Жаңа ауыз су нысаны құрылысының сметалық құны 401 млн теңгені құрайды. Облыс әкімі құрылыс жұмысын сапалы орындағаны үшін мердігер компанияға алғысын білдірді.
Содан кейін облыс әкімі Шиелі кентіндегі «Көкшоқы» мөлтек ауданынан тұрғындарға 3 қабатты 18 пәтерлі тұрғын үйді табыстады. Тұрғын үй құрылысына облыстық бюджеттен 176 млн теңге қаржы бөлініп, бас мердігер «СМП-Қызылорда» ЖШС тарапынан құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілген. Құрылыстың жер көлемі 1,76 гектар, ал ғимараттың жалпы ауданы 60 шаршы метрді құрайды.
Баспаналы болғандардың бірі, 8 баланың анасы Марал Дастанова облыс әкіміне тұрғындар атынан алғыс білдірді. Қоныс тойын тойлаған тұрғындарға аудан ардагері Жақай Сақбаев бата беріп, ел игілігі жолындағы елеулі істерге ризашылығын жеткізді.
Әкім сапары барысында жол үстінен соғылған автомобиль көпірі құрылысының ашылу салтанатына қатысты. Шиелі станциясының «Шиелі-20 бекет» учаскесіндегі автомобиль жолы көпірі «Жұмыспен қамту жол картасы» аясында салынған. Жобаға 673 млн теңге қаржы бөлініп, құрылысқа 75 адам, 18 техника жұмылдырылды. Көпірдің ұзындығы 60 метр, ені 11 метр, жолдың жалпы ұзындығы 1,2 шақырым.
Мұнан кейін аймақ басшысы Жаңатұрмыс ауылдық округіне барып, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында іске асқан тұрғын үйлерді газға қосу рәсімін көріп, елдің көптен күткен бастамалы іске сәттілік тіледі.
«Бүгін біз аудандағы тағы бір игілікті істің куәсі болғалы тұрмыз. Өздеріңіз білесіздер, бұған дейін жыл сайын есеп беру кездесуінде ауыл халқының көтеріп жүрген ең басты мәселесі ауылға көгілдір отын тарту болатын. Міне, бүгін сол мақсатқа қол жеткізіп, табиғи газды салтанатты түрде қосқалы тұрмыз. Құны 204 млн теңге болатын бұл жобаға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, Жаңатұрмыс ауылдық округі бойынша 205 тұрғын үй табиғи газбен қамтамасыз етіледі», деді Гүлшара Әбдіқалықова.
Шара барысында арнайы қондырғыдан алау жағылып, Жаңатұрмыс халқының тұрғын үйлері газға қосылды.
Айту керек, биыл аудан орталығы Шиелі кенті 100 пайыз газбен қамтылған. Жақаев елді мекенінде 260, Бидайкөл елді мекенінде 210 жеке тұрғын көгілдір отынға қосылған. Алдағы уақытта Н.Бекежанов, Қодаманов, Ақмая, Алғабас елді мекендерін газдандыру бойынша жұмыстар жалғасады.