Руханият • 23 Желтоқсан, 2020

Өлеңнің серті кетіп, дерті қалса...

1733 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Поэзия деген не десе, бір сөзбен айт десе, поэзия деген серт дер едім. Бұған біреулер «Көркемдік ше, көркемдік?» деп таласа кетуі мүмкін. Ал мен оларға: «Ант пен серттен асқан қандай көркемдік бар?!» деп айтар едім. Ант пен серт жүректен шығады, сондықтан да ол көркем болады. «Құран ұстап ант еттім», «Семсер ұстап серт еттім» дегендей сөздер содан қалған жоқ па. Ант пен сертте жалғандық та болмайды емес пе.

Өлеңнің серті кетіп, дерті қалса...

Абай да «Моласындай бақсының, Жал­ғыз қалдым тап шыным» дегенде бетім­нен қайттым деп отырған жоқ. «Осы халге жетсем де қоймаймын» деп ант­тасып, серттесіп отыр. «Қызыл тіл, қолым емес, кісендеулі» деген Мағжан да серттен таймай, сол жолда тән мен жанды шен­дестіре толғайды. Қараңыз, «қолым емес, қызыл тілім кісендеулі» дейді.

Мұқағалидың: «Айтарын ашып айт­қан абайламай, Дариға-ай, Махамбеттер, Абайлар-ай!» дегені де осыдан шығады. Өкінішке қарай, отаршылдық кезінде өлеңнің рухы сынды. Бір сөзбен айт­қанда, ақындарға өлеңнің серті кетіп, дер­ті ғана қалды. Бірақ соның өзімен де біраз нәрсені айтуға болатын еді. Міне, осы тұста ақындық деген асыл сөзден тұра­тын біртұтас ұғым екіге айырылды.

Сөздің сертін ұстағандар сиреп, дер­тін құшқандар көбейді. Бағзыда ақын деген сөздің өзі тұлға деген мағынаны біл­діретін еді. Енді ол тұлға және тобыр болып екіге бөлінді. Осымен тұс­па-тұс келген жазба әдебиетінде ақын­дар армиясы пайда болғанын не­сіне жасырамыз. Олардың жазатыны біт­пейтін сурет, таусылмайтын теңеу, сарқылмайтын сарын.

Бір гүлдің өзіне мың түрлі теңеу табуды қандай мақтанышқа балауға болады. Оны қойып текемет пен кілемдегі ғасырлар бойы жасалған оюдың өзі де санаулы-ақ емес пе. Абайдың өзі де метафораны молынан қолданатыны болмаса, құр теңеуге көп әуес бола бермеген. Ендеше гүлдің неше түрлі көрінісін балаша қызықтап, артық теңеуді үйіп-төге бергеннен не шығады.

Бір данышпан «Сырт әлемін суреттеп жаза беру, ішкі әлемін жете біл­меудің әсерінен туады» деген екен. Сол айт­пақшы, қазір сыртқы дүниені қы­зықтап жазатын қызыл сөзге үйір ақын­дар көп. Мысалы, «Алматының төрін­де» деп айтыс ақындарынша төгілте жөне­летіндер бар. «Алматының бас жағы, аяқ жағы» дегенмен де келісуге болады. Ал бірақ «Алматының төрі» деген ақынға мүл­дем жараспайтын құлдық психологиядан туған тіркес.

Соңғы кезде лирикалық «менге» де күмәнмен қарай бастадық. «Ақын өзінің мұңын айту арқылы қоғамның мұңын айтып отыр» деп қояды. Ол рас та шығар, себебі сын мақалаларда сондай пікір көп айтылады. Оның үстіне ақындар қоз­ғаған ішкі дерттің постмодернизммен ұштасатын тұстары да жоқ емес. Бірақ қазақы ұғымда ішке түскен дертті жақсы айтпайды. Яғни ішкі дерттің әлеу­мет­сіз­денуі жай ғана жан ауруы емес пе деген күмән тудырады.

