Қазақстан • 23 Желтоқсан, 2020

Әділетті мемлекет құрудың алдағы қадамдары

321 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше онлайн режімде «Қазақстандағы құқық қорғау және сот жүйесін жаңғыртудың өзекті мәселелері» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті. Отырыс барысында еліміздің сот-құқықтық жүйесін дамытудың алдағы бағыты айқындалды.

Әділетті мемлекет құрудың алдағы қадамдары

Отырысқа мемлекеттік органдардың бірінші басшылары, отандық және шетел ғалымдары, сот, құқық саласының кәсіби мамандары қатысты.

Нұрсұлтан Назарбаев Қоры атқарушы директорының орынбасары, дөңгелек үстелдің модераторы Игорь Рогов Тәуел­сіздік жылдары Елбасы Нұрсұлтан Назар­баевтың басшылығымен елімізде құқық қорғау және сот салаларының жаңа жүйесі құрылғанын, осы жылдар аралығында аталған жүйе үнемі дамып, алға жылжып отырғанын жеткізді.

– Өздеріңіз білетіндей, кейінгі ірі реформа 2014 жылы жүргізілді. Сол жылы Қыл­мыстық және Қылмыстық про­цес­суал­дық кодекстер қабылданды. Бұл кодекстерді жаңа заман кодексі деп айтуға болады. Себебі осы кодекстер өз кезе­гінде еліміздің сот-құқықтық жүйе­сіне алға адымдап қадам басып, еуропа­лық жүйе­лерге жақындай түсуіне мүм­кін­дік береді. Алайда ештеңе бір орында тұрмай­тыны белгілі. Сондықтан бүгін біз сот-құ­қықтық жүйесінің ауқымды қайта жаң­ғыру, түрлену кезеңін бастағалы отыр­мыз. Әрине, 2014 жылғы реформа кезін­де түрлі жағдайларға байланысты соңы­на дейін шешілмей қалған мәселелер болды, – дейді
И.Рогов.

Оның айтуынша, бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атқарып жатқан ауқымды жұмысы елі­міз­дің сот-құқықтық жүйесінің бұған дейін жеткен жетістіктерін жетілдіруге және оны алдағы сынақтардан сүрін­дір­меуге негізделген.

– Сот-құқықтық жүйесінің реформасы тек қана шетелдік озық үлгіні енгі­зу ғана емес, терең ғылыми зерттеу­лер­ге негізделуі керек. Еліміздегі бас­ты мәсе­ле­нің бірі заң үстемдігін қалып­тас­ты­ру саналады. Заң бәрінен биік болуы керек. Құқықтық мемлекетте сот жүй­есі әділ болады. Ал құқық қорғау жү­йе­сі халық сеніміне негізделуі тиіс. Бұл Бес институционалдық реформа ая­сын­­дағы ұзақ мерзімді меже болып сана­­лады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жол­дау­­ында Қазақстанның сот және құқық­­­тық жүйесін реформалаудың бас­ты бағыттарын атады. Ел Тәуелсіздік алғалы бұл екі жүйені жаңғырту жұмысы кезең-ке­зеңімен іске асырылып келеді. Кейінгі 25 жылда ауыр қылмыстар саны бірнеше есе азайды. 1996 жылы 2600 адам өлімі тіркелсе, 2019 жылы 845 қылмыс тіркелді. Қарақшылық тонау қылмыстары 6 есе азайды. Әлемдегі адамдардың қауіпсіздігі жөніндегі индексте Қазақстан өткен жылы 64-орыннан көрініп, ТМД-ның көптеген елін басып озды, – деді Президент көмекшісі – Қа­уіпсіздік кеңесінің хатшысы Әсет Исе­ке­шев.

Президент көмекшісінің айтуын­ша, бұл жетістік мемлекеттің көпжыл­­дық жұмы­сының нәтижесі саналады. Ә.Исе­кешев қоғам тарапынан, бизнес тарапынан құқық қорғаушылар мен сот жұ­мысына көңіл тол­майтын жағдайлар жиі кездесетінін де жеткізді.

– Биыл Қазақстанда әкімшілік про­цес­суалдық кодекс қабылданды. Бұл құжат келесі жылы күшіне енеді. Бұл – еліміздегі аса ірі реформалардың бірі. Себебі мүл­де басқа заң қалыпта­сады. Әкімшілік жауап­кершілікті қабат­тас­тырмай жария құқықтық мәселелерді ғана қарастыратын мүлде бөлек соттар болады. Балтық жағалауы елде­рі бұл жүйеге бұрыннан көшкен. Пост­кеңестік елдер енді ауысып жатыр. Украинада бұл жүйе бар. Барлық оңтүстік Кавказ: Армения, Грузия, Әзер­бай­жан осы жүйеге көшті. Орталық Азия­да Қырғызстан бірқатар шектеумен, ал Өзбекстан толық ауысып жатыр. Қазақстан да келесі жылы осы жүйеге көшеді, – деді Берлин әкімшілік сотының судьясы, «Орталық Азия елдерінде құқықтық мемлекеттілікті орнатуға септесу» (GIZ) бағдарламасының директоры, аталған ұйымның Қазақстан мен Өзбекстандағы өкілі Йорг Пуделька.

Онлайн отырыста Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл  агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев та орамды ойы­мен бөлісіп, пайымды пікірін білдірді. Агенттік төра­ғасының айтуынша, сот және құқық қорғау жүйесін реформалау жемқорлықтан азат әрі бюрократиядан таза инновациялық тиімді мемлекеттік құруды қамтамасыз етеді.

– Сот жүйесі мен құқық қорғау жүйесін реформалаудың алғашқы пакетінде отставка институты және қол ас­тында жұмыс істейтіндердің жемқорлық ісі бойынша жауапқа тартылғаны үшін жоғары лауазым иелері жауап бере­тіні енгізілді. Реформаның екінші паке­тінде жемқорлықпен күрес бойынша жауап­кершілікті күшейту мәселесі енгізілді, әсіресе квазимемлекеттік сала бойынша. Оған қоса Ұлттық компаниялардағы жем­қорлыққа қарсы заңнамалар бекітілді. Бір ұйымда туыс адамдардың жұмыс істеуіне және сыйлық алуға шектеу қойылды, – дейді А.Шпекбаев.