Бағзы замандардағы ұлтымыздың тарихи ескерткіштеріне кіретін Орхон-Енисей жазбаларында, соның ішінде Күлтегін ескерткішінде тасқа қашалып бедерленген, болашақ ұрпаққа ұлағат та, аманат та боларлық ғибрат сөз бар: “Халқы бегін, бегі халқын сыйлайтын ел ұзақ жасайды”.
Замана сыны – ауыр сын. Тәуелсіз Қазақстанның 18 жылдық биігінен сол ғасырға бергісіз уақытқа тарихи шолу жасап, өлшей қалсақ, ғасырлар бойы бабаларымыз армандаған асыл мұраттардың орындалғанын екшеп, санаға салмақ болатын ірі оқиғалардың қаншалықты ауыр, қаншалықты жауапты болғанын сезіну де, байқау да қиын емес.
Нұрсұлтан Назарбаев кешегі кеңестік жүйеден келіп, жаңа заманға сай санаға сілкініс әкеліп, замана көшіне ілесіп қана қоймай, сол ұлы көштің бастаушысына айналды. Ал осы тарихи сұраныс пен тарихи сананың өлшемі қандай?
Н.Ә.Назарбаев билікке келгеннен бері үзбей саясат аласапыранында келе жатқан қаламгер ретінде, көп нәрсе көңілге де, жадыға да тоқылғанын айтар едім. Сондықтан да қазақты бүгінгі биігіне көтерген, барша қазақстандықтар өздерінің болашағын байланыстырып отырған тұлға Нұрсұлтан Назарбаев деп айта аламын. Неге?
Кеңестер Одағының құрамында болған Қазақстанның мемлекеттік атрибуттары болғанымен, мемлекеттік статусы болған жоқ. Бірақ Тәуелсіз Қазақстан мемлекетін құруға негіз жасала бастады. Мұны ешкім жоққа шығармайды.
Керей мен Жәнібек хан мемлекет құру арманына жете алмады. Жоңғар қалмақтарының шапқыншылығы қазақты күйретіп кетті. Қазақтың басы қосылмады. Аяғы Ресейден пана іздеуге, соның боданы болуға мәжбүр етті. Әйтеуір, халық, ұлт болып қалуға мүмкіндік алды.
Кеңес өкіметі кезінде бүгінгі Қазақстан мемлекетінің алғышарттары жасалды. “Тар жол, тайғақ кешуден” өтті. “Мың өліп, мың тірілді”. Н.Ә.Назарбаев айтқандай, “Қазақтың бүкіл тарихы бірігу тарихы болды”.
Егемендік, тәуелсіздік қана бабалар арманын жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Осылай “Есім ханның ескі жолы”, “Қасым ханның қасқа жолы” деген ұғымдарға “Нұрсұлтанның нұрлы жолы” деген қастерлі сөз қосты. Демек, халқы бегін, бегі халқын сыйлайтын биік дәрежеге жеттік.
Бұл күнде Тәуелсіздік қиналыссыз келді дегендей пікір айтушылар бар. Қоғамның, алпауыт КСРО-ның шаңырағы ортасына күйреп түсетіндей халге қалай жеткенін сарабдал сарапшылар жазып та, айтып та жүр. Ол ұлттық сананың өсуі мен ұлттық патриотизмнің рухани сұраныспен астасуында жатыр. Сондықтан да Балтық бойы елдерінің Кеңестер Одағының құрамынан шығуы, 1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының көтерілісі, бәрі-бәрі мемлекетті басқару жүйесіндегі бітеу жараға айналған кеселдің жарылуына әкелді. Сондықтан да тәуелсіздік туы қазақ мемлекетін құруға ғана емес, қазақ халқының мемлекет құрушы ұлт ретінде қалыптасуына жол ашты.
...Қазақстан тәуелсіз ел атанысымен Түркия еліміздің егемендігін бірден танып, Н.Ә.Назарбаевты ресми сапармен Түркияға шақырды.
...Есенбұғы бабамыз атындағы Түркия әуежайында мыңдаған қазақ, мыңдаған түрік теңселіп тұрды. Н.Ә.Назарбаевтың алдына протоколды бұзып, сол кездегі Түркия Президенті Тұрғыт Өзал әуежайға өзі шықты. Оның “бауырым, кардашым” деп Нұрсұлтан Назарбаевты қапсыра құшақтап, мұсылман дәстүрімен үш рет кеуде соғыстырып, амандасқаны әлі көз алдымда тұр. Ал Түркия қазақтары “Абылай, Абылай хан”, “Нұрсұлтан”, “Ақсарбас” деп бес ісек қойды тіземен басып, құрбандық шалып еді. Сонда Назарбаев “Мен Абылай хан емеспін” деді.
