Біз адам баласы соңғы жүз жылдықта қара өгіз – қара жердің терісіне қара құртша қаптап, басқа тіршілік иелерін табиғи ортадан ығыстырып шығарып, хайуанаттар бағына қамадық. Ал қызмет бағыты миллион жылдар бойы өзгермей келе жатқан жануарлар мен жәндіктер әлемі бір жағынан алғанда табиғатқа емшілік қызмет көрсететін еді. Мәселен, қазақ даласының көркі болған ақбөкендер мен киіктерді алайық. Сайын даламыздың бетінде мың-мыңдап бұлтша көшіп жүретін жануарлар құмалақтарымен топырақты құнарландырып, тұяқтары арқылы жер қыртысын нығайтатын. Бұл жел эрозиясына қарсы бірден-бір ем болатын. Жүз жыл бұрынғы жағдаймен салыстырғанда сайғақтар саны қазір аз қалды. Оның қызметін алмастыруға жәрдемі тиеді деп үміт артуға болатын қой малының саны да мәз емес. Мұның өзі, егер жағдай өзгермесе, алдымыздағы жүз жылдықта байтақ өлкемізде жаңа экологиялық қатер түрлерінің бас көтеруі мүмкін екенін саналы адам баласына ептеп те болсын сездіреді. Өйткені біз киіктерді қырғанымызбен, олардың орнын алмастыра алатындай қызмет түрлерін атқарғанды былай қойып, бұл мәселе туралы бас қатырып та жатқанымыз жоқ.
Шіркін, табиғат қандай әділ де дана еді! Біз Еуразияның орталық бөлігінде әлемдік мұхиттардан жырақ жатқандықтан алыстан бұлт, яғни ылғал қуып әкелу және санитарлық қызмет атқару үшін алып Арқа төсінде жел екпінін күшейткен. Енді осы ызыңдаған сары желдің жер қыртысына төндіретін қатерін төмендету үшін желден де жүйрік киіктерді жаратқан. Киіктің қасиеті – тұяғының беріктігі мен жүйріктігінде. Қара бұлттай қаптай жайылып, алып даламызды аз уақыттың ішінде кезіп шыға алады. Қолымыздағы қой малы мұндай қызметті атқара алмайды. Өкінішке қарай, табиғат ананың миллиондаған жылдарға арнап бекіткен теңгерімін қазір өрескел бұзып отырмыз. Ал мұндай қателіктер мен қатерлер ешуақытта ізсіз кетпейді. Мұның кесірін біз тартпасақ, кейін ұрпақтарымыз тартады. Коронавирус қайдан шықты? Торғайдан бастап шыбын шіркейге дейін қырып, тамақ қылған қытайдан шықты емес пе?! Ендеше, қазірден бастап киіктердің киесіне қалмауды ойланғанымыз жөн секілді.
Жалпы, кие дегеніміз не? Мұны әркім әртүрлі түсінеді. Менің ойымша, бұл – табиғаттың барша тіршілік иелері үшін бекіткен ортақ тәртібі. Осы тәртіп тәрк етілген жерде, табиғат ананың құшағында өсіп келе жатқан кез келген жан-жануар түрінің теңгерімі бұзылған, оған қарсы зорлық-зомбылық орын алған жерде өз перзентін қорғау үшін табиғат ана бас көтереді. Мұның болмай қоймайтын процесс екені қазіргі дүниенің шайқала бастауынан көрініп отыр. Жұмыр жердің әр түкпірінде бұрын-сонды болмаған апатты дауылдар, жиілеп кеткен су тасқындары мен жер сілкіністері, күн қызуының артуы, бұрын болмаған ауру түрлерінің бас көтеруі, қазіргі адам қоғамының психологиялық жағдайының қиындауы, мұның бәрі қосыла келгенде табиғат ананың адамзатқа қарсы бас көтеруінің жекелеген белгілері емес пе екен?!
Менің ойымша, 2015 жылы қабылданған климат жөніндегі Париж келісімі – адамзатты жер бетінде сақтап қалудың бірден-бір дұрыс жолы. Оны америкалық компаниялардың мүддесін ескерген бизнесмен Дональд Трамп бұзып, АҚШ-тың осы келісімнен шығуына түрткі болды. Бизнесменнің билік басына келуінің бір қатері осыдан көрінді. Бірақ АҚШ президенттігіне кандидат Джо Байден бұл елді осы келісімге қайта қосады деген үміт бар. Өйткені ықтимал техногендік апаттардың арты қайда апарып соғатынын адамзат қоғамының алдыңғы қатарлы өкілдері – көптеген саясаткер мен ғалымдар айқын көріп отыр.
Ал экология мәселесінде Қазақстан жағдайына келсек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында оның талаптарын сақтап отырудың мүмкіндігі болмағаны анық. Өйткені негізгі назарды экономикаға ғана аудара отырып, елді қиыншылықтан алып шығу қажет болды.
Мемлекет басшысы, оқыған-тоқығаны көп зиялы азамат Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз қызметінде қоршаған орта жағдайын жақсартуға бірінші кезекте мән беруі бекер емес. Жуықта қабылдануға тиісті жаңа Экологиялық кодекс бойынша енді кәсіпорындар табиғатқа келтірген залалы үшін бұрынғыдай айып төлеумен ғана құтылып кете алмайды. Өздері келтірген залалды өздері өтейді. Бұл да болса, үлкен жетістік.