Білім • 22 Желтоқсан, 2020

Бала зардап шекпесін жол бойында

156 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Жол-көлік апаты қазіргі адам баласының өміріне әбден еніп кеткен күнделікті көрініске айналды. Бірақ бұған төзуге болмайды. Әсіресе адамдардың жауап­сыздығынан, тәртіп бұзуынан кәмелетке толмағандар зардап шекпеуі тиіс.

Бала зардап шекпесін жол бойында

Статистикалық мәліметтерге қара­сақ, әлемде әрбір 24 секунд сайын бір адам жол апатынан қаза табады екен. Осылайша күніне үш мыңнан астам адам, жыл сайын 1,35 миллион адам жол-көлік оқиғасынан көз жұматын көрі­неді. Бұдан бөлек 10 миллиондай адам жарақат алып, мүгедек арбасына таңылады.

– Біздің Батыс Қазақстан облысында 2020 жылдың 10 айында 247 жол-көлік оқиғасы орын алды. Осы апаттардың салдарынан 57 адам қаза тауып, 298 адам әр түрлі дене жарақатын алды. Балалардың қатысуымен 31 оқиға болып, оның салдарынан 1 сәби қайтыс болып, 34 адам жарақат алды, – дейді Батыс Қазақстан облыстық Полиция департаментінің ресми өкілі Болатбек Белгібеков.

Біріккен Ұлттар Ұйымы қараша айы­ның үшінші жексенбісін Дүниежүзілік жол-көлік оқиғасының құрбандарын еске алу күні деп белгілеген болатын.

Біріккен Ұлттар Ұйымының деректеріне қарағанда, жол-көлік апатында қаза тапқандардың жартысынан астамы – жаяу жүргіншілер, мотоцикл және велосипед жүргізушілері екен. Мұндай оқиға біздің елімізде де аз емес. Сондықтан билік орындары, құқық қорғау органдары жолдарды жоспарлап салудан бастап, жылдамдықты арттырмау, көлік құралын мас күйде жүргізуге жол бермеу, қауіпсіздік белдігін тағу, мотоцикл жүргізушілеріне дулыға кию, балаларға арналған орындық қою бойынша бірқатар шара қабылдап, тұрғындар арасында үнемі түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді.

2019 жылы 20 желтоқсанда балалар мен жасөспірімдер зардап шегетін жол-көлік оқиғаларының алдын алу, осы игі іске жұртшылықтың назарын аударту мақсатында Эни, Шелл және EASST компанияларының өкілі «Гауһар жолы» қозғалысы Полиция департаментіне жолда жүру ережесін, әсіресе балалар­дың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бо­йынша шеберлік сағатын өткізуге ар­нал­ған мобильді алаң мен бұрыш жа­сақтап берген. Бұл алаңда жолда жүру ережесін қалай сақтау керек екенін көр­сететін ойын түрінде кеңістік бар. Онда көлік құралына қойылатын нақты талаптар көрініп тұр. Осы мобильді алаңда балаларға бағдаршамның қай түсі жанғанда жаяу жүргіншілер өт­ке­лінен өту, жол белгілерін білу дағ­дыларын үйретеді және балаларды кө­шеде, жолда қауіпсіздік ережелерін сақ­тауға дағдыландырады. Бұл мектеп оқушыларын жол ережелеріне баулуға өте пайдалы құралдар.

Биыл да қараша айында «Гауһар жолы» қоғамдық бірлестігі Орал қалалық Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонымен бірлесіп, Орал қаласындағы «Атриум» сауда үйінің бірінші қабатында акция өткізді.

Болатбек Белгібековтің айтуын­ша, Теректі, Сырым және Қаратөбе ауданда­рындағы мектептерде де оқушыларға жолда жүру ережесін түсіндіретін тақы­рыптық кештер ұйымдастырылған. По­лиция департаментінің қызметкерлері мек­тептерге арнайы барып, оқушыларға жоғарыда айтылған мобильдік алаңда практикалық сабақтар өткізген.

Көрнекі құралдарды пайдаланып, полиция қызметкерлерін қатыстырып өткізген мұндай шаралардың маңызы үлкен. Оқушыларға ерекше әсер етеді.

«Мұндай сабақтарды барлық аудандарда өткізу жоспарланған еді, алай­да қазіргі карантин жағдайында оқу­шылардың онлайн форматында оқытуға көшуіне орай әзірге тоқтатылып тұр», дейді Б.Белгібеков.

 

Батыс Қазақстан облысы