Бүгінгі әлемде демократиялы мемлекеттің, оның саяси жүйесі мен азаматтық қоғам институттарының тиімді дамуы оның азаматтарының құқықтық және саяси мәдениетінің деңгейін тұрақты түрде арттырусыз мүмкін емес. Азаматтың қандай құқықтары бар екендігі және оның өз құқықтарын пайдалана алу мүмкіндігі туралы толық және терең білімінің болуы оны қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуға ынталандырады, белсенді азаматтық ұстанымының қалыптасуына ықпал етеді. Жас азаматтың саяси, әлеуметтік және азаматтық қоғам институттарындағы қызметі – жеке жетістіктердің ғана емес, бүкіл елдің өркендеуінің кепілі.

Бүгінгі әлемде демократиялы мемлекеттің, оның саяси жүйесі мен азаматтық қоғам институттарының тиімді дамуы оның азаматтарының құқықтық және саяси мәдениетінің деңгейін тұрақты түрде арттырусыз мүмкін емес. Азаматтың қандай құқықтары бар екендігі және оның өз құқықтарын пайдалана алу мүмкіндігі туралы толық және терең білімінің болуы оны қоғамдық-саяси үдерістерге қатысуға ынталандырады, белсенді азаматтық ұстанымының қалыптасуына ықпал етеді. Жас азаматтың саяси, әлеуметтік және азаматтық қоғам институттарындағы қызметі – жеке жетістіктердің ғана емес, бүкіл елдің өркендеуінің кепілі.
Қазақстан Республикасының Президенті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауында жаңа қазақстандық патриотизмнің қалыптасуы, жаңа ауқымды білім алуға ұмтылыс, азаматтық белсенділік пен жауапкершілік негіз болатын қазақстандық қоғамның әлеуметтік дамуының жаңа философиясының даму мәселелеріне ерекше көңіл бөлгендігі тегін емес. Бұл біздің еліміздің XXI ғасырдың жаңа ғаламдық талаптарына сәйкес Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және саяси жетілуін көздейтін жаңа саяси мақсаттарының бірі.
Егеменді елде туып-өскен қазақстандықтардың жас буынының бұл үдерістегі рөлі өте зор. Олардың тәуелсіз ой-өрісі, білімі мен дағдылары келешекте елді жаңа жетістіктерге жеткізетін саяси, экономикалық және әлеуметтік шешім қабылдау стратегиясының негізі болуы керек. Сондықтан Елбасы жас қазақстандықтардың тәлім-тәрбиесі мен өсуіне қолайлы жағдай жасауға, олардың кәсіби және тұлға ретінде жетілуі үшін жаңа мүмкіндіктер жасауға аса көңіл бөледі.
Жастарды қолдауға бағытталған әлеуметтік-экономикалық, саяси, ұйымдық және құқықтық шаралар жүйесін дамыта отырып, мемлекет олардың әлеуетін демократиялық дамуда барынша кеңінен қолдануға, оның ішінде жас қазақстандықтарды электораттық үдерістерге белсенді тартуға қызығушылық танытады. Бұл ретте жастардың демократиялық процестерге қатысу тәлімі Конституция кепілдік берген сайлау құқықтарын іске асыру тәжірибесі негізінде болуы керек.
Болашақ жас сайлаушылардың осы тәлімдерді алуы мақсатында Орталық сайлау комиссиясы 2012-2013 жылдары жастарды құқықтық оқыту тұжырымдамасын қабылдаған болатын. Тұжырымдамаға сәйкес 2012 жылғы қазаннан бастап 2013 жылғы маусымға дейінгі кезеңде облыстар мен Алматы қаласы әкімдіктерінің, сондай-ақ, Білім және ғылым министрлігі Жастар істері комитетінің қолдауымен ел өңірлерінде жастарды құқықтық оқыту жөніндегі жоба іске асырылды. Жобаның негізгі міндеті жастарға құқықтық білім берудің жаңартылған үлгісін әзірлеу, енгізу және тәжірибеде қолданып көру болып табылды.
