Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2020

Шекара қызметі әуе апатынан қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алды

279 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Бүгін Түркістан облысында осыдан сегіз жыл бұрын 27 әскери қызметшінің өмірін қиған АН-72 әскери ұшағы апат болған орында, сондай-ақ ҰҚК ШҚ барлық аумақтық бөлімшелерінде еске алу жиыны өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Шекара қызметі әуе апатынан қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алды

Іс-шараға  дін өкілдері және «Застава тарландары» республикалық қоғамдық бірлестігі филиалының ардагер-шекарашылары, сондай-ақ қайтыс болғандардың жақындары, туған-туыстары қатысты.    

ҰҚК Шекара қызметі Түркістан облысы бойынша департаменті әскери қызметшілерінің бастамасымен өз елінің нағыз патриоттары – Отан сақшыларын ұлықтай отырып, ұшақ апаты болған орынға мемориалдық тақта орнатылды.  

Мемориал басында оңтүстік шекарашылары марқұм болған қаруластарының құрметіне дұға-тілектерін арнап, гүл шоқтарын қойды.  

Еске сала кетейік, 2012 жылдың 25 желтоқсаны күні мемлекетімізде қаралы күн жарияланған еді. Қыстың қытымыр күнінде ел астанасынан Шымкент қаласына бет алған ҚР ҰҚК Шекара қызметінің АН-72 әскери ұшағы апатқа ұшырады.  

Сайрам ауданы Тассай елді мекені маңында орын алған ұшақ апатынан 27 адам қаза тапты. Бұл тәуелсіз ел тарихында болған ең ірі қайғылы оқиға еді.