Сенаттың Экономикалық және өңірлік саясат комитетінде “Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы” заң жобасы талқыланды. Жоба жер қойнауын пайдалану операцияларын жүргізуге инвестиция тарту үшін жағымды жағдай жасауға, республикалық және өңірлік мүдделер мен минералдық-шикізаттық базаның үйлесімін қамтамасыз етуге бағытталған.
Заң жобасында мемлекеттің басым құқықтарын жүзеге асыру мен жер қойнауын пайдалану құқығы бар заңды тұлғаларды жер қойнауын (оның бөліктерін) пайдалану құқықтарынан айыруға рұқсат беру (рұқсат бермеу) рәсімдерін егжей-тегжейлі реттеу қарастырылған. Құжат жер қойнауын пайдалану құқығын конкурстық жағдайда және тікелей келіссөздер арқылы беруді қарастырады. Сондай-ақ құзыретті органдар бастамасы бойынша біржақты түрде жер қойнауын пайдалану шарттарының күші тоқтатылған жағдайда оны қайта жаңғыртуды қарастыратын ереже де енгізілді.
Мәжілісте мақұлданған заң жобасын талқылау барысында бірқатар бағыттар бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болды. Атап айтқанда, стратегиялық маңызды энергия жеткізуші алу мақсатында ілеспе газды өңдеу арқылы тиімді пайдалану немесе қоршаған ортаны және халық денсаулығын қорғау үшін мұнай химиясы өнеркәсібіне шикізат ресурстарын алуды қарастыратын түзетулер енгізілді.
Жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу барысындағы тауарлардағы, жұмыстар мен қызмет көрсетулердегі қазақстандық құрамға қатысты, сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың қазақстандық мамандар туралы міндеттемелерін орындау туралы Үкімет құзыреті толықтырылды. Басқа да шешімді жәйттер қамтылды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.