Кешегі диссидент ақын Иосиф Брод­­скийдің он сегіз жасында жазған «Пилигрим» атты өлеңі ешкім күтпеген екі жолмен аяқталыпты. Соның бірінші жолы «Солдаттар топырақты тыңайтады» деп келеді. Бұл Лермонтовтың «Жауын­гердің моласы» атты өлеңінің бір жолға сыйып кеткен түрі. Лермонтовта: «Ол ер­теден ұйықтап жатыр, Ұйықтап жатыр соңғы ұйқымен. Шөп шығыпты шөгіп ақыр, Топырағына төсіне үйген» деп жыр­ланады.

Әуелгіде Бродский Лермонтовқа па­ро­дия жазып отырғанға ұқсайды. Се­бебі, өлеңнің екінші жолы «Ақындар әсірелеп мұны айтады» деп келеді. Бірақ Лермонтовта да: «Құрт ұялап қорықпай бір, Ер бетіне салды-ау ойнақ», «Қонды бүр­кіт қараңғыда, Моласына елсіз аңғар» деген жолдар бар. Екі ғасырда жа­зыл­ған екі өлеңде де соцреализм қабыл­дай бер­мей­тін шындық жатыр.

Бәлкім бұл екеуі де қазіргі айтып жүр­ген гиперреализмнің ұшқындары шы­ғар. Бірінде «тыңайтқышқа айналды», екін­шісінде «құрт жеді» деген жолдар ақы­реттік ауыр шындықтарды алдыңа тосады. Қайсы өлеңде опимистік, қайсы өлең­де пессимистік сарын басым екені басқа әңгіме. Мәселе қандай өлім болса да өз атымен атауға ештеңе жетпейтінін көрсетуде болып отыр.

Ал біздің қазіргі ақындарымыздың көбінің ішке түсіп кеткен қайғысы кө­­бінесе жалған әсерден туындайды. Олар­­да абстрактіге айналған ұғым басым, ал көрген қорлықтары мен шеккен қа­сіреттерінің дәл атауы жоқ. Ақындар өз жанының түкпірінен шындық іздесе де, ол шындық өзгеге ортақ емес. Ал өз­геге де ортағы бар ма десеңіз, жалқы ақын­дар ғана ауызға ілігеді. Соларды теріп оқысаңыз, өлеңнің тағы бір серті жалғандыққа бармауда екенін түсінесіз.

«Кешіріңдер кітабымды бітетін, Ай­та алмастан бір шынын» деп айту да өлең сөздің сертін таза мойындағандық. «Қарашы анау балағынан кірі аққан, қала қандай сүйкімді» деген жолдар да жоға­рыдағы «Алматы төрі» деген жалған пафостан гөрі әлдеқайда жаныңа жақын. Ал «Тамшылар, тамшылар, Қамшылар – жерді сабалаған. Тамшылар – аңшылар мені қамалаған» деген жолдардағы үркек сезім ішкі дүниеңмен қалай үйлесе кет­кенін өзің де сезбей қаласың. Бәрін айт та бірін айт демекші: «Надан шықса төбеге құтырады мың надан, Надандардан тұратын сияқтанып бұл ғалам» деген тармаққа бар ғаламыңыз сыйып тұр.

Жоғарыдағы жолдар «қара қыстың да көзінен жас ақтырған» Гүлнар Са­лық­байдың өлеңдерінен алынды. Гүл­нардың өлеңдеріне: «Қара қазан түбінде қайнап-қайнап, Дүниенің қызығы сар­қылғандай» деп таусыла айту тән. «Гүлдер тойлап алды-дағы тойларын, Со­дан кейін өліп жатты біртіндеп» дегенде өмір шындығының ештеңеге ба­ғынбайтынын көресіз. Бұл әлгіде кел­тірген «топырақты тыңайтқан солдаттар» сияқты шындықтың бетіне тура қараудан туған тармақтар. Бродскийде де адамдар қанша жанталасса да, бәрі өткінші.

