Ай мен күннің аманында ботасынан айырылып боздап қалған ана көңіліндегі алай-дүлей сезімді айтудың өзі қиын. Алматыға білім қуып, арман арқалап аттанған ұлымызды Оралға табытпен оралсын деп жіберген жоқ едік деп дал. Қайғылы оқиға орын алғанға дейін ұлының ақша сұрауы жиілеп кеткенін айтқан ол, оқуға керек болды деген желеумен жылдам қарыз жүйесі бойынша несие алғанын да алға тартты. Тіпті жантүршіктірер суық хабар келерден бір күн бұрын Саламат ағасына WhatsApp желісі арқылы хат жазып: «Сағат 17:00-ге дейін үш жүз мың теңге тауып бермесеңдер мені көрмейсіңдер» деген сарында хабарлама жолдаған. Ауылдық жерде интернет байланысы нашар болғандықтан, бауыры бұл хабарламаны кешке жақын бір-ақ оқыпты. Ол 16:31-де «Мен кеттім» деп соңғы рет хат жазған. Курсанттың денесі 13 желтоқсан күні Академия асханасының қосалқы бөлмесінен табылған. Оқиға орнына жеткен жедел-жәрдем қызметі оны құтқара алған жоқ.
16 желтоқсанда Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданындағы Шабдаржап ауылына жерленген Саламат Өтегеновтің жұмбақ өлімі «жабулы қазан жабулы күйінде қалар» ма еді?.. Бекзат Иманғалиеваның жергілікті басылым арқылы жасаған мәлімдемесінен кейін оқу ошағының шеңберінде қалған тосын оқиға ақпарат кеңістігіне тарап, құзырлы орындар қайғылы жағдайдың ақ-қарасын анықтауға кірісіп кетті.
Академиядағылар берген ақпаратқа сәйкес оқиғаға қатысты Алматы қаласының Полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу бастағанын, іс Қылмыстық кодекстің 105-бабының 1-бөлігі бойынша (өз өзіне қол жұмсауға итермелеу) тергеліп жатқаны айтылған. Дегенмен мекемедегілер «Тексеріс барысында академия қызметкерлері мен курсанттары тарапынан заңсыз әрекет анықталған жоқ» деп Академияға шаң жуытпаған болатын.
Әлеуметтік желілерде аталған жағдайға байланысты қызу пікірталас туындап, мәселе Ішкі істер министрінің назарына іліккеннен кейін оқу орнына ведомствоның Кадр саясаты және өзіндік қауіпсіздік департаменттерінің басшылығы мен жауапты қызметкерлерінен құрылған арнайы топ жіберіліп, бірқатар лауазымды тұлға қызметінен шеттетілді.
Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, өзіне сеніп тапсырылған бөлімшеде жұмысты ұйымдастыруға тиісті бақылау жүргізбегендіктен Ішкі істер министрінің бұйрығымен Академия бастығы О.Х.Смайылов атқарып отырған лауазымынан босатылды. Сондай-ақ оның идеологиялық тәрбие және кадр жұмысына жетекшілік ететін орынбасарын да қызметінен босату ұсынылды. Сонымен қатар Академияның тағы 16 жауапты қызметкері қатаң тәртіптік жауапкершілікке тартылды, олардың бесеуі атқарып отырған лауазымдарынан босатылды.
Бірді-екілі басшыларды жылы орнынан жылыстатумен мәселе шешіле ме? Қоғамда резонанс тудырып, бір отбасын қан қақсатқан қайғылы жағдайдың күні ертең қайталанбасына кім кепіл?! Жалпы, болашақ офицерлерді әскери өмірге баулитын мекемелердегі әлімжеттік, зорлық-зомбылық әрекеттер бүгін ғана айтылып жүрген мәселе емес. Курсанттарға тағылымды тәрбие беріп, тегеурінді төзім мен темірдей тәртіпті талап ететін оқу ордаларында тәлімгерлердің татулығы ту биікте тұруға тиіс емес пе? Бұл келеңсіз жағдай орын алғанда ғана емес, үнемі үздіксіз бақылауды қажет ететін шаруа.
