Қоғам • 24 Желтоқсан, 2020

Желтоқсанның ызғарын біз де сезіндік

511 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstannyń» 16 желтоқсан күнгі санында «Литермен келген...» деген тақырыппен Желтоқсан қаһармандарының сотынан түсірілген суретке қатысты мақала басылды.

Желтоқсанның ызғарын біз де сезіндік

Менің оған қосатыным да сол оқиғаға ұқсас. Мен ол кезде Қараған­ды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі едім. Облыстық газеттің кітапханасы барлық облыстық газеттерді жаздырып алатын. Кітапханаға келіп жатқан газеттер үйіліп жатады. Бір күні кітапханаға барып, «Жетісу» газетін қарасам, Қайрат баста­ған төрт жігіттің суреті шығыпты. Жігіт­тер қасқайып тұр. Суретке таңғалып, бөлмелерді аралатып жүріп, әріптестеріме көрсетіп шық­тым да, газетті кітапханаға апарып қойдым. Ертеңінде КГБ-дан келіп жүретін жігіт (сыртынан тани­мыз) кітапханаға келіп кетіпті. Содан кейін редакторымыз Тілеухан Жүсіпов кітапханашыны шақыр­тып, «Жетісу» газетінің сол нөмірін сұратады. Газет орнында жоқ болып шығады. Мен «көргенімді, бас­қаларға көрсеткенімді айттым, орнына апарып қойдым», дедім.

КГБ қызметкері ертеңіне тағы келіп, газетті іздетті.

Осылайша бір әлек болғанымыз бар. Сол 1987 жылғы желтоқсанның соңғы күндері қазақ журналистері көрген күніміз қараң болғанын ұмытпаймын. Өзімізбен көрші, бір-екі қабат қана жоғары тұратын орыс газетінің журналистері бізге, кәдімгі жауындай қарап өтеді. Сәлем­деспейді де. ҚазТАГ-тан қазақ­т­ы әшкерелеген материал­дар түсіп жатады. «Индустриаль­ная Караганды» күнде басады. «Орталық...» кешіктірген болады. Кейде редакторымыз шақырып алып ақылдасады, ҚазТАГ-тың орысшадан аударылған материалын алдына жайып қойып «Мынаны не істейміз», дейді. «Бермейік» дейміз. Әрине, кейде «Бермейік» деуін десек те, дәрмен жоқ, обкомнан қорқып береміз. Газеттің сол нөмірін ашпаймыз да, жиіркеніп отырамыз. Сондай күн болған...

 

  Зарқын ТАЙШЫБАЙ