Шын ақын «бақыттымын» деп еш­қашан айтпайды. Айтса әлдебір саяси науқанның ықпалымен айтады. Жалпы адамның бақыттымын деп айтуының өзі күпірлік. Себебі айналаңа ақын көзімен қарасаң, бәрібір бақытсыздықтар бар ғой. Басқасын айтпағанда, Абайдан бірауыз бақыттылық туралы сөз кездестірер ме екенсіз? Бірақ Гүлнар «Менің бүгінгі бақытсыздығымның ғұмыры, Ақ қар жерге жеткенше үзілді» дейді. Өлең одан әрі: «Бүгінгі бақыттылығым арман еді, Айта алар жалғыз гүл тілі. Бүгінгі бақытсыздығым жалған еді: түтіндей, түстей, күлкілі...» деп жалғасады.

Өлең бір қарағанда бақыттылық туралы сияқты оқылады, алайда түпкі ой бәрібір бақытсыздыққа тартып тұр. Кейде шын шебердің қолынан шыққан өлеңнің кері мағынада оқылатыны да бар. Бір сипатты оқып отырып, екінші сипатты көретініңіз құбылысқа тең нәрсе. Таласбек Әсемқұловтың «Атайысында» ма, «Шымданында» ма, таудың арғы бетіндегі еліктің бейнесін төбесіндегі са­ғым арқылы көретін бір эпизод кез­деседі. Гүлнар да мына өлеңінде бақыттылықты арман ретінде ғана береді, ал реалды түрде көріп тұрғаны қар жерге түскенше үзіліп кеткен бақытсыздық.

Сар даладан алқынбай-жұлқынбай баяу мұң еседі. Ондағы гүлдерге өз бояуынан артық бояу жағудың керегі жоқ. Сондықтан да Гүлнардың жоғарыдағы екі өлеңінде де гүл деген сөзге ешқандай қосымша бояу берілмеген. Тек жанды зат сияқты өлетіні, тірі зат сияқты тіл бітетіні ғана айтылған. Оны ауыспалы мағынада тұр деп те тым тәптіштемей-ақ қоялық.

Бізге ұнағаны бірінші өлеңде қазір «мода» болып кеткендей «молаға қашам» демей, өткінші өмірді «Гүлдер тойлап алды-дағы тойларын, Содан кейін өліп жатты біртіндеп» деп екінші жақпен астарлай айтқаны.

Ал бояу жағу керек болса, сұрықсыз көрініс жетерлік. «Сенсіз суық өмірдің суретіне, Жағып жүрмін бояудың жылы түсін». Барды бардай қабылдау арқылы да жақсы көруге болады. Бұл жерде де ақын жалғандыққа бармай, шын көріністі беріп отыр. «Суық өмір» су жаңа метафора, «суық өлімнен» «барымталануы» да мүмкін. Мәселе ақынның «от бердім», «шоқ бердім» деп шалықтамай, өмірді сыртынан бояу жақса да ішінен түсінуге талпынуында болып отыр.

Ақындар биік идеалдарды көп жырлайды. Осының өзі ақындарды жалған пафосқа ұрындырады. Асыл дінімізде де жаратушыдан басқаға табыну сөкеттік. Ақын солай жырлап отырғанда, өмір басқа ағысымен ағып жатуы мүмкін. Тіпті өз басында үйі жоқ, күйі жоқ ақындардың да биік идеалдарды өлермендене жырлайтынына таңсың. Осының бәрі оларды күн мен түнді шатастырып алған дертті жандарға көбірек ұқсатады.

Олардың жанында Гүлнардың өлең­дері өмірдің өзіндей етене. «Анау адам менің жақсы танысым, Бар өмірі кезекте өтті нан үшін. Мен де бойлап барам көше ағысын, Өмір үшін, көңіл үшін, жан үшін». Бұл жолдардың саясатқа да, басқаға да еш қатысы жоқ. Тек өмірді өз қалпында беру арқылы адамның өз табиғатына барынша жақындай түсу.