Жобаның мақсатты тобы ретінде мектеп, колледж оқушылары, жоғары оқу орындарының студенттері, этномәдени жастар бірлестіктеріне қатысушылар, жұмысшы және ауыл жастары болды. Қойылған мақсаттарды шешу үшін әр өңірде жастарды құқықтық оқыту жөніндегі іс-шаралардың үлгілі жоспары негізінде сол өңірге бейімделген, Ортсайлауком көздеген іс-шараларды, сондай-ақ жергілікті қоғамдық жастар ұйымдары бастама ретінде ұсынған іс-шараларды қамтыған жоспарлар әзірленді. Бекітілген кестеге сәйкес жоба шеңберіндегі іс-шаралар өңірлерде бір ай бойы жүргізілді.
2012 жылғы қазан мен 2013 жылғы маусым аралығында барлығы 11 өңір қамтылды. Атап айтқанда: Павлодар, Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Алматы облыстары, Астана және Алматы қалалары. Жобаны іске асыру барысында мектеп пен жоғары оқу орындарындағы сайлау тәжірибесін талдау, жас сайлаушылардың Қазақстан Республикасының сайлау құқығы негіздерін білу деңгейіне әлеуметтік зерттеу (сұрауға 16 500-ден аса жас қатысты) жүргізілді, демократиялық сайлау үдерісінің даму тарихы мен үрдісі туралы жария және интерактивті лекциялар ұйымдастырылды, жастардың сайлау үдерісіне қатысу мәселелері жөнінде ашық пікірталастар өткізілді.
Ортсайлауком жастар қауымына арналған және жас азаматтардың сайлау жүйесінің негізімен, оның құқықтарымен жете танысуына көмектесетін арнайы ақпараттық буклеттер дайындап, оны жастар арасында таратты. Өңір жастарымен ашық кездесулер ұйымдастырылды, бұл кездесулер шеңберінде Ортсайлауком 18 жасқа толған және дауыс беру құқығын алған жастарға символдық сайлаушылар куәліктерін тапсырды. Жоба шеңберінде конференциялар, дөңгелек үстелдер өткізіліп, жастардың сайлау үдерісіне қатысуына байланысты өзекті тақырыптарды талқылау үшін ашық үнқатысу алаңдары ұйымдастырылды. Бұл шараларға қатысу үшін өңірлік жастар ұйымдары мен бірлестіктерінің жетекшілері, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, оқу орындарындағы өзін өзі басқару органдарының басшылары, жастар парламенттерінің депутаттары, мәслихаттардың жас депутаттары, басқаша айтқанда, жастардың құқықтық тәрбиесіне қызығушылық танытатын барлық тараптар шақырылды.
Олардың бәрі, ұлттық сайлау жүйесін дамыту үдерісін талқылауда белсенділік көрсетіп қана қоймай аса қызығушылық танытты, сондай-ақ сайлау құқығы саласындағы білімін тереңдетуге, туындаған сұрақтарына Ортсайлауком мүшелерінің өз аузынан жауаптар алуға ниет білдірді. Пікірталас барысында туындаған сұрақтар мен оларға берілген жауаптарды талқылауға ерекше көңіл бөлінді. Өйткені, әлеуметтанушылардың пікірі бойынша келіп түскен сұрақтар мен олардың сипаты көбінесе тыңдарман қауымның жалпы қызығушылығын ғана емес, оның белсенділігін, білім алуға дайындығын және оны қолдану деңгейін айқындайды. Сондықтан жобаны іске асыру барысындағы барлық іс-шараларда жас сайлаушылар қойған сұрақтар ұқыпты түрде талданып, жинақталды.
