Мәжілістің соңғы жалпы отырысында мұнай және мұнай өнімдерінің айналымына мемлекеттік бақылауды күшейту мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бірінші оқылымда мақұлдануға ұсынылды. Бұл заң жобасы депутаттар В.Нехорошев, В.Котович, Е.Нығматулин және Б.Қонарбайдың бастамашылдығымен дайындалған екен.
Заң жобасы нені көздейді деген сұраққа келетін болсақ, ол мұнай құбырларын тесіп, оларға басқа бағытқа кететін құбырлар жалғау арқылы шикі мұнайды ұрлауға қарсы күресу жолдарын қарастырады. Осындай, барынша ұйымдасқан қылмыс бізде де орын алыпты. Заң жобасы туралы баяндама жасаған В.Котовичтің айтуына қарағанда, 2001-2004 жылдары еліміздің аумағында бірде-бір рет осындай тәсілмен мұнай ұрланбаған болса, 2005 жылы ондай оқиғалар – 43, 2006 жылы – 44, 2007 жылы – 74, 2008 жылы – 131 және 2009 жылы 148 рет болған.
Мұндай сұмдықты Ресей аумағындағы Чешенстан жерінде болады дегенді еститін едік, “Құлақ естігенді көз көрді” дегендей сол біздің елге де келген екен.
Ұрланған шикі мұнай қайда барады, біздің елде де ондайды қарабайыр тәсілмен өңдейтін мини-зауыттар бар ма екен деген сауал көкейімізге келіп қалып еді, оған баяндамашы өзі жауап берді. Нақты емес деректерге қарағанда, ұрланған мұнай терминалдарға немесе мұнай қабылдайтын пункттерге өткізіліп, “заңдасып” кетеді екен. Сондай-ақ заңды жолмен және ешқайда тіркелмей-ақ, заңсыз жұмыс істейтін мини-зауыттарға өткізілетін көрінеді. Кейде жүргізушілердің бензиннің немесе солярканың сапасыздығы салдарынан көлігінің бұзылып қалғанына наразылық танытып жүретіндерінің осындай сыры бар болып шықты. Заңсыз жолмен, қашып-пысып, ешқандай стандартқа жеткізбей жасалатын бензин қайдан сапалы болсын?
Заң жобасы осындай әрекеттердің жолын кесуге бағытталған. Ал оның саяси маңызы туралы айтқанда, В.Котович мұндай істер Қазақстаннан мұнай тасымалдайтын шетелдік компаниялардың елімізге деген сенімсіздігін тудыратынын, осының салдарынан жалпы елімізге деген келеңсіз көзқарастың қалыптасатынын жеткізді.
Бірақ депутат Ирак Елекеев өзі тарапынан мұндай заң жобасының қажетсіздігін айтты. Осындай істер, яғни мұнай құбырын тесіп, одан шикі мұнайды ұрлау Қылмыстық кодекстегі “ұрлық” атты бапта қарастырылады емес пе? Ендеше, қылмыстық баптарды көбейтіп, тағы да өзгерістер мен толықтырулар енгізуіміз керек пе? Бүгін осындай ұрлыққа байланысты өзгеріс енгізсек, ертең басқа түрлі қылмысқа байланысты тағы өзгеріс енгізуіміз мүмкін ғой. Сонда біздің Қылмыстық кодексімізден не қалады, деді өз уәжін алға тосқан ол. Сондықтан Қылмыстық кодекске өзгеріс енгізуге барынша мұқият болуымыз керек. “Адам болса, айыптайтын бап табылады” (был бы человек – статья найдется) демекші, баптарды көбейте бергеннен не ұтамыз. Қазіргі баптармен осы ұрыларды соттауға қандай кедергі бар, деді депутат. Одан әрі И.Елекеев Жоғарғы Соттың өзіне берген анықтамасына қарағанда, мұндай категориялы істер соттарға жеткізілмейді де екен. Сондықтан оларды қарауда ешқандай проблема жоқ.
Ирак Елекеевтің қарсылығына қарағанда, ол кейбір мұнай құбырлары иелерінің мүддесін қорғап, әріптестері Қылмыстық кодекске артық өзгеріс енгізгелі жатқан жоқ па деген күмәні бар сияқты көрінді. Әйтпесе, орындалуы бюджеттен ешқандай қосымша қаржы бөлуді талап етпейтін, елдегі тәртіпті нығайтуды көздеп отырған заң жобасына депутат неге қарсы болсын?!
Оған жауап берген В.Котович Қылмыстық кодекстегі мұндай істер қаралуға тиісті “ұрлық” атты бап осынау ұйымдасқан қылмыстың барлық жақтарын тегіс қамтып, олардың қатысушыларының барлығын жауапқа тарта алмайтынын айтты. Осыған мысал ретінде ол 2005 жылы жасалған осындай 47 қылмыстың 7-уіне ғана, 2006 жылы жасалған 53 қылмыстың 23-іне ғана, 2008 жылы жасалған 138 қылмыстың 78-іне ғана қатысты қылмыстық іс қозғалғанын жеткізді. Сонымен бірге, заң жобасын дайындау барысында басқа елдердің тәжірибесі зерттелгенін, соның ішінде Ресейдің заңнамаларында осындай өзгерістердің бар екенін атап көрсетті.
В.Котовичті қолдап депутаттар М.Тінікеев, З.Алшымбаев және т.б. сөйледі. Соның ішінде М.Тінікеев осындай қылмысқа қарсы қатаңдатылған шара қолданатын заңымыз болмаса, компаниялардың алдында елдің іскерлік репутациясына зиян келтіретінімізді көлденең тартты. Бұл өте үлкен апатқа соқтыратын ауыр қылмыстар, деген ол Ресейдегі Башқұртстан астанасы – Уфа қаласының түбінде жүздеген адамды құрбандыққа ұшыратқан мұнай құбыры жарылысын еске алды. Міне, сол қылмыс мұнай құбырларын тесуге жол берудің салдарынан болған. Сондықтан, ондайдың алдын алу үшін заңнамамызды қатаңдату керек, яғни заң жобасын мақұлдағанымыз дұрыс, деді ол. Зейнолла Алшымбаев болса, Жаңаөзенде аса ауыр қиындықпен өндірілген мұнайдың осындай әдіспен ұрланып жатқанына қатты күйініп отырған адамдарды көргенін айтты. Ұрылар жымқырылған шикі мұнайды өңдейтін сапасыз зауыт та салып алған, онда солярка, мазут сияқты өнімдер шығарылады екен, деді ол.
Талқылау қорытындысы бойынша заң жобасы бір адамның қалыс қалуымен бірінші оқылымда мақұлданды.