Үндемей де қалуға болар-ды. Онда өзіне берілген, сол кезеңде асыра айтылған саяси бағамен келіскен боп шығар еді. Дәл осы сәтте ол әлем қазақтары алдында да жауапты екенін сезінген болатын. Сондықтан да Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы құрылды, оның төрағасы да өзі. Сөйтіп, он сегіз жыл ішінде атақонысына 1 миллион қазақ қайта оралды.
Грекияның бұрынғы премьер-министрі, генерал, марқұм Иоаннис Метаксас: “...Бейбіт күндегі Ататүріктің идеялары оның ақыл-парасатының күшті екенін дәлелдей түсті”, деп еді. Мүмкін, әлемнің ірі саясаткерлерінің дәл бүгін Назарбаевты сол Ататүріктің қатарына қосып, бағалауының бір сыры осында жатқан да болар. Шынында да, 18 жылдың ішінде Н.Ә.Назарбаев ірі экономикалық, саяси реформалар жасады. Абылай бабасының арманын жүзеге асырды. Қазақстан ядролық мемлекет болудан бас тартты. Ресей, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан секілді мемлекеттермен шекараны делимитация және демаркация жасап, ол сол мемлекеттердің парламенттерінде ратификациядан өтіп, заңмен бекітілді. Осылай әлем картасында тұңғыш рет “Қазақстан Республикасы” деген мемлекет пайда болды. Заңды түрде дербес Конституциясы, Әнұраны, Елтаңбасы, Туы бар, өз тағдырын өзі шеше алатын Қазақ елі Назарбаевтың тұсында дамып, өрістеп келе жатқаны тарихи шындық. Оны ешкім жоққа шығара да, сан-саққа жүгірте де алмайды.
Түркияның ірі саясаткерлерінің бірі Намық Кемел Зейбек: “Қазақстан ең алғаш тәуелсіздігін алғанда біз Қазақстан үшін Түркия үлгі боларлық мемлекет болады дедік, ал 17 жыл өткен соң біз Түркия үшін Қазақстан үлгі боларлық мемлекетке айналды деп мойындауға мәжбүрміз”, деуі Қазақстанның әлемнің геосаяси картасында ойып алып отырған орнын айғақтайды.
Ағылшын тілінде шығатын “Пакистан Обсервер” газетінде Исламабад саяси талдау институтының сарапшысы Мұхаммед Мунир “Нұрсұлтан Назарбаев – көреген көшбасшы” атты мақаласында былай дейді: “Көреген көшбасшылар өз мемлекеттерінің тағдырын өзгерту қабілетіне ие тұлғалар қатарына жатады. Олардың ерекшелігі – көпшілікке айқын емес үрдістерді байқап қана қоймай, оны басқалардың да көруіне себепкер болуында жатыр” (“Егемен Қазақстан”, 31.12.2009).
“XX ғасырдағы ең беделді 100 адамды” 2000 жылы айғақтаған “Таймс” газеті АҚШ-тың бұрынғы Президенті Рузвельтті атаған. Ол: “Мен өз елімді бір үйдің адамдарындай көруді қалаймын және олардың әрқайсысының бақыты бір-бірімен тығыз байланыста екенін түйсіну ерекше қуаныш әкеледі”, деген еді. Ал Назарбаевты Рузвельттің қатарына қоюшы саясаткерлер Елбасының бүгінгі ұлттық бірлік аясында атқарып отырған жұмыстарына сол Рузвельт армандаған мәселені шешкендігін мойындағандықтан барған болар.
Бұл күнде кіші БҰҰ деп аталып жүрген Қазақстан халқы Ассамблеясының негізін қалаушы – Назарбаев. Заңмен реттеуді ұсынған да – Назарбаев. Қазақстанда тұратын 100-ден астам этностар өкілдерінің тілі, мәдениеті дамып отырса, өз театрлары болса, ол сол ұлттық татулықтың белгісі емес пе? Оның үстіне Қазақстанда тұратын аз ұлттардың 9 өкілі Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты болып отыр.