Көбінесе жас қазақстандықтарды еліміздегі азаматтардың сайлау құқықтарын іске асыру кепілдігі мен тәжірибесі, заманауи сайлау құқығындағы қазақ халқының құқықтық дәстүрлерінің сабақтастығы, сайлаушылар тізімдерін жасау және түзету рәсімдері, сайлау комиссияларын құру, сайлауком мүшелері жұмысының ерекшелігі, сайлау учаскелерінде дауыстарды санау және сайлау нәтижелерін қорытындылауды қоса, түрлі сайлау рәсімдерін құқықтық реттеу мәселелері қызықтырды. Сонымен қатар, сайлау органдары жұмысының тиімділігі мен сапасын жақсарту, заманауи технологиялар мен сайлау науқандарын ақпараттық қамтамасыз етуде коммуникация құралдарын кеңінен пайдалану, сонымен бірге, түрлі әлеуметтік желілер мүмкіндігін белсенді пайдаланумен қоса, сайлауға қатыспайтын адамдар үшін арнайы жазалау шараларын заңнамаға енгізу туралы да ұсыныстар енгізілді.
Жобаға еліміздің ең танымал ірі жоғары оқу орындары тартылды. Оған барлығы 50 жоғары оқу орны, 780 мектеп, 135 колледж, 5 кәсіптік лицей, 10 балалар үйі және 2 өндірістік ұйым қатысты. Заманауи ақпараттық технологияларды қолдану арқасында Павлодар, Батыс Қазақстан, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында мектеп, лицей оқушылары, колледж бен жоғары оқу орындарының студенттері, жұмысшы жастар мен оқытушылар үшін ұйымдастырылған сайлау құқығы жөніндегі интерактивті онлайн лекцияларды тыңдаушылар қауымы едәуір кеңейді. Ал Алматы қаласында өткен және қаланың 185 оқу орнында көрсетілген интерактивті лекцияның тыңдарман қауымы 27 000 адамнан асты.
Жобаны іске асыру шеңберінде Ортсайлауком мүшелері мен аппарат қызметкерлерінің оқушылармен, студенттермен, сондай-ақ, жұмысшы және ауыл жастарымен өткен кездесулері еліміздің сайлау жүйесінің дамуының өзекті мәселелерін, сонымен бірге, сайлау үдерісінің шетелдік тәжірибесін бірлесіп талқылау түрінде өтті. Олардың көпшілігі тікелей оқу орындарында, ауылдарда және өндірістерде ұйымдастырылды. Жобаның іс-шараларын ұйымдастыру жөніндегі жұмысқа жастар мен басқа да өңірлік қоғамдық бірлестіктердің белсенді қатысуы болашақ сайлау үдерісіне қатысушылардың жалпы құқықтық біліктілігі мен дайындығын жақсартуға ықпал етіп қана қоймай, жастармен жұмыс жүргізудің жаңа нысандары мен әдістерін анықтауда шығармашылық, жаңа заманауи тәсілдерді қарастыруды қамтамасыз етті.
Мұндай нысандардың бірі тақырыптық флеш-мобтарды ұйымдастырып өткізу болды. Олардың тақырыбы мен ұранын жастардың өзі айқындады. Олардың ең қызықтысы және ауқымдысы «Ойлан! Қимылда! Таңда!» және «Сен өз құқығыңды білесің бе?» атты ұранмен Қарағанды қаласында өткен флеш-моб, Павлодар мен Орал қалаларында өткен «Менің арманымның таңдауы» флеш-мобтары, Ақтау қаласындағы «Мен 18-демін!» флеш-мобы, Шымкент қаласындағы «Мен 18-демін! Менің дауыс беру құқығым бар!» флеш-мобы, Ақтөбе қаласындағы «Дауыс бер! Бұл – сенің құқың!» флеш-мобын атап көрсетуге болады. Бұл акцияларға «Нұр Отан» партиясы «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, «Жасыл ел» жастар еңбекші жасақтарының республикалық штабы», «Қазақстан студенттерінің Альянсы», «Жас Орда» студенттер мен магистранттар кәсіподағының студенттері белсенді қатысты.
