Жалпы, облыстың батыс беткейіндегі аудандар болмаса, оңтүстікте орын тепкен Шиеліде Ойсылқара тұқымын өсіріп, өнімін кәдеге жаратып отырғандар көп емес еді. Бірақ ізденсең қай істің де көзі табылатынын дәлелдеген кәсіпкер Сабыр Ермахановтың бастамасымен 6 шаруа қожалығы мен жеке мал ұстап отырғандар ұжымдасып, «Шиелі төрт түлігі» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі құрылды. Аудан орталығына жақын Бала би ауылы тұрғындары да түйе сүтін осы цехқа өткізуге дағдыланды. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-тан өндірістік кооперативтің 21 мүшесі 64 млн теңге несие алып, мал басын көбейтуді қолға алды. Осы жылдың өзінде сырт аудандардан 100-ден астам түйе сатып алыныпты. Қазір «Шиелі төрт түлігі» ӨК мүшелерінің саны 28-ге жеткен, оның сыртында тағы 45 адам жұмыспен қамтылып отыр.
Бастапқыда тек шұбат өндірген «Ару-Ана» көп ұзамай сиыр сүтінен айран, құрт, йогурт, сүзбе әзірлейтін болды. Өнімдері облыс аудандарынан бөлек Алматы, Ақтөбе қалаларына жөнелтілуде.
Қазір өндірістің қай саласында да керегіміздің көбін шетелден алып отырғанымыз жасырын емес. Кәсіпорын технологы Баян Дүйсенбек Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университеті мамандарымен бірлесе отырып шұбат ашытатын ұйытқы шығарғандарын айтады. Қазір шипалы сусын осы ұйытқы арқылы әзірленеді. Мамандар ізденісі арқылы адам ағзасына ем болатын сарысу өндіру жолға қойылып, сатуға шығарыла бастады.
Цех сиыр сүтінен дәмі қымызға ұқсас сусын да шығара бастаған. Ұлттық сараптама орталығымен бірлесе бастаған жоба елімізде бұрын-соңды жүзеге аспаған жаңалық.
Сауылатын түлік цех жанындағы қоражайда ұсталады. Өнім сапалы болу үшін күн сайын тұрақты тексеріледі. Саулығынан сәл кінәрат байқалса, өндіріс орнындағы мамандар мен ғалымдар бірлесіп дайындаған сынама тест алынып, оқшауланады. Өнімнің жарамдылық мерзімі бұрын 2-5 ай аралығы болса, қазір оны жаңа технология жетістігі арқылы 1 жылға дейін жеткізіп отыр.
«Ару-Ананың» тағы бір жаңалығы – түйе сүтінен жасалған балмұздақ. Бұл өнімге өндіріс жұмысымен танысуға келген арабтар қызығушылық танытыпты. Шетелдік меймандарды жергілікті түйе сүтінің қоюлығы да ерекше таңдандырыпты.
– Қазір бұрынғыдай емес, мал көбейді. Облыс көлемінде төрт түлікті түлетіп отырғандар қатары күн санап артып келеді. Енді сүт өндіру мен өңдеу саласын білетін мамандар тапшылығы қатты байқалып отыр. Технологтардан бөлек білікті ветеринарлар ауадай қажет. Жалпы, сүт өңдеу оңай жұмыс емес, сондықтан осы істі қолға алғандарға қолдау танытып, тәжірибемізбен бөліскіміз келеді. Осы арқылы жұртты ұлттық сусынға үйретсек, ұтарымыз көп болар еді, – дейді Баян Дүйсенбек.
Қызылорда облысы