығы саяс­и ойынның көрінісі дерсің. Ал оның басты кейіпкері – Украина басшылығы, олардың екі­жүздеу саясаты.

Біраз жұрт Вильнюсте осыдан бір апта бұрын «шығыстық серіктестік» саммитінен біраз үміт күткен. Ешкім де Еуроодақ Украинаны өз қатарына қабылдай қояды демесе де, мәмілелік сөз айтылар, ол жұрттың, ең алдымен, украиндардың екіге бөлініп, айқасқа түсуіне тоқтау жасар деген дәме еді. Сол саммитке Мәскеудің мықты пысықтауымен барған Виктор Янукович Еуроодақпен арасын алшақтатып қайтты.

Украина – Еуроодақ алдында сұранушы жақ. Әдетте қабылдаушы жақ қана шарт қоя алады. Ал мұнда керісінше,  Янукович еуропалықтарға біраз шарт ұсынды. Украина пре­зи­денті осы жерде Батыста айтылып жатқан Украинаны Мәскеудің ық­палында қалдыруға болмайды, олар­ға қалай да қолұшын созу керек деген пікірге де арқа сүйеген болар. Бірақ бірден қарсылыққа ұшырады.

Сонда Янукович қандай талап қойды? Ең алдымен, Украина мен ЕО арасындағы еркін сауда оның Кеден одағымен байланысына кері ықпалын тигізбеуге тиіс деген талапты Брюссельдің қабылдамайтыны екібастан белгілі еді. Оның үстіне Януковичтің өзара қарым-қатынас мәселесін шешкенде Украина – Еуроодақ – Ресей форматын пайдалануды ұсынуы тіпті ақылға сыя қоймайды. Әрине, мұны Мәскеудің тықпалап отырғаны айтпаса да түсінікті. Содан кейін өз елінің Еуропаға кірігуі үшін 160 миллиард еуро (Украинаның біржылдық іш­кі жалпы өніміне пара-пар!) қар­жылай көмек көрсетуін алға тосты. Әрине, мұндай экономикалық жүкті Еуроодақтың арқалағысы жоқ.

Украина атынан Янукович жасаған ұсыныс-шарттарға бірден тойтарыс берген Литва президенті Даля Грибаускайте болды. Бұл ел қазір ЕО-ның төрағалығын атқарады, Еуроодақ өз шарттарынан ешқашан да қайтпайтынын, қайта оған украин жағы икемделуге тиістігін мәлімдеді. Ал келіссөзге Мәскеуді қатыстыру жөніндегі ұсынысқа Еурокомиссия президенті Жозе Мануэл Баррозу бірден-ақ тойтарыс берген. Сөйтіп, Янукович Батыстан таяқ жеп қайтты десе де болады. Сөйтсе де, оның дүйсенбі күні Баррозуға телефон шалып, ЕО-ға кіру жөніндегі келісімді нақ­тылау үшін Украина делегация­сын қабылдауға өтініш білдіруіне таңданасың. Одан соң Янукович Қытайда сапарда жүрген кезде жаны қысылған премьер-минис­тр Н.Азаров сол Еуроодақпен келіс­сөзге делегация құрамына оппо­зицияның кіруіне ұсыныс жасауы да қызық. Жалпы, бұлар кіммен болғысы келетінін де білмейтіндей көрінеді.

Ал енді Украинаны Ресейдің қарық қыла қоятыны да күмәнді. Әрине, Мәскеу оларды Кеден ода­ғына кіргізуге уәде беріп, оған қақ­паны айқара ашпақ ойда екені анық. Украина Кеден одағына кіріп, оның қабырғасын бекітіп, беделін көтере қоймас. Қайта құйрығына байланған шаласы бар, оның берекесін кетір­месін деңіз. Сонан соң, Кеден одағына мүше елдердің, оның ішінде, алдымен біздің елдің Еуропамен, Еуроодақпен айтарлықтай терең байланысы бар. Соған Батыспен түс шайысқан Украинаның КО-ға кіруі қырсығын тигізбес пе екен деген ой да көңілді қобалжытады.

Сөйтіп, дәл қазір Украинаның ЕО-дан біржола кетісі, КО-ға қосылуы, әйтпесе, керісінше, ЕО-ға оралуы нақты шешілген жоқ, белгісіз жағдайда. Бұл белгісіздік елдің берекесін кетіріп тұр.