Қытай Халық Республикасы экономикалық реформаларының атасы Дэн Сяопин: “Халықтың ішінде ойлы адамдар көп болса, солғұрлым жақсы. Бізге ойлы, іске ұйтқы боларлық адамдар шоғыры керек. Олар іздене де, жаңаға бастай да алады. Мұндай адамдарсыз кедейшіліктен де, артта қалушылықтан да құтыла алмаймыз. Тіпті әлем қалыптастырған алдыңғы қатарлы елдерге ілігу ғана емес, қуып жетудің өзі қиын болмақ”, деген-ді.
Нұрсұлтан Назарбаев билікке келген күннен бастап көзі қарақты, нарықтық экономиканы игерген, не оны түсінетін жаңа басшылар даярлауға кірісті. Жоқтан бар болмайтыны сияқты, бар кадрларды іріктеді, тәрбиеледі, биліктің әр тармағына қызметке қойды. Ал қызметті алып жүру ол адамдардың әрқайсысына сын болды. Олардың бірі беліне байлаған шоқпарды көтере алмай саясаттан да, елден де кетті.
Еліміз үшін, еліміздегі реформалар үшін Сингапур үлгі болғанын Елбасы да, саясаткерлер де айтып жүр. Сол елдің тығырықтан шығып, өркендеуін қамтамасыз еткен ірі тұлға Ли Куан Ю екені белгілі. Ол: “Өмір – үйренуден тұрады”, дейді және шағын аралды 30 жыл ішінде экономикасы берік мемлекетке айналдырды.
Журналист болып жүрген кезімде Сингапурде Ли Куан Ю мырзамен Президент Н.Ә.Назарбаев арасында болған әңгімені жазып алып едім. Енді сол әңгімеден үзіндіге назар аударалық.
Н.Ә. Назарбаев: Қалай ойлайсыз, болашақта бұл аймақта Қытай қандай рөл атқарады?
Ли Куан Ю: Қытай енді бір 30 жылда алдына жан салмайтын мемлекет болады. Қазір 120-130 миллион қытайлық Шығыс жағалауында қара жұмыс істейді. Бірақ олар Қытайға доллар тоғытып жатыр. Басқа аймақтардағы қытайлықтарды есептеңіз. Әрине, Қытайға оңай емес. АҚШ Қытаймен сауда жасағысы келмейді. Олар Жапониямен жұмыс істегенді тәуір көреді. Дегенмен, тауар үшін сауда алаңы керек. Ол қайда: көп халқы бар Қытайда. Қытайдың ішкі резервтері баршылық. Жоғарыда айтқанымдай, сыртта жүрген қытайлықтардың бәрі Қытай экономикасына жұмыс істейтінін ұмытпау керек. Мәселен, Горбачев бизнестің өз заңы бар екенін түсінбей-ақ кетті, экономика үшін ырғақтылық қажет. Ресей шетте жүрген 20 миллионнан астам орысты өз экономикасына тартқанда әлдеқашан дағдарыстан шыққан болар еді.
Н.Ә. Назарбаев: Сіз Ватанава екеуіңіз АҚШ Президенті Клинтонға бұл аймақтан кетпеу жөнінде хат жазған жоқ па едіңіз?
Ли Куан Ю: Рас. Ондай хат жазғанбыз. Ондай болмаған жағдайда Қытайдан оқыс мінез күтуге болады.
Н.Ә. Назарбаев: Қандай?
Ли Куан Ю: Бізге күшті АҚШ, күшті Қытай керек...
Н.Ә. Назарбаев: АҚШ Сингапур өз жетістігі үшін бізге қарыздар, соны өтесін деп жатқан сыңайы бар. Бұған не дейсіз?
Ли Куан Ю: Америка Құрама Штаттарының көмегінсіз, инвестицияларынсыз біз мұндай деңгейге тез көтеріле алмайтын едік. АҚШ-тың корпорациялары ірі қаржы жұмсады. Мәселен, Жапония бізге өзінің озық технологиясын бермеді. Сондықтан да жастарымызды АҚШ-қа оқуға жібердік, қажетті мамандар даярладық, халқымыз түгел ағылшын тілін меңгерген. Технологияға ие болу – прогрестің өзі. Сондықтан да АҚШ-тан қашудың қажеті жоқ, пайдалана білу керек...