Өз атымен атау керек дегеннен шы­ғады. «Бармысың жоқтан құраған» деген бір жолға қанша мағына сыйып тұр. Шындықты шегіне жеткізе айту ғана емес, солай сезіне де алу өлеңді оқыр­манға өтімді ете түседі. Ақынға шынын айтудан асқан ләззат жоқ екенін әр өлеңін оқыған сайын сезінесің. Ол өзі­нің қандай күйде екенін ешқашан жа­сырып-жабулаған емес. «Жып-жылы ой­лардан жылап жүрмін, Жоқ нәрсеге қуана білгендермен» деген жолдардағы шынайылықтың мөлдірлігіне еріксіз тәнті боласың.

Ақындарға тағы бір жетпейтіні шын­­­­­дықты іздеу жолында диалогтарға бар­майды. Махаббат туралы жазса, кейіпкері жансыз қуыршақ сияқты елес­теп тұрады. Өлең қанша әдемі, кейіп­кер қанша сүйкімді болса да тартпайды. Ал Гүлнардың өлеңдеріндегі өзін тө­мен, өзгені биік қоятын сұхбаттың шы­найылығына бас иесің. Оның өзінен биік қойған кейіпкері ешқашан тағынан түс­пейтіндей сезімде қаласың. «Жалғыз ағаш, жалғыз ағаш, Құламашы мен үшін», дейді Гүлнар.

Ал біздің ақындардағы осы махаббат сезімімен үндес, үзілген жапырақты өтірік аяу сияқты сезімдер де өлеңде жалғандық тудырады. Біреулер үстінен басып шапқылап ойнап жүрсе, сен оған жаның ашып көлгірсіп отырсаң кім сенеді. Аяғыңның астында шашылып жатқан жапырақтың шын көрінісі мүлдем басқа ғой. «Күлген жапырақ, Жылаған жапырақ, Ұнаған жапырақ, Құлаған жапырақ, Не ойлайсың табанның астында жатып ап», – дейді Гүлнар. Әр сөзі, әр жолы бүлкілдеп соққан қан тамырдай шын халді беріп тұр.

Гүлнар жазса, жансызға жан бітір­гендей жазады. «Жапырақтар құлап жатыр біртіндеп, Тұрар ма еді бір күн деп». Көз алдыңа жапырақтан басқа бір өмір елестейді. Ойыңа тіршіліктің тәттілігі келеді. Сырт дүниені суреттеу арқылы, өз ішіне үңілген ақынды көресің. Ол сезім шынайы болғандықтан басқаларға да ортақ. «Е» деп күрсініп те қоярсың, бәлкім. Әйтеуір бұл сезімнен бейтарап қалмайсың. Осындай қарапайым шындықтар бар кезде, жоқ нәрсені айтып өлерменденудің қажеті қанша?

Ақындарымыз күңіреніс пен күйзе­лістің өзін де жалған пафосқа айналдырып жібереді. Кейде олар өлең оқып тұр­ғанда алдыңда ақын емес, алаяқ біреу тұрғандай ыңғайсыз күйге түсесің. Қалам­дастарының сол сырын біз ғана емес, Гүлнар да байқап жүрген болу керек. Бір өлеңінде: «Аһыласа «ақын» болып біреуі» деген жолды келтіріпті. Аһылаған, аруақ шақырған, ұран салған сах­налық көріністер өлең табиғатына мүлдем жат емес пе. Гүлнарша айтқанда: «Үзілсе өлең, үнсіз жастай көздегі, Ұмыт­тырар ұрандатқан өзгені».

Кейде оқырман да бала сияқты. Сол «аһылаған», «уһілеген» сөздерге сеніп қалады. Өлеңінде терең мазмұн болмағаннан кейін, оның орнын рухты сөздермен ауыстыру өлеңді құтқа­ратындай көрінеді. Аруақ шақырса арқа­сы қозатын оқырманға тіліміз тиіп кет­песін, бірақ өлең сөздің айналасында жүргендердің өздері де соған түсіп қалып жатса не демек керек. Осындай дүбәра шақта: «Сахнада сен де бір күн тұрарсың, Сәби елді сәл жымиып, әлдилеп...». Шындық емес деңізші?!

