Оқиға • 23 Желтоқсан, 2020

Курсант өлімі: ІІМ Алматы академиясының бастығы қызметінен босатылды

1159 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Осыдан он күн бұрын, 13 желтоқсанда Мақан Есболатов атындағы ІІМ Алматы академиясының 3 курс курсанты Саламат Өтегеновтың академия асханасында өзіне қол салғаны туралы хабар тарап еді. Кейіннен 19 жастағы жігіттің қайтыс болар алдында үй-ішінен 300 мың теңге көлемінде қаражат сұрағаны, ол соманы тауып бермесе Саламаттың өміріне қауіп төніп тұрғаны туралы да дерек шықты. Бұл туралы марқұмның анасы мәлімдеді, деп хабарлайды Egemen.kz

Курсант өлімі: ІІМ Алматы академиясының бастығы қызметінен босатылды

БҚО, Ақжайық ауданының тумасы Саламат Өтегеновтің қаза табуы күдікті іс отандық БАҚ-та тез тарап, қоғамның талқысына түсті. Осыған байланысты Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі ресми мәлімдеме жасап отыр.

Ресми ақпаратта Алматы қаласының Полиция департаменті ҚР ҚК-нің 105-бабы (өз-өзіне қол жұмсауға жеткізу) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тергеу барысында қаза тапқан адамның туыстары баяндаған барлық дәлелдер тексерілетіні айтылған.

Сондай-ақ оқу орнына Ішкі істер министрлігінің Кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің басшылығы мен жауапты қызметкерлерінен арнайы топ жіберілді. Тексеру қорытындысы бойынша ІІМ-де тәртіптік комиссия өтті.

Тексеру жұмыстары Академия бастығы О.Х.Смайыловтан да айналып өткен жоқ. Өзіне сеніп тапсырылған бөлімшеде жұмысты ұйымдастыруға тиісті бақылау жүргізбегендіктен Ішкі істер министрінің бұйрығымен атқарып отырған лауазымынан босатылды.

Қайғылы жағдайға жол берген Смайыловтың идеологиялық тәрбие және кадр жұмысына жетекшілік ететін орынбасарын да қызметінен босату ұсынылды.

«Сонымен қатар, Академияның тағы 16 жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың 5-уі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды. Академияның оқу процесіне, тұрмыстық жағдайларына, моральдық-психологиялық ахуалына, қаржы-шаруашылық қызметіне кешенді тексеру тағайындалды. Оқу орнына Министрліктің Ішкі аудит, Кадр саясаты және Өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің қызметкерлері жіберілді», делінген мәлімдемеде. 

Министр Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша осындай тексерулер 2021 жылдың 1 тоқсанында ІІМ-нің барлық оқу орындарында жүргізіледі.