Иә, бұл әңгіме осыдан он жылдан астам бұрын жазып алынып еді. Сол әңгіменің жалғасын бүгінгі Қазақстан саясатынан нақты көруге болады. Бізге мықты АҚШ, мықты Қытай ғана емес, мықты Ресей де қажет. Сондықтан да Н.Ә.Назарбаев осы үш империялық дәрежедегі мемлекеттермен стратегиялық әріптестікке қол жеткізіп, ол ресми құжаттармен бекітілді, осылай инвестициялардың ағылуына жол ашты.
Қазір Қазақстанда 8 мыңға жуық шетелдік компания жұмыс істейді және олардың 270-і дүние жүзіндегі әйгілі 500 ірі компанияға тиесілі. Сондықтан да Елбасының тапсырмасына сәйкес шетелдік инвесторларды әртараптандыру һәм технологиялық даму саясатына араластыру ойдағыдай жүргізілді. Ол 4 басым бағытты қамтыды. Олар:
– инфрақұрылымдарды дамытуға арналған жобалар;
– шикізатты тереңдеп өңдеу;
– жоғары технологиялық саланы дамыту;
– технологиялық тұрғыдан даму мәселесін шешу.
Тәуелсіз ел болған Қазақстан жеке мемлекет бола ала ма, алмай ма деген сауал кезінде шетелдік инвесторларды да, мемлекет басшыларын да ойландырған әрі толғандырған еді. Сондықтан да жаңа мемлекетке инвестиция салуда Қазақстан біршама жеңілдіктер жасауға мәжбүр болды. Контрактілер құпиялығы сақталды. Ал енді ше? Енді Қазақстан аяғынан нық тұрды. Назарбаев ТМД елдерінің ғана емес, әлем саясаткерлерін таңғалдырған көптеген идеялардың генераторына айналды. Бір ғана “Дағдарыстан шығу кілті” атты мақаласының өзі не тұрады. Оны банк пен экономика саласының ірі өкілдері, Нобель сыйлығының бір топ лауреаттары мойындап қана қоймай, әлемдік валюта жүйесін реттеудің тың ұсынысы ретінде қабылдады.
Өткен жылдың соңында Астанада Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 22-ші пленарлық мәжілісі болып өтті. Сонда Н.Ә.Назарбаев: “Біз өз еліміз үшін ең бір күрделі кезеңде сіздерге өзіміздің бағалы байлықтарымызды игеруді сіздер үшін тартымды жағдайда бердік. Енді біз сіздердің Қазақстаннан тапқан пайдаларыңыздың бір бөлігін оны одан әрі өркендету ісіне жұмсауды талап етуге құқылымыз”, деп мәлімдеді.
Жақында Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен арнайы кеңес өткізілді. Елбасы Үкімет есебін тыңдап, елең етерлік тың ұсыныстар айтты. Мәселен, ілеспе газ мемлекет меншігі екенін, шетел компанияларына салынатын салық та жаңа заманауи сұраныстарға орай шешілуі тиіс екенін қадап айтты.
“Біз өзіміздің дамуымызда бұрын оңтүстік-шығыс “жолбарыстарының” тәжірибесіне сүйендік, солардан үйрендік. Мен осындай саясат жүргіздім. Біз мұны дұрыс жасадық. Енді біз Финляндиядан үйренуіміз керек. Бұл, біріншіден, білім берудің жоғары стандарттары, екіншіден, ғылыми ізденістерге қаржы бөлуде бәсекелестің басымдығы, үшіншіден, болашақтың ұлттық инфрақұрылымы, төртіншіден, мемлекеттің, ғылымның және бизнестің күшін ортақ мақсатқа біріктіру. Қысқаша айтсақ, бұл осы төрт тұғырдан тұрады”.
Міне, асықпай, аптықпай жүргізілген саясаттың арқасында Елбасы шетел инвестициясының бір бөлігін инфрақұрылымдарды қалыптастыруға, жоғары сұраныстағы жұмысшы мамандықтарын жергілікті ұлт есебінен жасақтауға байланысты келелі де келісті міндеттер қойды.
Шетел инвестициясының нәтижесінде дағдарысқа қарсы бөлінген шығындарды есептемегенде, Қазақстанның Ұлттық қоры мен алтын-валюта резерві 52 миллиард долларды құрап отыр. Бұл халыққа, мемлекетке қажетті қомақты қаражат. Сондықтан да Қазақстан жаһандық экономикалық дағдарыстан аман-есен шығып, өркендеудің жаңа белесіне бет алды. Мәселен, жалпы құны 3 миллиард доллардан асатын 170-тен астам жаңа өндірістік, инфрақұрылымдық іргелі жобалар жүзеге асырылды. Іргелі инвестициялық жобалар бойынша Қытаймен, Оңтүстік Кореямен, Түркия және Беларусь мемлекеттерімен келісім-шартқа қол қойылды.