Біз қазір оқырманның талғамын қат­ты бұздық. Екі сөздің басын құрап, өлең шығармайтын қазақ жоқ болса да, бұрын ақындар санаулы болыпты. Ал енді жазба әдебиетке көшкеннен кейін сол ақындық ең оңай кәсіпке айналды. Кеңес өкіметіндегі идеологиялық сұраныс та соған сай келіп, сапқа тізсе алаңнан салтанатпен жүріп өтуге молынан жететін ақындар армиясын жасақтап берді. Со­лардың таланттысы да, талантсызы да Кеңес өкіметін кептіріп мақтады.

Тәуелсіздік алғаннан кейін сол өлең­дер том-том кітаптарда қайта басылып жатыр. «Бұл не үшін?» десеңіз, «ол да тарих, ол да шежіре» деген уәжді алға тартады. Мұнымыз алаңдардан алып тастаған ескерткіштерді де өнер туындысы деп қайта орнатқанмен бірдей емес пе. Егер сондай өлеңдерді қысқартып шығарса, таланттарымыздың шығармашылығының мұрты да бұзылмасына біз кепіл. Ең қызығы сонда, көзі тірілер ондай өлең­дерін жинақтарына кіргізбейді. Ал көзі жоқтардың кітаптарын шығарғанда, әлгіндей өлеңдерінің бір де бірін қалдыр­майды.

Осының бәріне қандай сөзбен жауап берерімді білмей біраз дағдарғанымды несіне жасырайын. Ақыры оны да Гүл­нар Салықбайдың жоғарыда мысалдар келтіріл­ген «Кешіріңдер келгенімді өмірге» атты кітабынан таптым. Гүлнар­дың бұл өлеңі кешегі кеңестік сананың жана­засын шығарғандай ақыреттік, рек­вием­дік сипаты бар дүние екен. Гүл­нар өлеңіне Ахмет Ясауидың «Өксіктен өлмей тұрып, өрем қаптым, Бетім жоқ, хазі­ретке қалай барам?» деген сөзін эпиграф етіп алыпты.

Құдайсыздық хақында білім алдым,

Жантәсілім ете алмай, тірі қалдым.

Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?

 

Пенделік пейішіне ене алмадым,

Алдамшы дүниені жеңе алмадым.

Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?

 

Алланың жолын кесіп өте алмадым,

Құл болып, құлай қызмет ете алмадым.

Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?

 

Жарасын жүрегімнің таңа алмадым,

Фәнидің у, балына қана алмадым.

Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам?

 

Көбелектей көңілдің отын ұнаттым,

Аршалаған ақылды төмен құлаттым.

Бетім жоқ, Түркістанға қалай барам? – деп келеді бұл өлең.

Түркістанның сопылықтың символы екені ұмытылды ма, ұмытылмады ма, ол басқа әңгіме. Бірақ рухани қажылықтың отаны екенін ешкім жоққа шығара алмайды. Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін оның орны барша түркі халықтары үшін биіктей түсті. Тәуелсіз Қазақстан түр­кі әлеміне осындай аяулы мекенді емін-еркін келіп-кететін көк күмбезді қасиетті шаңыраққа айналдырды. Соны Мағжаннан кейін Гүлнардай сезінген ақын кемде-кем шығар. Гүлнардың жоға­рыдағы өлеңі рухани тазарудың тәм­сіліндей таңдайыңа тамсантып қона қа­лады екен.

