Аймақтар • 23 Желтоқсан, 2020

Алматы облысы Кореямен ынтымақтастықты жалғастырады

137 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Бүгін Алматы облысының әкімі Амандық Баталов  Талдықорған қаласына келген Корея Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулымен кездесті. Кездесу барысында медицина, өнеркәсіп, туризм және мәдени салалардағы ынтымақтастық туралы сөз болды, деп хабарлайды Egemen.kz

Алматы облысы Кореямен ынтымақтастықты жалғастырады

Алдымен Амандық Баталов өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктеріне қысқаша тоқталып, негізгі басым бағыттары жайлы баяндады. 

"Алматы облысы – еліміздегі ең ірі аймақтың бірі. Жетісу өңірі ең алдымен аграрлық аймақ. Дегенмен өнеркәсіп саласы да қазір қарқынды дамып келеді. Шағын және орта бизнестің де аяқ алысы жақсы. Климаттық жағдайының жайлылығына байланысты және инфрақұрылымын дамыту жұмыстарының белсенді жүргізілуіне орай облыс туристер тартуға өте қолайлы. Бізде Шарын шатқалы, Алакөл, Балқаш, Көлсай көлдері және басқа да көптеген тамаша орындар бар. Өңірдің тағы бір ерекше байлығы – халқымыз көпэтносты. Бізде 100-ден астам ұлт пен ұлыс өмір сүреді, сол қатарда корейлер де бар. Олардың әрқайсысы өңірдің дамуына атсалысып келеді. Ұлтаралық және конфессияаралық келісімді, татулықты сақтау – Елбасының және Президенттің ұстанған мемлекеттік саясатының негізгі басымдығы. Тұтас алғанда бізде инвестициялық климат өте қолайлы. Сондықтан екі жақты ынтымақтастықты дамытуға негіз болатын ортақ маңызды салалар туралы кеңінен талқылауымызға болады", деді А. Баталов. 

Өз кезегінде Ким Хын Су жылы қабылдауға ризашылығын білдірді. Ол өз сөзінде Алматы облысында 15 мыңнан астам этникалық корейлер тұратынын тілге тиек етті. Өңірмен достық қарым-қатынастар орнатылған. Бұл орайда медицина саласындағы ынтымақтастықты айтуға болады. 2018 жылы Оңтүстік кореялық "Хёнде" клиникасы Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасымен өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасасқан. 

Әңгімелесу барысында екі жақты байланыстардың негізгі бағыттары белгіленді. 

Амандық Баталов бірінші кезекте денсаулық сақтау саласындағы байланыстарды одан әрі кеңейтуді ұсынды.

"Бірлескен клиника ашылса, жақсы болар еді. Оны не Талдықорған өңірінен, не Алматы өңірінен ашуды қарастыруға болады. Біз өз тарапымыздан қажетті қолдау көрсетеміз. Облыс тұрғындары үшін мұндай замануи клиниканың ашылуы қолайлы әрі пайдалы болар еді. Электроника өндіретін өнеркәсіп орнын құруға болады. Туризм саласында ынтымақтастық орнатып, мәдени байланыстар аясын кеңейтуге болады. Осы төрт бағыт біздің екі жақты өзара тиімді байланыстарымызды ілгерілетеді деп ойлаймыз", деді А.Баталов.

Бас консул да облыс басшысының бұл ұсыныстары тиісті лауазымды тұлғаларға жеткізіліп, талқыланатынына сендірді. Және кездесуде қос тараптан конструктивті диалог болғаны үшін алғысын білдірді. Амандық Баталов жиынды қорытындылап, ынтымақтастық аясын одан әрі кеңейтуге дайын екендігін жеткізді. 

Еске салсақ, Оңтүстік кореялық "Хёнде" компаниясымен 2018 жылы меморандум жасалған. Сол кезден бері Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасының базасында "Хёнде" клиникасының мамандары қайырымдылық акцияларын өткізіп жүр.  Травматология, ортопедия, хирургия, кардиология, неврология, терапия, УЗИ-диагностика бағыттарында пациенттер қабылдауы жүргізіледі. Соңғы 2 жылда Талдықорған қаласында және Қаратал ауданында 2700-дей адам тегін қаралған, 1200 адам ем қабылдаған, 37 операция жасалып, дәрігерлер үшін 60 мастер-класс өткізілген. Бұл жұмыстар келесі жылы да жалғастырылады.