Үстіміздегі жылдан бастап Н.Ә.Назарбаев ұсынған Кеден одағы жұмыс істеп келеді. Ресей-Беларусь-Қазақстан мемлекеттері арасында тауар айналымы кеден салығынсыз жүзеге асырылады. Халық тұтынатын тауарлардың бақылауда болатын үлкен тізімі жасалды. Ол әлеуметтік тұрақтылыққа бағытталып отыр. Бұл халық аса көп тұтынатын белгілі бір тауарларға баға өспейді деген сөз.
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев миға “шабуыл” жасаудан жалыққан емес. Әлем өркениеті қалыптастырған жақсы тәжірибелерді Қазақстан мемлекеті мен ұлттық менталитеті тұрғысынан шендестіре отырып, үнемі тың ізденістер мен ұсыныстар айтады. Сайып келгенде, бұл Қазақстанның әлемдік дағдарысқа қарамай-ақ 2020 жылға дейінгі дамуының стратегиялық бағдарламасын жасақтауға мүмкіндік бергенін атап өткен ләзім.
Елбасының жыл сайынғы Қазақстан халқына жолдаулары да өміршең, кезең-кезеңмен атқарылатын асқаралы міндеттермен ұштасып жатады. Қазақстан халқына биылғы Жолдауында Н.Ә.Назарбаев ел өмірінің тамыршысындай, халық күткен мәселелерге батыл ұстанымдармен келді. Бұл да көреген саясаткердің ел мен жер, халық пен қоғам арасындағы біртұтастық концепциясының орныққанының дәлелі.
“Жаңа онжылдық – Жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауы Елбасының “Не істеу керек?” деген сауалға жауап тапқанының айғағы болды. Енді Қазақстан алдағы 10 жылда тұсаулы аттай тыпырламайды, енді Қазақстан әлем өркениетіне қарай көсіле шабады. Мәре айқын, ол ұлттың құндылығы – Тәуелсіз Қазақстан, мемлекет және оның азаматтарының ортақ мақсаты біріккен, экономикалық өрлеу – халықтық іске айналатын, өңірлік және халықаралық интеграцияны дамытып, төрт құбыласы тең Отанымыздың ашық та айқын қоғамын құру.
Осының бәрі алдын болжайтын, соңын ойлайтын ірі саясаткердің қадамдары екенін Елбасының жақтастары да, қарсыластары да мойындауы керек қой деп ойлаймын.
Н.Ә.Назарбаев үш тіл саясатын ұсынды. Осыны әсіре қызыл кейбір ағайындар әлі де түсіне алмай, қазақ тіліне әлдеқандай бір қауіп төнгендей қарастыруда. Үш тілді білу алға бірден үш адым аттау екенін түсіну қажет. Мұны халыққа ұғындыру жағы жетіспейтін сыңайлы. Бүкіл Сингапур ағылшынша сөйлей алса да, қытай тілі сол биік дәрежесінде тұр ғой.
Елбасы “Болашақ” бағдарламасын ашты. Әлемнің жетекші жоғары оқу орындарында мемлекеттік қаржымен мыңдаған қыз-жігіт білім алуда. Ертең олар жаңарған Қазақстанның жасарған, әлемдік додаға төтеп бере алатын экономикасын, сан тарам реформасын жүзеге асыратын болады. Өйткені, Н.Ә.Назарбаев жастар саясатын ешқашан қалт жіберген емес. Жастар форумдарына қатысып, жас ұрпақтың алдына толғақты мәселелерді қойып, өзінің жастарға сенетінін мәлімдеп жүр.
Елбасы өзі де үйренуден жалықпайды және соңынан жастарды ілесуге шақырады. Әрі Қазақстанды өркениетті 50 елдің қатарына қосу міндеті айғақталды. Міне, бір кездесудің сабақтарын осыдан да айқын көруге болмай ма?