Нені де болса өз атымен атағаннан әсер­лі ештеңе жоқ. Түркістанға барған адам өзіне бір есеп бермей тұра алмай­ды. Бірінде қылует, екіншісінде ататек айтылған Мағжанның қос метафора­сы­ның өзі неге тұрады. Ендеше ол ке­шегі құдайсыз қоғамнан бір-ақ аттап кіре салатын жер емес. Бойыңды бір та­зарт­саң, ойыңды екі тазартып баратын жер. Гүлнар соны бетің бар, жүзің бар демей, өз атымен атап алдыңа тоса қоя­ды. Өлеңнің ой мен сөз қайталанып келетін басқа ерекшеліктерін айтпағанда, маз­мұнының шынайылығы бәрінен асып ал­дыңғы сапқа атойлап шыға келеді. Бұл жердегі шынайылық бүгінгі жалған пафосқа қарсы қойылуымен де ұтымды шығып тұрғанын мойындауымыз керек.

«Өлеңде шынайылық көркемдіктен де жоғары тұруға тиіс» деген ойды біз ғана айтып отырғамыз жоқ. Жоғарыда «Ант пен серттен асқан қандай көркемдік бар?» деген шендестіруімізді де сол ақын­дардың өздерінің сөздеріне сүйеніп айтып отырмыз. Осы ретте Есенғали Раушановтың Тоқаш Бердияровтың өлеңдері туралы толғанғанда, өзіне-өзі бір қызық сұрақ қоятыны еске түсе береді. Ақырында Есенғали: «Шынайылық! – дедім күтпеген жерден. – Ойбай-ау, ол шынайылық қой!» деп ағынан жарылады. Ал Тоқаш Бердияровтың өзі, ол да сол Есенғали Раушановтың айтуынша: «Өтірік! Бәрі өтірік, пәдәріне нәлет!» дейді екен дүр сілкініп. «Ура! Ура!» дегенде құлақ тұнатындай, «Рух! Рух!» деп күңі­рен­генде иманыңды қасым қылатын ақын­дарға қаратып айтқаны шығар, бәл­кім.

Рас, кешегі күні де Тоқаш Бердияров сияқты ақын жалғыз болмаған. Сол сияқты бүгінгі күні де Гүлнар Салықбай сияқты ақын да жалқы емес. Ашық айдында жалқы желкен, жалғыз қайықтай қалтылдап тұрған жоқ. Әйтпесе шы­найылық туралы әңгіме де айтылмас еді. Әсіресе кейінгі жас буынның поэзиядағы басы артық пафостан арыла бастағаны қуантады. Бұл мақаланы да Гүлнардың мысалында сол жас ақындарға үлгі болсын деп жаздық. Өлеңдері «қара сөзден құралған бағана» деп жүрген Луиза Глюк та биыл Нобель сыйлығын поэзия­да өз сезімін шынайы аша алғаны үшін алды емес пе.

Ондағы «нақты поэтикалық дауысы үшін, өзінің суық сұлулығымен жалпыны жалқыға айналдыра алғаны үшін» деген жұмбақтау анықтаманың астарында да осы бір өзгеше салқынқанды шынайылық жатқан жоқ па. Мейлі, шен көрсеңіз ескерерсіз, шен көрмесеңіз «қол жетпеген еттің иістеніп кеткені-ай» дер­сіз. Қайткенде де «жүректен шықпаса, жү­рек­ке жетпейтіні» баяғыдан айтылып келе жатқан тәмсіл, ал жүректен шыққан сөз ешқашан жалған болмайтыны қай­та­лап айтуды керек етпес те! Алайда та­ғы бір ақын поэзия мінбесінен өлеңін он ора­ғытып оқығанда: «Айналайын, не айт­саң да өз атымен атап айтшы!» деп айғай сал­ғың келеді. Мұны өзіңізбен қалам қаруын бірге сермеп жүрген біздің емес, сізді тү­сінгісі келіп мойнын өлгенше созып отыр­ған қарапайым оқырманның ті­легі деп ұғарсыз.

Иә, тым болмаса «Бетім жоқ, Түр­кістанға қалай барам?» деңізші бір рет!..

 

Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК,
«Egemen Qazaqstan»