Өңірлік, сондай-ақ, республикалық БАҚ-тарда жобаны жария етуге ерекше көңіл бөлінді. Бұл ретте ұйымдастырылған іс-шараларға белсенді қатысу үшін жас тілшілер де тартылды. Ортсайлауком өткізген шаралар тыңдарман қауым шеңберін кеңейтіп қана қоймай, жергілікті басылымдар, редакциялар, теледидар мен радиоарналар өкілдерінің еліміздегі сайлау үдерісінің даму тарихы мен болашағы туралы хабардарлығының деңгейін арттырды. Сонымен қатар, жастарды құқықтық оқыту жобасы шеңберінде қазақстандық оқушы жастардың кәсіби даярлығының, электораттық мәдениетінің, қоғамдық-саяси белсенділігінің деңгейін арттыру, шығармашылық зияткерлік әлеуетінің іске асырылуын ынталандыру үшін 2013 жылғы қаңтарда Ортсайлауком жоғары оқу орындары студенттері арасында жастардың электораттық мәдениетін қалыптастыру мәселелері жөнінде үздік зерттеу жобасына, сондай-ақ, сайлау тақырыбына үздік слоган мен бейнероликке конкурсы туралы айрықша айта кеткім келеді. Бұл конкурс 2013 жылғы 10 қаңтар мен 31 мамыр аралығында екі кезеңде өтті. Ең алдымен көп қызығушылық танытқан жастар өз ғылыми жұмыстарын облыстық сайлау комиссиялары жанынан құрылған қазылар алқасына тапсырды.
Өңірлік қазылар алқасы конкурсты табысты өткізу үшін, сондай-ақ, біздің бүгін оның нәтижелерін қорытындылап, жеңімпаздарды марапаттауымыз үшін өте үлкен жұмыс атқарғанын айта кеткім келеді. Бұл қазылар алқасына жергілікті танымал сайлау ұйымдастырушылары мен белгілі ғалымдар тартылды.
Конкурсқа барлығы қатысу үшін еліміздің 38 жоғары оқу орнынан 200-ден астам жұмыс ұсынылды. 42 ғылыми жұмыс, 7 ұран және 7 бейнеролик өңірлік кезеңнің жеңімпаздары атанып, республикалық конкурсқа қатысу үшін Ортсайлаукомға жіберілді. Сонымен қатар, Ортсайлаукомның тікелей өзіне тағы 16 ғылыми жұмыс, 8 ұран және 9 бейнеролик келіп түсті. Конкурстың республикалық кезеңі нәтижелерін қорытындылау үшін құрамына құқық, саясат және әлеуметтану саласындағы ғалымдар мен Ортсайлауком сарапшылары енген республикалық қазылар алқасы құрылды. Қазылар алқасын Ортсайлауком мүшесі, профессор, заң ғылымдарының докторы Марат Сәрсембаев басқарды.
27 қарашада, яғни мемлекеттік мейрам – Тұңғыш Президент күні қарсаңында салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Біз жасалған жұмыстың жалпы нәтижесіне қатысты сарапшылардың, жергілікті атқарушы және өкілді билік органдарының өкілдерінің, аумақтық сайлау комиссиялары мүшелерінің, саяси партиялар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, жастар ҮЕҰ, оқытушылар мен оқушылардың, студенттер мен жас жұмысшылардың пікірлері мен бағаларына орай жобаны табысты деп тануға болады.
Жас қазақстандықтардың өмірге деген көзқарасы мен табысты дамуға деген ұмтылысы – тәуелсіз және еркін Қазақстан дамуының кепілі. Жастардың өз Отанына пайдасын тигізуге деген тілегі – ел болашағын айқындайтын факторлардың бірі. Сондықтан, жастар үшін қазірдің өзінде қоғамдық мәні жоғары іс-шараларға белсенді қатысу, болып жатқан оқиғалар легінен қалып қоймау, қысқасы, өз өмірін шындық, заңның үстемдігі қағидаттарында құру, осы негізде өз елінің абзал азаматы болу маңызды.
Қуандық ТҰРҒАНҚҰЛОВ,
Орталық сайлау комиссиясының төрағасы.