Францияның басшысы Шарль де Голль генерал ғана емес, елінің ұлы державаға айналуын қамтамасыз еткен ірі саяси тұлға. Ол өз елін Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты бес өкілінің бірі болу дәрежесіне жеткізді. Алжир мәселесін оңтайлы шешті. Ал Назарбаев ше? Назарбаев ешқашан жеке мемлекет болып көрмеген, дербес саясатын жүргізбеген, кешегі Ресейдің “соқырішегі” болған елді аз жылда аяғынан тұрғызып, экономикасы дамыған елге айналдырды. “Әуелі экономика, сонан соң саясат”, деді. Қазір Қазақстанда саяси реформалар да жүзеге асырылды. 13 саяси партия жұмыс істейді. Оған сан алуан қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдарды қосыңыз. Әрі “Сайлау туралы”, “Саяси партиялар туралы”, “Бұқаралық ақпарат құралдары туралы” заңдар қабылданды. Сөз және ождан бостандығына қол жеткізілді. Он сегіз жылдың ішінде, Қазақстан ТМД елдері арасында бірінші болып, ЕҚЫҰ-ға жетекшілік ету мәртебесін иемденді. Бұл өз-өзінен келген абырой да, құрмет те емес, ол Президент тарапынан тынбай жүргізілген еңбек пен сындарлы саясаттың жемісі.
– Қазақстан үшін ЕҚЫҰ-ға төрағалықтың маңызына қатысты біздің кейбір сыншыларымыз бен түңілушілерімізге жауап беріп, мынаны айтқым келеді: менің терең сенімім бойынша ЕҚЫҰ-дағы төрағалық біздің халқымыздың шын мәніндегі жұлдызды сағаты, Қазақстан тарихындағы кезеңдік оқиға болып табылады, ол ең сәтті деген жағдайда 55 жылдан кейін қайталануы мүмкін, – деді Н.Ә.Назарбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалықты қабылдап алуының Венадағы ресми тұсаукесеріне қатысушы мемлекеттерге арнаған Үндеуінде.
Иә, мұндай ірі саяси оқиға дәл 55 жылдан кейін қайталанбауы да мүмкін ғой. Сондықтан да бұл Қазақстанды, қазақ халқын әлем мойындаған ерекше тағдырлы сәт деп бағалаған жөн.
Малайзия да Қазақстан реформасы үшін үлгі болған мемлекеттің бірі. Әлем лидерлерінің ішінде халқының ұлтаны деген саясаткер легіне ілінген Дато Сері Мұхаметтің 9 жарғысы бар:
1. Бәріне ортақ тағдырлас бірегей малай ұлтын қалыптастыру.
2. Психологиялық жағынан үйлесімді, еркін әрі дамыған, әр адамның өзінің қол жеткен табысына мақтаныш сезімімен қарай алатын қоғам құру. Болашақтағы қиындықтарды жеңе алатын дені сау ұлт тәрбиелеу.
3. Экономикасы мықты әрі икемді, өнімі бәсекеге түсе алатындай өркендеген қоғам құру.
4. Қоғам қажеттеріне орай демократиялық үдерістерге икемделе алатын және елдерге бағдар болатын өркениетті қоғам құру.
5. Жоғары моральды этностық қоғам құру жүзеге асырылсын. Оның азаматтары өзге дінді және рухани сұранысты құрметтейтін, әлемдік этностық стандарттарға сай болсын.
6. Өңі мен түсі, діні әртүрлі малайзиялықтар (астын сызған біз – У.Қ.) қоғамы еркін және жетілген, әрқайсысы бір-бірінің дәстүрін, мәдениетін, салт-санасын қастерлейтін болсын, бірақ олардың санасына бір ұлт екендігі (астын сызған біз – У.Қ.) қалыптастырылсын.
7. Алыстағы болашаққа көз тігетін, ғылым мен технология жетістіктерін өзі пайдаланып қана қоймай, оның әлемдік дамуына өз үлесін қосатын жаңашыл қоғам құруға жұмылдыру.
8. Әр адамның санасына отбасына деген адалдық пен мәдениеттілікті, ізгілікті қалыптастыру қоғамға қажетті мақсат болып табылады.
9. Экономикалық бөлінісі әділ, ұлттың байлығы мен табыстары бәріне ортақ. Даму мен прогресс жемістері тең бөлінетін қоғам құру.
