Алқалы жиынға Пәкістан Ислам Республикасының президенті Ариф Алви, COMSTECH Бас директоры Мұхаммед Икбал Чаудари, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы Бас хатшысының орынбасары Асқар Мусинов, Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі, Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Берік Арын, Калифорния университетінің профессоры Асад Ахмед, Лахор Менеджмент және технологиялар университеті профессоры Саид Номанул Хак, Оксфорд университеті профессоры Фархан Низами, Мюнхен университетінің профессоры Питер Адамсон, Бат Спа университеті (Ұлыбритания) профессоры Ифтихар Малик, сонымен қатар әлемнің танымал фарабитанушы ғалымдары қатысты.
Жиын барысында Пәкістан президенті Ариф Алви қазіргі таңда ғылымның даму қарқыны жоғары екеніне назар аударып, мұндай үрдіс дамыған және дамушы мұсылман мемлекеттерінің арасындағы айырмашылықты алшақтата түсетініне тоқталды. Осыған орай А.Алви жедел түрде білім саласына назар аударуға шақырды.
Сондай-ақ Пәкістан Президенті COMSTECH комитеті ғылым мен технология арқылы әлеуметтік-экономикалық дамуға ден қойған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымының бірегей мекемесі екенін атап өтті. Өз сөзінде А.Алви ИЫҰ елдерін барша исламның қайта өркендеуі үшін бірлесіп жұмыс істеуге, тізе қосуға шақырды.
Халықаралық форумның мәртебелі қонағы болған Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі құттықтау сөзінде ұйымның Әл-Фараби жылында атқарған жұмыстары туралы баяндап, жиынның сәтті өтуіне тілектестік білдірді. Өз сөзінде Д.Қыдырәлі іргелі жиынның Сұлтан Махмуд Газнауи мен ұлы ойшыл, ақын Мұхаммед Ықбалдың елінде өтіп жатқанына назар аударды. Әл-Фарабидің өз дәуірінде ілім мен ғылымды жете меңгергеніне тоқталып, «екінші ұстаздың» өмірі әлі күнге дейін қоғамға үлгі екенін айтты.
«Әл-Фарабидің Шығыс тарихына жасаған этикалық және моральдық әсерін атап өткен жөн. Бірнеше ғасыр бойы оның еңбектерінің негізгі іргетасы саналған үштаған – «әділ басқару», «қайырымды қала» және «бақытты қоғам» басқа ойшылдар үшін де құнды жәдігерге айналды. Әл-Фараби осы шарттар орындалғанда ғана «кәміл адам» ұғымына қол жеткізілетінін жете түсінді», деді Д.Қыдырәлі.
Іс-шара барысында ИЫҰ Бас хатшысының орынбасары Асқар Мусинов те сөз сөйлеп, ғалымның жетістігіне ерекше екпін берді. Оның айтуынша, қазіргі таңда Ислам әлемі Әл-Фараби сынды бұрынғы заманның ойшылдарындай ілім мен ғылымға ерекше назар аударуы керек. «ИЫҰ-ға мүше мемлекеттердегі ғылымның болашағы ғылыми мәдениет қалыптастыруға тікелей байланысты. Университеттер мен зерттеу институттары қоғамды ілім іздеуге өзгертіп, ғылымға қолайлы жағдай жасауда үлкен рөл ойнауға тиіс», деді А.Мусинов.
Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі, Бахрейн Корольдігіндегі Төтенше және өкілетті елшісі Берік Арын өз сөзінде Әбу Насыр әл-Фарабидің Аристотель мен Платонның ізін жалғап, Батыс және Шығыс философиялық мектептерін біріктіргенін жеткізді. «Әл-Фарабидің Аристотельден кейінгі екінші ұстаз атануы бекер емес. Ол – араб, парсы, грек, үнді және түрік мәдениеттерінің құнды жетістіктерін үйлестіре білген әлемдік деңгейдегі ойшыл.
Сондай-ақ Әл-Фараби білім беру саласында реформа жасап, халықтың жаппай сауат ашуына, адамзаттың дамуына зор үлес қосты. Оның тың әрі ашық философиялық пікірлері кейде қоғамдық пікірмен кереғар болды. Ол ойлануда дербестік танытып, өз ұстанымының беріктігін дәлелдей түсті.
Әл-Фараби бір ғана саламен шектеліп қалмай, білім көкжиегін кеңіте берді. Философия, логика, музыка және саяси ғылымды да меңгерді. Расында, Әл-Фарабидің саяси философияға сіңірген еңбегін бағалау мүмкін емес. Платоннан тәлім алған ол ізгіліктің шыңына жететін, көп тілді, көп ұлтты, көп дінді ел қалыптастыруға басымдық берді», деді Б.Арын.
COMSTECH Бас үйлестірушісі, профессор Икбал Чаудари өз сөзінде мұндай жиындар әлі де жалғасатынын атап өтті. Оның айтуынша, келешекте COMSTECH ұйымы Халықаралық Түркі академиясымен бірлесе отырып, Түркістанда Пәкістанның ойшылы Мұхаммед Ықбалға арналған форум, Өзбекстанда ғалым Ұлықбекке арналған жиын өткізбек.
Жиында сөз сөйлегендер ғылым мен технологияны одан әрі дамытуға, ИЫҰ аясында осы саладағы ықпалдастықты күшейтуге, Ислам әлемінің алтын ғасыры саналатын дәуірді жалғастырып, Әл-Фараби секілді ойшылдардан тәлім алудың маңызына екпін берді.
Айта кету керек, 1969 жылғы 25 қыркүйекте Рабат қаласында өткен конференцияда негізі қаланған Ислам Ынтымақтастығы Ұйымы (ИЫҰ) – ең ірі және ықпалды үкіметтік әрі халықаралық мұсылман ұйымы. Қазіргі уақытта ол жалпы саны шамамен 1,5 миллиард адамды қамтитын 57 елдің басын біріктіріп отыр.