Білім • 22 Желтоқсан, 2020

Дарынды оқушылар марапатталды

420 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елімізде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың бастамасымен қолға алынған «Ел үміті» бағдарламасы аясында халықаралық пән олимпиадаларының жүлдегерлеріне берілетін El maqtanyshy сыйлығы, «Мың бала» ұлт­тық олимпиадасы және жеті негізгі бағыт бойынша талантты жастардың әлеуетін дамыту үшін «Елбасы медалі» тағайындалғаны белгілі. 

Дарынды оқушылар марапатталды

Павлодар облыстық білім басқар­масының ұйымдастыруымен өткен салтанатты іс-шара­ға «Мың бала» ұлт­тық олимпиадасының жеңімпаздары, республикалық физика-матема­тика мектебінің оқушысы Жұбаныш Аманбек, облыс орталығындағы №38 мек­теп­тің оқушысы Мұстафа Тілеубекұлы, Кен­­жекөл орта мектебінің 6-сынып оқу­шы­лары Нұрасыл Шәкар, Алтынай Қа­биболла, Ай­хана Қалиева қатысты.

Облыс орталығындағы Назарбаев зият­­­керлік мектебінің оқушысы Хайдар Қайыр­бек 500 мың теңге сыйақы көлемінде

El maqtanyshy сыйлығын алды. Хайдар биыл 52-ші Халықаралық олимпиадада қола жүлде алса, ұстазы Оразбай Асылбек те марапатқа ие болды. Осы оқушылар сияқты «Ел үмітін» жеңіп алған өңіріміздің 53 жас өреніне Нұрсұлтан Назарбаев қорынан ноутбуктер табыс етілді. Ал облыс орталығындағы №17 мектептің оқушысы Эвелина Рудько, №24 мектебінің оқушысы Алланұр Ысқақов, «Білім-Инновация» лицей-интернатының оқушысы Арнұр Дәулет сияқты 14 оқушы «Елбасы медалімен» марапатталды.

Жас дарындарды құттықтаған өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов Елбасы жас таланттарды әрдайым қолдайтынын және елімізде олардың одан әрі дамуы үшін жағдай жасалып жатқанын атап өтті.

Облыс әкімдігінде өткен марапаттау рәсі­міне 9 оқушы қатысты, қалған 64 оқушы кез­де­суге өздерінің тұрғылықты жерлері бо­йынша өңірдің қалалары мен аудандары әкім­діктерінен онлайн байланыс арқылы қосылды.

Павлодар облысы