Спорт • 25 Желтоқсан, 2020

Маңызды бес жарыс

293 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бірлескен күрес әлемінің (UWW) ресми сайтында келесі жылы Токиода алауы тұтанатын Олимпия ойындарының жолдамалары сарапқа салынатын турнирлердің тізімі жарияланды.

Маңызды бес жарыс

Қазақстан құрамасы бес бірдей байрақты бәсекеге қатыса алады. Олардың барлығы да келесі жылдың алғашқы жартысында өтеді. Алғашқы жарыстың жалауы 4-7 наурыз күндері Италияның бас шаһары Римде желбірейді. Бұл – ұзақ жылдар бойы айтулы федерацияда вице-президенттік қызметті атқарған Маттео Пелликонені еске түсіруге арналған халықаралық турнир. 9-11 сәуірде Алматыда сары құрлықтың сайыпқырандары бас қосады. 12-17 сәуірде Алатау баурайында Азия чемпионаты ұйымдастырылады.

Өздеріңіз байқағандай, біздің балуандар үшін тамаша мүмкіндік туындап отыр. Өз елімізде, өз жанкүйерлеріміздің көз алдында өтетін екі бірдей байрақты бәсекеде жерлестеріміз барын салып айқасып, көздеген мақсаттарына қол жеткізуге тиіс. Ал одан кейінгі жарыстарда лицензияға иелік ету қиындай түседі. Себебі 6-9 мамыр күндері Софияда тұсауы кесілетін әлемдік іріктеу турнирі мен 8-13 маусымда Варшавада ұйымдастырылатын рейтингтік жарыста төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған мықтылар күш сынасады.