Әйелдер арасында 57 келіде шымкенттік Севара Нишанбаева қарсылас шақ келтірмеді. Жерлесіміз осылайша үш дүркін Қазақстан чемпионы атанды. Финалда оған есе жіберген ақтөбелік Б.Құсақбаева екінші орынға ие болды. Аталған салмақ дәрежесінде қола жүлдені Алматы облысының өкілі Г.Нұрдинова мен ақтөбелік Н.Жарманова өзара бөлісті.
Ерлер арасында 90 келіге дейінгі салмақта бақ сынаған шымкенттік Ерсұлтан Мұзаппаров күміс жүлдеге қол жеткізді. Бұл салмақта Түркістан облысының өкілі Дидар Хамза топ жарса, үшінші орынды Аслан Сағитбек (Қостанай облысы) пен Әділет Мисин (Ақтөбе облысы) еншіледі.
Айта кетейік, осы Қазақстан чемпионаты нәтижесінде еліміздің жаңа ұлттық құрамасы жасақталмақ.