Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2020

Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші ашылды

674 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қазақ даласын ән бесігінде тербеткен Шәмші Қалдаяқовтың мерейтойы Түркістан облысында кең көлемде атап өтілуде.

Шәмші Қалдаяқовтың ескерткіші ашылды

Шәмші әлемін кеңінен насихаттау мақсатында Алматы қаласынан арнайы Түркістан өңіріне келген зиялы қауым алдымен Арыс қаласына аялдады. Құрамында мәдениет және өнер қайраткерлері, танымал журналистер, Шәмшінің замандастары мен туыстары бар рухани керуенді Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек күтіп алып, Шәмші әнге қосқан Арыс жағасындағы ажарлы қала­ның бүгінгі келбетімен та­ныс­­тырды. Одан кейін Көпен Әмір­бек, Тілеуберді Бинаш, Әселхан Қалыбекова, Қазыбек Иса, Құрманбек Оңалбек, Әлібек Шегебай сынды өнер май­талмандары бастаған делегация Шәмшінің туған ауылында болды. Қонақтар алдымен Ш.Қалдаяқов ауылындағы композитор ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, «Отырар» х­алық театры әртістерінің орын­дауындағы «Шәмші» қойы­лымын тамашалады. Ком­по­зитордың мерейтойына орай ашыл­ған Ш.Қалдаяқовтың му­зейінде болған қонақтар Шәмші жай­лы естеліктері мен әсерлі әңгімелерімен бөлісті.

Сондай-ақ Арыстан баб кесенесіне зиярат жасаған делегация өкілдері Түркістанда Ш.Қалдаяқов ескерткішінің ашылуына қатысты. Түркістан қаласындағы «Ақжайық» му­зы­ка мектебінің алдында орна­тылған ескерткіштің ашылу салта­натында облыс әкімі Өмір­зақ Шөкеев Түркістан облысы қазақ даласына қаншама дарынды сыйлаған киелі мекен екенін атап өтті. «Әнімен кең даланы тербетіп, Қазақ вальсінің ко­ролі атанған, Қазақстан Рес­публикасы Әнұранының авторы Шәмші Қалдаяқовтың биыл туғанына 90 жыл толып отыр. Отырарда туып, ән падишаһы атанған, қайталанбас дарын иесінің есімін ұлықтау – бізге артылған абыройлы міндет. Түркістан қаласының жаңа ор­талығында бой көтерген ком­позитордың ескерткіші – облыс жұртшылығына, қазақ еліне мереке қарсаңында тамаша тарту болып отыр»,  деді облыс әкімі.

Қоладан құйылған ескерт­кіш­тің биіктігі – 2,5, ұзындығы – 3,5 метр. Авторы – Қазақстанның Еңбек сіңірген өнер қайраткері, мүсінші Тілеуберді Бинаш. Ескерткіш демеушілер есебінен жасалған. Шығармашылық ой үстінде отырған композитор бей­несінің жас жеткіншектерді өнер­ге, мәдениетке баулитын «Ақжайық» музыка мектебінің ауласында бой көтеруі – заңды­лық. Қазақ руханиятының жан­да­нуына өлшеусіз үлес қо­сып, бүкіл қазақ жерін тербет­кен Шәмші бейнесі жас өнер­паз­дарды ізгілікке, өнерге, рухани байлыққа бағыттары анық.

 

Түркістан облысы