Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2020

Жастар саясатын қолдауға – 3 млрд теңге

145 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысында 2020 жылы мемлекеттік жастар саясатын іске асыру үшін 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл жөнінде облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрхат Ораш хабарлады.

Жастар саясатын қолдауға – 3 млрд теңге

Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының 20 пайызын жастар құрайды. Яғни өңірде 14 пен 29 жас аралығында 128 527 жас бар.

Жастардың жұмыспен қамтылуы, пайдалы іске тартылуы – әрдайым басты назарда. Мәселен, биыл облыста мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 46 жобаны іске асыруға 185 млн теңге бөлінді. Өңірде еш жерде оқымайтын, жұмыс істемейтін, яғни NEET жастарының үлесі 2020 жылдың ІІІ тоқсанында небәрі – 2,8% болған екен. Бұл республика бойынша ең төменгі көрсеткіш.

Биыл елімізде жарияланған «Еріктілер жылында» батысқазақстандық жастар да белсенді болды. Облыста 10 мыңнан астам волонтер бас қосқан 60-қа жуық ұйым бар. Бұл ұйымдардың қызметі volunteer07.kz ақпараттық сайты аясында үйлестірілген.

- Волонтерлардың күшімен биыл облыс бойынша барлығы 19 412 отбасына азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да түрде көмек көрсетілді. Оның ішінде 12694 отбасы тегін азық-түлікпен, 478 отбасы дәрі-дәрмекпен қамтылды, 1047 отбасының үй жұмыстарына көмектестік. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында волонтерларқұқық қорғау органдарымен бірге 1206 мәрте рейдке шықты. Еріктілердің күшімен 80 мың беьперде қолдан тігіліп, барлығы 350 мың бетперде халыққа тегін таратылды, - дейді Нұрхат Ораш.

Сондай-ақ «Жасыл ел» бағдарламасы бойынша биыл 1175 сарбаз, студенттік құрылыс жасақтары құрамында 371 жас маусымдық жұмыспен қамтылған.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында батысқазақстандық 6207 жас жұмысқа орналасқан екен. Бұған қоса, 98 жас жеке кәсіпкерлікке бой ұрып, несие алса, 517 жас жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға қайтарымсыз негізде грантқа ие болған.

Биыл «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша 818 маман ауылдық жерге жұмысқа тартылып, 224,4 млн теңге көлемінде көтерме жәрдемақы алған екен. Соның ішінде 555 маманға 2,154 млрд теңге көлемінде баспана несиесі берілген.

 

Батыс Қазақстан