Аймақтар • 24 Желтоқсан, 2020

Қызылордада әр саланың үздіктері марапатталды

455 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қызылорда қаласында жыл қорытындысына арналған жиын өтіп, онда қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев биыл шаһардың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен жетістіктерін саралап, қай салада да нәтижелі жұмыс жасалғанын атап өтті, деп хабарлайды Egemen.kz

Қызылордада әр саланың үздіктері марапатталды

Жыл басында Қызылорда қаласының бюджеті 68,9 млрд теңге болып бекітілсе, жыл қорытындысымен бұл көрсеткіш 95 млрд теңгеге жеткен. Қарқынды құрылыс алаңына айналған Сырдың бас шаһарында биыл 1 500-ге жуық отбасы баспаналы болып, қоныс тойын тойлапты. Қалада тағы 2 мың 380 пәтерлік 52 көпқабатты тұрғын үй салынып жатыр. Осы жылы облыс орталығында республикалық, жергілікті бюджеттен бөлінген қаржы есебінен 408 көшеге орташа және күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Жыл қорытындысында шаһар басшысы қала экономикасына өрелі өзгерістер әкеліп, өрісін кеңейткен мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстарды да тарқатты.

Мәселен «Жұмыспен қамту жол картасы» мемлекеттік бағдарламасына сай қала бюджетіне бөлінген қаражаттар шаһардағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталып, бірнеше мәдениет, білім нысандары күрделі жөндеуден өткізілген. «Тағзым» мемориалы, "Сыр Ана" монументі, «Темір жол» паркі, Назарбаев даңғылы абаттандырылды. «Ауыл - ел бесігі» арнайы жобасы арқылы Ақсуат ауылдық округіндегі №143 мектеп күрделі жөндеуден өтіп, елдімекендегі 16 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Салтанатты шарада сондай-ақ жылдағы дәстүрге сай ел дамуы жолында еселі еңбегімен ерекшеленген, қаланың қоғамдық-саяси өмірінің  өсіп-өркендеуіне үлес қосып,  әр салада табысты еңбек етіп жүрген жыл үздіктері марапатталды.

Бұдан бөлек жыл қорытындысымен «Жылдың үздік ұстазы» номинациясын иеленген педагогтар да марапат биігінен көрініп, қаржылай сыйақыға ие болды.