Ұсынылған қолды қағып тастау қиын

 

Таиландта араға жыл салып, билікке қарсы шығып, бой көрсету дәстүрлі жайдай көрінеді. Міне, екі аптадан бері бұл елдің астанасында көше толған шерушілер. Қызылды-жасылды киінген оларды кейде салтанатқа қатысушыларға ұқсатуға да болғандай. Ал олардың талабы үлкен – үкімет қызметінен кетсін дейді.

Ал үкімет оларға қарсы айтар­лықтай шаралар қолданды: алдында полиция тосқауыл жасап, таратып жіберуге тырысты, сонан соң сумен, резеңке оқпен атқылап, көзді ашытатын газбен тұншықтырды. Сонда да болмаған соң, жолдарын тас қабырғамен, тікенек сыммен бөгеді. Бәрібір шерушілер тоқтамай, үкімет үйіне қарай ұмтылыстарынан таймады.

Дәл осы жерде ел премьер-ми­нис­трі Йинглак Чиннават бас­қаларға сабақ болғандай қадамға барды. Барлық кедергілерді алып тастауға, олардың қозғалысына бөгет жасамауға нұсқау берді. Ше­рушілер полиция бөлімдеріне кі­ріп, ондағылармен қол алысып амандасып, өздерінің бейбіт ниет­терін білдіріпті. Сондай-ақ, олар­ға үкімет үйінің де қақпасы ашылған. Бірақ артық әрекеттерден сақ­танып, шенеуніктер жұмадан бері кеңселеріне келмеген екен. Шерушілер өкілдері үкімет үйлеріне кіргенімен, еш нәрсеге тиіспеген.

Ал қарсылық білдірілгенде ше? Онда біраз нәрсенің бүлінетіні анық еді. Қарашаның соңғы күнінен желтоқсанның алғашқы екі күніндегі қақтығыстан 200-ден астам адам жарақат алып, үш адам қаза тапқан. Қираған дүние өз алдына. Шерушілер мен полиция арасындағы қақтығыс тоқтағаннан кейін жұрт осынау екі аптаның ішінде бүлінген нәрсені жинастырып, көшені сыпырып, көп нәрсені ретке келтіріпті. Білгенге – бұл да сабақ, білмегендер қыр­қысып жатады.

Жоғарыда айтқанымыздай, шерушілердің талабы үлкен. Олар премьер-министр Йнглак Чин­на­ваттың қызметтен кетуін талап етеді. Бұған байланысты үкімет бас­шысының мәлімдемесі де жария­ланған. Ол шерушілердің талабын орындаудан бас тартып отыр. Оның пікірінше, бұл ел конституция­сына қайшы келеді. Сөйтсе де, ол оппоненттерімен келіс­сөз жүргізуге әзірлігін білдірген.

Осы жерде азырақ шегініс жасағанымыз жөн. Осыдан біраз бұрын елдің премьер-министрі Таксин Чиннават маңызды халық­аралық жиынға кеткенде, елде төңкеріс болып, билік басқаларға көшкен. Олар премьер-министр елге оралар болса, тұтқындалып, қамауға алынатынын мәлімдеген соң, Чиннават біржола сыртта қалып қойды. Бірақ оның елде беделі үлкен еді. Арада біраз уа­қыт өткен соң, парламент сайлауында оның партиясы жеңіске жетіп, Таксин Чиннаваттың туған қарындасы Йинглак премьер-министр болып тағайындалған. Бүгін жұрт оны ағасының айтқанымен жүреді деп айыптайды.

Таңданарлығы – бүгінгі оппо­зицияның көсемі Сутен Тогсубан кезінде Таксин Чиннаваттың орынбасары болған. Ол қазіргі үкімет басшысына ешқандай келіссөзсіз бірден қызметтен кетесің деп шарт қойып отыр. Содан да бұл елдегі жағдай күрт өзгеруі әбден мүмкін. Сөйтсе де, қарсыластарына қайшылықты келісім жолымен шешуді ұсынған қазіргі үкімет басшысының бастамасын жоғары бағалағың келеді.

Мамадияр ЖАҚЫП,«Егемен Қазақстан».

 

Соңғы жаңалықтар