Осы тоғыз міндетті сараптап, жүрек елегінен өткізген жағдайда біз Қазақстан саясатындағы малайлық үлгілердің алғышарттарын бірден байқаймыз. Қазақстан “Еуропаға жол” бағдарламасын қабылдады. Ол бәсекеге түсе алатын өнім өндіруді жүзеге асыру, діни түсінікке қол жеткізу. Бұл ретте Астанада дәстүрлі әлем діндерінің 3 дүркін съезі өткенін қаперге алыңыз, саламатты, сауатты ұрпақ тәрбиелеу және ұлттық бірлік пен тұрақтылық психологиясын қалыптастыру бағытындағы жұмыстарды да санадан шығармаңыз. Міне, осы мысалдардың бәрі шын мәнінде, оппозиция мойындаса да, мойындамаса да, Назарбаевтың ұлттық лидерге әлдеқашан айналып кеткенін дәлелдейді. Халық солай деп біледі, халық солай деп қабылдайды. Ал “халық айтса қалт айтпайды” ұлағаты өмірмен дәлелденген.
Н.Ә.Назарбаев кекшіл емес. Ол біраз азаматтардың биік лауазым алуына қамқорлық жасады. Оппозициядамыз деп жүрген саясаткерлердің дені Н.Ә.Назарбаевтың шекпенінен шыққандар. Мұндай кеңдіктің үлгісі бұрын болды ма, болмады ма білмеймін.
...“Алатауға сыймай бара жатқан жоқпыз, қимай бара жатырмыз” деп Сарыарқа төсіне Қазақстанның бас қаласын ауыстырған Елбасы Алматы әуежайында абыз тауға бас иіп, ұшаққа отырған. Әркімнің көңілі әр түрлі? Ақмола Алматыдай болар ма екен? Алда не күтіп тұр?..
Н.Ә. Назарбаев әлем астаналарымен терезесі тең, сәулеті де, дәулеті де жоғары Қазақстанның жаңа Астанасының сәулетшісі де, ұйымдастырушысы да болды.
“Астана – Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамашылдығымен, қажыр-қайратымен, беделімен, бақылауымен салынып жатқан қала. Мұны жалғыз біз ғана емес, алыс-жақын елдердің басшылары – президенттер, корольдер, парламент мүшелері, премьерлер, Астана феномені қызықтырған зерттеушілер, сарапшылар айтып жүрген, тұрақталған тұжырым. Олардың көпшілігі Астана қаласының құрылысын дүние жүзіндегі елеулі оқиғаға балап, сол қаланың бас сәулетшісі – Қазақстан Президенті дегенді салмақпен айтқанына біздер, астаналықтар, қазақстандықтар бірнеше рет куә болдық, дейді сенатор, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері Қ.Сұлтанов өзінің “Егемен Қазақстан” газетінде жарияланған “Президент және Астана” атты мақаласында.
Ірі саясаткер ірі ойшыл да, ірі көсем де болуға тиіс. Әр ел басшысының харизмалы болуы оның беделі мен абыройын асқақтатады.
Н.Ә.Назарбаевтың жылы жүзі, жұртты бірден өзіне баурап алатын қасиеті, сөзден өрмек тоқитын шешендігі, кісілігі мен талғампаздығы, психологиялық байқампаздығы, айналып келгенде, елінің, халқының жалпы түркі әлемінің көк туына айналуына ықпал етті.
“Ұлық болсаң кішік бол”, дейді қазақ мақалы. Елбасымыз осы қағидатты ұстанады. Сондықтан да кезінде қос палаталы Парламент депутаттары Халық Қаһарманы атағын беру, кейін Астананы Елбасы атына ауыстыру туралы ұсыныс білдіргенде де оған үзілді-кесілді қарсы шықты. 70 жылдық мерейтойын атап өтуге тыйым салды. Халқы үшін жасаған қызметін тарих қана екшейтінін, тарих қана бағалайтынын Елбасы жақсы біледі.
...Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының Атырау өлкесіне кезекті сапарларының бірі еді. Ресми кездесулер біткен. Енді аз-кем демалу қажет. Нұрекең кешке дейін дастархан басына жиналып алып, өзін жан-жақтан мақтайтын дастархан жиынын жақтырмайды. Сондықтан да белсенді демалысты ұнатады. Не гольф ойнайды, не тау шаңғысымен құлдилайды, не атқа мініп құйғытады, не бассейнде жүзеді, реті келсе балық сүзеді. Қалай болғанда да бір жерге шегеленіп отырғанды қаламайды.
Кәрі Каспийге келген соң, қалай теңізге шықпасқа?! Қармақ лақтырса да, ау құрса да болады. Бірақ теңіз ақшулан көбік атып, толқындар ойнап, кеме шайқалақтайды.
Балықшы ауданы әкімінің бірінші орынбасары, бүгінде сенатор Қайрат Ищанов балықшылардың қайығына мініп, тор тартпақ. Елбасыға кемеде қалуды ұсынды.
