Қоғам • 24 Желтоқсан, 2020

Мереке қоныс тойға ұласты

102 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік күніне орай Түркістан облысының бірқатар тұрғыны баспаналы болып, қуанышқа кенелді. Сайрам ауданы әкімдігі тарапынан мұқтаж ретінде бірінші кезекте тұрған 10 отбасына баспана кілті табысталды.

Мереке қоныс тойға ұласты

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдар­ламасы аясында Сайрам ауданындағы көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін республикалық бюджет есебінен 252 млн теңге қар­жы бөлінген. Бұл қаражатқа 30 бас­пана алу жоспарланған. Қазіргі таң­да санитар­лық-эпидемиялық және тех­никалық талаптарға сәйкес келе­тін 26 тұрғынжай сатып алынды. Тағы 4 үйдің талапқа сәйкестігі анық­талуда. Аудан әкімі Ұласбек Сәді­беков жоспарға сәйкес 30 баспана аудан­дағы мемлекеттік тұрғын үй қоры­нан баспанаға мұқтаж ретінде тір­келген көп балалы отбасыларға бері­летінін айтады. Бүгінде аудан аумағын­да бас­панаға мұқтаж ретінде 370 көп­ балалы отбасы тіркелген.

Ал Төлеби ауданында 46 отбасы баспа­налы болды. Олардың ішінде 21 отбасы – әлеуметтік жағынан осал топ, 6 – ата-анасының қамқор­лы­­ғын­сыз қалған балалар, 9 – көп балалы отбасы және 11 – мемлекеттік қызметкерлер. Бүгінде Төлеби ауданы бойынша барлығы 3 879 азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Оның ішінде: ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатында – 293, халықтың әлеуметтік жағынан осал топтары санатында – 1770, көп балалы отбасылар – 385, мемлекеттік, әскери және бюджеттік мекеме қызметкерлері санатында 1431 азамат тіркелген. Келесі жылы ауданда 20 пәтерлік 9 көп қабатты тұрғын үйді пайдалануға беріп, 180 отбасын тұрғын үймен қамту жоспарлануда. Тәуелсіздік күні Ордабасы ауданы Қарақұм ауылының тұрғындары үшін де ұмытылмас қуаныш сыйлады. Жаңа спорт кешені пайдалануға беріл­ді. Жалпы, Ордабасы ауданының спорт саласында айтулы жұмыстар атқа­рылып келеді. Биыл жергілікті бюджет есебінен Ұялыжар мен Темір­лан ауылынан ашық алаңша мен стрит воркаут ашылған болатын. Аудан орталығындағы саябақ та осындай нысанмен толықты. Көп қабатты үйлердің ауласында 2 ашық алаңша, «Бәйтерек» мектебінің спорт залы мен алаңшасы салынды.