Аталған жағдайдан кейін Академияның оқу процесіне, тұрмыстық жағдайларына, моральдық-психологиялық ахуалына, қаржы-шаруашылық қызметіне кешенді тексеру тағайындалды. Министр Ерлан Тұрғымбаевтың тапсырмасы бойынша осындай тексерулер 2021 жылдың 1 тоқсанында ІІМ-нің барлық оқу орындарында жүргізілмек.
«Соңғы уақыттары тым көп ақша сұрайтын болды. Бір жолы шағын қаржылық ұйымнан несие де алыпты. Білгеннен кейін біз ол несиені жауып, одан не үшін ақша алатынын сұрадық. Ол бізге: «Мама, мен ғана емес – бұл «Жылдам несиеден» барлық балалар ақша алды», деп жауап берді. Ол ақыры ақшаны не үшін алғанын түсіндірген жоқ. «Апа, сіз түсінбейсіз. Бұл казармалық жүйеде біз үнемі бір нәрсе үшін төлеуге мәжбүр боламыз» деді. Достарына Академияда оқығысы келмейтінін, Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің физика-математика факультетіне ауысуға тырысқанын айтыпты. «Өзінің де Академияда оқуға құлшынысы жоқ екенін байқағаныммен, жай ғана бізге деген қимастық сезімі болар деп ойладым», дейді марқұмның анасы Бекзат Иманғалиева.
Ақша сұрау фактілері жиілеп кеткен соң бір жолы ол ұлынан «Егер мұншалықты ақша не үшін қажет екенін айтпасаң, курс бастығына телефон шалып сұраймын» депті. Саламат болса анасына: «Егер сен бұл тақырыпты көтерсең, мені жоқ деп есепте» деген көрінеді. Бекзат Иманғалиева тілге тиек еткендей, ұлы оқуға түскелі мұндай оқиғаның неше атасы орын алған. Бірақ Саламат, үй-ішіне көңіліндегі алаңын ақтарып айта алмаған...
Психолог Дина Хасенова, өкініштісі жасөспірімдер арасында мұндай жағдайлардың жиілеп кеткенін, бұған бірден-бір себеп ата-ана баланың талап-тілегіне құлақ асып сырласпағаны мен оқу орындарындағы психолог мамандардың тәрбиеленушілермен жекелей жұмыс істемеуінде деп санайды. «Оң-солын танымаған бала тұйықталып қалады. Бұл қабырғаның ар жағында өмір жоқтай сезінеді. Егер, жақындарының біріне ойындағысын ашық айтса, сырласса мұндай жағдайдың алдын алуға болар еді. Сондықтан әрбір ата-ана баласымен досындай сырласқаны жөн» дейді ол.
Әділет орындары мәселенің мән-жайын анықтай жатар. Бірақ қазірдің өзінде бұл оқиға оқу орнын сыбайлас жемқорлық жайлаған ба деген күдік тудырады. Ал жемқорлық жайлаған жерде әділдік те, тәртіп те болмайтыны белгілі. Қалай болғанда да орта жолда өмірі үзілген курсанттың ағасына телефон арқылы: «ақша жібермесең аяғымнан не қолымнан айырыламын» деп жазуы тегін емес. Ата Заңымызда айшықтап көрсетілгендей, мемлекет үшін азаматтардың амандығынан асқан байлық жоқ. Әсіресе әскери оқу орындарындағы үлкен курстардың өзінен төменгі курстағыларға қоқан-лоқы көрсету жағдайларын әшкерелеп, мұндай негізсіз жүйені түп-тамырымен жою жайы қолға алынып, тәрбие жұмыстары қатаң қадағаланса игі. Сөз басында айтқанымыздай, мұндай оқиға орын ала қалған жағдайда бірді-екілі басшыларды жұмсақ орнынан жылыстатумен мәселе шешілмесі анық.