– Немене, балыққа келіп, кемеде отырам ба? – деп қайыққа Нұрекең секіріп түсті.
Бұл сәт жазуға ғана оңай. Қайрат Қыдырбайұлының көзі атыздай болып, тынысы тарылғаны рас еді. Оны лезде Нұрекең қайта сабасына түсірді.
– Атам қазақ “Кемедегінің жаны бір” деген. Кел, тартайық.
Енді бір сәт екі-үш метрдің аржақ-бержағындағы балық бауыры жарқ етіп көрініп еді. Расында, тайыншадай қортпа (белуга) екен.
– Нұрсұлтан Әбішұлы, бұл енді Сіздің балық. Не істесек екен? – деп Қайрат Нұрекеңе қарады.
– Не істейміз? Ен тағып, қайтадан теңізге жібереміз.
Қайрат дәл осылай болатынын білгендей еді. Алдын ала сырға жасатқызған. Онда “Бұл белуга Қазақстанның жеке меншігі”, енді бірі “Бұл белуга Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жеке меншігі”, деп жазылған-ды.
Тоқетер сөзді Н.Ә.Назарбаевтың өзі айтты. Сөз тапқыштығы да жарасымды.
– Бұрын қазақ ат мінгізетін еді, енді атыраулық қазақтар белуга мінгізетін болыпты. Әрине, бұл балық Қазақстанның жеке меншігі.
Сырға тағылған қортпа тордан босатылды. Ол жарқ етіп қанаттарын жайып, Каспий ананың бауырына сүңгіді...
Елбасының әлемдегі ең алып держава – Америка Құрама Штаттарына әр кездегі сапарлары есімде. Ең алғашқы сапары мен күні кеше аяқталған сапарын салыстырып көрер болсақ, замана сыны шыңдаған саясатшының ұлы тұлғасын көретініміз анық. Бұл жолғы сапар Қазақстан атты елдің абыройын асқақтатса, Елбасының мерейін тасытты. АҚШ Президенті Қазақстан басшысының екі елдің стратегиялық байланыстары, оларды дамытудың болашағы туралы айтқандарын айрықша пейіл-ықыласпен тыңдады. Нұрсұлтан Әбішұлының Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жаһандық саммиттегі ұсыныстарына бүкіл әлем құлақ түрді. Елбасы осындай жауапты сапардың үстінде, айрықша маңызды кездесулер арасында қырғыз халқының тағдырына қатысты да алаңдаушылығын ұмыт қалдырмай, бұл мәселені АҚШ, Ресей президенттерімен бірлесе талқылапты. Егер өмірдің өзі түрлі белестерден, алға ұмтылдыратын межелерден тұрады десек, биылғы Америка сапары, Қазақстан Президентінің тікелей қатысуымен онда қабылданған шешімдер Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевты әлемдік деңгейдегі саясатшы дейтін биік белеске көтергендігі сөзсіз.
* * *
Елбасы былай деп еді: “…Маған, әсіресе, 1999 жылғы Президент сайлауы қатты әсер қалдырды. Сол айларда терең ойланып жүрдім… Сайлауға бір аптадай ғана уақыт қалғанда туған ауылыма барғаным есте. Насихат жүргізуге емес, ата-баба аруағына тағзым етуге, әке-шешеме құран оқытуға, қалың елмен жүздесіп, ақсақалдардың батасын алуға барғанмын.
…Кім болса да өмірдің қатал заңына бағынады. Бағынбаса Қарасайдай, Өтегендей, Сұраншыдай, Саурықтай батыр бабаларым, Сүйекемдей, Жәкемдей ақын бабаларым бағынбас еді. Бағынбаса дүниені дүрілдетіп кеше ғана өткен, қалың қазақты бір кемсеңдетіп кеткен Нұрғиса ағам бағынбас еді… Соны түсінгендіктен де маңдайыма жазған ғұмырдың әр күнін, әр сағатын еліме, жеріме арнағым келеді”.
Иә, Президенттің әр минөті, әр сағаты, әр күні бағзы замандардан бері тағдырға есесі кеткен халқына қызмет етуге арналып келеді. Әлем саясаткерлерінің арасында ерекше болмысымен оқшаулана көрінетін Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақтың, қазақстандықтардың тағдырын бүкіл әлем қызыға қарайтындай жағдайға жеткізіп келеді деуге болады.
Солай бола берсін!
Уәлихан ҚАЛИЖАН.