Аймақтар • 25 Желтоқсан, 2020

«Алтын домбыра» Сырға жетті

479 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Бүгін Нартай Бекежанов атындағы академиялық музыкалық драма театрында облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың қатысуымен жуырда ғана өткен республикалық ақындар айтысында өзгелерден мойны озық шыққан Мұхтар Ниязовқа «Алтын домбыра» сыйлығын табыстау рәсімі болып өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

«Алтын домбыра» Сырға жетті

Сонымен қатар салтанатты шараға Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, әнші, композитор Қазақстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, «Жалын» журналының бас редакторы Ғалым Жайлыбай және айтыскер ақын Бауыржан Халиолла қатысты.

Нұрғиса Дәуешов Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың лебізін жеткізсе, Жүрсін Ерман, Алтынбек Қоразбаев, Ғалым Жайлыбай талай додада топ жарған дарынды ұлға жерлестері көрсеткен құрметке ризалық танытты. Осы сыйлықты үшінші мәрте иеленіп, Сырдың мерейін өсірген Мұхтар Ниязов қолына тиген «Алтын домбыраны»  өңір руханиятына көрсеткен қолдауына алғыс айта отырып аймақ басшысына табыстады. 

Гүлшара Әбдіқалықова «Алтын домбыраның» Сыр жұрты үшін ерекше мақтаныш екенін жеткізді.

- Байырғы бабалардың ізіндей, қазақтың айтыс өнерінің бар құдіретін бойына сіңірген Мұхтар – елімізге танымал дарындарымыздың бірі. Осы «Алтын домбыра» республикалық айтысы басталған 2012 жылғы алғашқы «Алтын домбыра» иегері атанып, қуантып еді. Одан кейін де екі мәрте осы айтыста топ жарып, Сыр жұртына үлкен сый жасады, - деді облыс әкімі.

Облыс басшысы атына өңіріміздің бизнес қауымдастығының өкілдері, ағайынды Мұрат, Марат Сәрсенбаевтардың айтыс ақтаңгеріне автокөлік мінгізу жайлы ұсыныс білдіргенін атап өтіп, кәсіпкер азаматтарға Сыр жұртшылығы атынан алғыс айтты. Мұхтар Ниязовқа ең соңғы үлгідегі «Toyota Camri 70» автокөлігінің кілтін тарту етті.

Сырға жеткен «Алтын домбыра» облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Мәдениет және өнер» залына қойылды.