Аймақтар • 22 Желтоқсан, 2020

Түркістан облысында тұрмыстық техникалар шығарылады

341 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Artel компаниясы Түркістан облысында ас үй плиталарын, қалыптау бұйымдарын және электр су жылытқыштарын шығаратын зауыт салады. Екі кезеңде жүзеге асырылатын жоба аясында 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашу көзделуде. Бірінші кезеңде, яғни 2021 жылдың соңына қарай жыл сайынғы қуаты 500 мың бірлік тұрмыстық техника – ас үй плиталары өндірісі іске қосылады. Екінші кезең – 2022 жылдың соңына қарай электр су жылытқыштарын өндіру жоспарланған.

Түркістан облысында тұрмыстық техникалар шығарылады

Жобаны іске асыруды инвестициялар тарту және экспортты дамыту жөніндегі "Turkistan Invest" өңірлік агенттігі сүйемелдейді. Ол "бір терезе" қағидаты бойынша жүреді. Жобаның құны - 85 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл деректер Түркістан облысы әкімінің орынбасары Мейіржан Мырзалиев пен Artel компаниясы тобының өкілдері кездесуінде мәлім етілді. Сондай-ақ М.Мырзалиев серіктестерге өңірдің инвестициялық ахуалы, экономикалық мүмкіндіктері туралы айтып, әкімдік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. «Мұндай жобаларды іске асыру Қазақстан-Өзбекстан ынтымақтастығы мен екі мемлекеттің дамуы үшін аса маңызды. Жобаның іске қосылуы елдегі тұрмыстық техниканың импортын алмастыруға және "қарапайым заттар экономикасын" дамытуға қызмет етеді», деді М.Мырзалиев.

 

 

Түркістан облысы